Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста соңғы рет 2014 жылы Ресейдің Челябі қаласында өткен әлем чемпионатында оңбай сүрінген едік. Сол кезде дзюдошыларымыз тегіс ұтылды. Одан кейінгі алты жарыста асығымыз алшысынан түсті. Атап айтсақ, 2015 жылы Астанада Елдос Сметов (алтын) пен Рустам Ыбыраев (күміс), 2017 жылы Будапеште Отгонцэцэг Галбадрах (қола), 2018 жылы Бакуде Ерлан Серікжанов (күміс) пен Галбадрах (қола), 2019 жылы Токиода Сметов (қола), 2021 жылы Будапеште Ғұсман Қырғызбаев (күміс) және 2022 жылы Ташкентте Сметов (қола) пен Әбиба Әбужақынова (қола) жеңіс тұғырына көтеріліп, жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Парсы шығанағында өткен әлем чемпионатында еліміздің ең үздік 18 балуаны татамиге шықты. Солардың арасынан 48 кило салмақта өнер көрсеткен Әбиба Әбужақынованың ғана тәуір күресті. Небір мықты қарсыласты жолынан ығыстырған қазақ қызы жартылай финалда жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл межеде оның Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған франциялық Ширин Буклиге әлі жетпеді. Ал қола медаль үшін сайыста Әбиба италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберді. Былтыр Ташкенттегі әлемдік додада дәл осы екі спортшы жеңіс тұғырының үшінші сатысында қатар тұрған еді.
Аталған жарыста Нұрқанат Серікбаев пен Нұрлыхан Шарханның да «шабысы» жаман болған жоқ. 60 кило салмақта күш сынасқан Нұрқанат бастапқы бәсекелердің бірінде Олимпия ойындарының күміс, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері, әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған тайпейлік Ян Юнвэйден айласын асырғанда кеудемізде үміт оты жылт ете қалды. Бірақ келесі айналымда оның жолын Жапонияның жұлдызы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы Наохиса Такато бөгеді. Ал жұбаныш бәсекесінде Серікбаевты грузиялық Георгий Сардалашвили сан соқтырып кетті.
100 кило салмақтағы Нұрлыхан Шархан жарысты өте тамаша бастады. Қандасымыз үшінші айналымда грузиялық Варлам Липартелианиді жолынан ығыстырды. Ал ол кім десеңіз, айтар жауабымыз дайын. Липартелиани – Рио Олимпиадасының финалисі, әлем чемпионатының алты дүркін жүлдегері, командалық әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның сегіз дүркін чемпионы (3 рет жеке, 5 рет командалық есепте) және Еуропа ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. Атағынан ат үркетін апайтөс қазақтың қайсар ұлының алдында шарасыздық танытты. Одан кейін Нұрлыханның жолы даңқы жер жарған Чехияның балуаны Лукаш Крпалекпен қиысты. Олимпиада мен әлемнің екі және Еуропаның үш дүркін чемпионы жерлесімізді оңай жықты. Әбден күші сарқылған Шархан жұбаныш белдесуінде Израильдің мақтанышы, Олимпия ойындарының қола жүлдегері (командалық есепте), Еуропа чемпионы Петер Пальчиктің осал тұсын таба алмады.
Дохадағы әлем чемпионатында біз Елдос Сметов (60 кило), Ғұсман Қырғызбаев (66 кило), Жансай Смағұлов (73 кило), Данияр Шамшаев (73 кило) және Дидар Хамза (90 кило) сынды талай дүрмектерде ысылып, көптеген дүбірлі додаларда дараланған саңлақтарға айрықша үміт артқан едік. Өкінішке қарай, олар сенім үдесінен шыға алмады. Сол секілді Абылайхан Жұбаназар (81 кило), Ғалымжан Қырықбай (+100 кило), Ғалия Тынбаева (48 кило), Толғанай Әбеуова (52 кило), Бақыт Құсақбаева (57 кило), Есмигүл Куюлова (63 кило), Анастасия Маякова (70 кило), Аруна Жангелдина (78 кило), Камила Берліқаш (+78 кило) және Ақерке Рамазанова да (+78 кило) бастапқы кезеңдерде сүрінді.
Ерлер арасындағы жарыстың жалпы командалық есебінде Грузия құрамасы жеке-дара көш бастады. Қап тауының қырандары 2 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалады. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа мына командалар енді: Жапония (1+1+3), Ресей (1+1+0), Франция мен Швейцария (1+0+1), Испания (1+0+0), Өзбекстан (0+1+2), Италия, Бельгия және Чехия (0+1+0).
Әйелдер арасындағы сайыс жапондардың (4+1+2) айқын жеңісімен аяқталды. Одан кейінгі сатыларға Франция (1+3+1), Канада мен Израиль (1+0+1), Өзбекстан, Словения, Германия (0+1+0), Италия (0+0+3) және Нидерланд (0+0+2) құрамалары жайғасты.
Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
(Ерлер)
81 кило: 1. Тато Григалашвили (Грузия), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Таканори Нагасе (Жапония) мен Ли Жонхван (Оңтүстік Корея).
90 кило: 1. Лука Майсурадзе (Грузия), 2. Лаша Бекаури (Грузия), 3. Маркус Нюман (Швеция) мен Санширо Маурао (Жапония).
100 кило: 1. Арман Адамян (Ресей), 2. Лукаш Крпалек (Чехия), 3. Зелим Коцоев (Әзербайжан) пен Петер Пальчик (Израиль).
+100 кило: 1. Тедди Ринер (Франция), 2. Инал Тасоев (Ресей), 3. Әлішер Юсупов (Өзбекстан) пен Рафаэл Силва (Бразилия).
(Әйелдер)
63 кило: 1. Кларисс Агбеньену (Франция), 2. Андрея Лешки (Словения), 3. Софи Озбас (Мажарстан) пен Джоанн ван Лисхаут (Нидерланд).
70 кило: 1. Саки Низое (Жапония), 2. Джованна Скоччимарро (Германия), 3. Михаэла Поллерес (Австрия) пен Барбара Матич (Хорватия).
78 кило: 1. Инбар Ланир (Израиль), 2. Одри Чёмео (Франция), 3. Гюше Стенхёйс (Нидерланд) пен Элис Белланди (Италия).
+78 кило: 1. Акира Сонэ (Жапония), 2. Джулия Толофуа (Франция), 3. Беатриз Соуза (Бразилия) мен Раз Гершко (Израиль).