Әдебиет • 14 Мамыр, 2023

Асқар Сүлейменов: Абыздар мен аңыздар

945 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Асқар Сүлейменов: Абыздар мен аңыздар

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қыш тақта, тростник қалам, пиктограмма жазу үлгісі

Әлқисса, қыш тақталардың бірінде, Жерді көтеріп тұрған үш жаһанбалық тура­­лы таң-тамаша деректер бар еді. Көне ғасырларда қаріп пен әріп арасын ашқан клавиатуралы компьютер пайда болғанда қатар-қатар, қабат-қабат қаланып жатқан қыш тақталар мета-мәтін аталар еді.

Постмодернизм ілімінде шығарманы мәтін сөзімен алмастырады, себебі шығарма форма тұрғысынан шектеулі, ал мәтінде шекара жоқ (интертекст, гипер­текст), туындыны жанр, тақырып, жазу мәнері тәрізді талаптар шектеп тұрады, постмодернисттік теорияда мәтін  шексіз.

Қыш тақта деп шартты түрде бас­па­­­хана картон-қағазын айттық. Бір Сүлейменов «Қыш кітабын» жазып еді, екінші бір Сүлейменов қыш тақталар тақырыбына қалам тартты.

Асқар дыбысты мәтіннен жоғары қойғанда композитор болар ма еді, кім біледі, ол жазушылықты таңдап алды. Сөз маржанын терді, әуенін естіді, сазын білді. Музыкадан еркіндік тапты. Жылқыдан желмен жарысқан жүйрікті көрді. Сөзден жұмбақтап үйренді, сөйлеуден шешуді.

Асқар Сүлейменов өз тілегінің ғана құрбаны, уәжіне емес, қалауына жығылады, уәдеге берік, келісімге тиянақты.

 

«Ақ кемпір», «Қара шал», «Бесатар»

«Қара шалдағы» қара шалдырып өтетін көптің бірі емес, қаһарман кейіпкердің өзі, айтқанына сенімді, берік, алайда құрбандыққа қияр малы жоқ, ынсаптан жылқы салтанаты қымбат.

«Ақ кемпірдегі» аза – жақсы күнін жоқтау.

Жазғанынан оқығаны көп, тыңдағаны алапат еді. Естуде зейін жоқ, ол тыңдады, тыңдатты, тыңдата білді. Асқардың бір мінезі құдайсыз қоғамның кітапсыз қоғамға айналып келе жатқанынан еді. Құдайсыздарға қарсы бел шешіп күресті, қаламгер енді бүгін кітапсыздармен айқасқа түсті. Елден безген жұрт адасатын болды. Безгендер қашқандарға қосылды. «Құдай қаза болғанда», кітап әлі өлген жоқ еді. Ницше «өлді деп жар салды». Дүние өзгеріп шыға келді. Кітап «тылсым тәрізді ешкімге керек болмай қалды».

«Бесатар» кім үшін жазылды, анық емес. Сіз жіті қараңыз, сергек оқыңыз. Сөзінен жаңылып қаласыз. Ойынан адасып кетесіз. Асқарды оқу қиын, тану, тіпті күрделі. Еңбек. Күрес. Тартыс, ой тартысы. Көзқарастар теке-тіресі.

Пышақтың жүзіндей кітабында теңіздің түбіндей тереңдік бар. Терең нәрсе көзге түсе қоймайды. Ол қысқа жазады, біз ұзақ оқимыз. Түсінік тереңде, түсініктеме көп. Біз төбеден төмен қарағанда жалғыздық тұңғиықтан жоғары үңіледі. Әңгімелері қызық. Үш мұң. «Ақ кемпір» мен «Қара шал» – классикалық үлгіде жазылған шығармалар. «Адасқақ» – тосын. Әрі шақ. Дәлдік көңілді жадыратады. Тура өз басыңыздан өтіп жатқандай. Тақырыбы – жалғыздық, әрекеті – қарсылық.

Асқардың күші ойында, ойы үзіл­мей­ді, сөзін тауысамыз, бірақ сана ағыны бір сәт тоқтамайды.

«Бесатарда» сана ағыны емес, ішкі монолог бар. Талдап көрейік. Сана ағыны – ахуал, жай-күй, демек, психологиялық қалып. Сана ағыны – адамның табиғи халі.

Ішкі монолог – кейіпкердің образын ашатын әдеби әдіс-тәсіл. Асқардың шығармаларында экзистенциалистік, тіпті метафизикалық мұң бар. Ғашықтық емес, ғарыштық, жалғыздық мұңы. Қорғансыздың күні – осы адамның әлемдегі (ғарыштағы) жағдайы. Тіпті халықтық мұң, демек, әлеуметтік.

Үш мұң: метафизикалық (өзгер­мей­тін), онтологиялық (өре жетпейтін) және әлеуметтік мұң (өзгеруге, жақ­са­руға бас­тайтын мұң).

«Бесатардың» ерекшелігі – кеңес өкіметі тұсында қылышынан қан тамған қызыл идеология дәуірінде отаршылдық саясаттың кенет өзін-өзі әшкерелеп әдеби тақырыптан көрініс беруі.

Әуелі ол тілді екіге бөлді: акус­ти­ка­лық образ бен сөз-түсінік. Акус­ти­калық образ сөздің дыбысталуы еді. Сөз-түсінікте орнықты. Тұтас оқылды – аспан, небо, sky. Жұрт кез келген әріпті жеке-дара оқыған жоқ, сөз әңгіме барысында тұтас айтылды. Зат атауын атаған дауыстың әріп дыбысы, көлемі, ерекшелігі, дыбысты образ реті құрылды. Бұл дыбыс белгілі бір түсінік ретінде белгіленді. Сөйлем құрғанда әріптер реті қалыптасты. Ол әлемге жаңалық келгенін түсінді. Басы-қасында, қатар жүргісі келді. Содан «Бесатар» пайда болды, әсіресе, «Адасқақтың» жөні бөлек.

 

Стиль, форма, дискурс

Ол тіл туралы түсінікті өзгертті. Ертеде тіл қарым-қатынас құралы еді. Соссюр өзгеріс әкелді. ХIХ ғасырда Фердинанд де Соссюр бір жаңалық ашты: ол көрінбейтіндігімен стиль. Былайша айтқанда, стиль – кемел мәтін, асқақ тіл, алайда пафос емес. Стильдің ақпары дерексіз, мәтіні жасырын. Біз кең мағынасындағы түсінік туралы әңгіме қозғап отырмыз.

Белгілер (таңбалар) тәртіпке бағынса ғана тіл. Демек, белгілер жүйеленсе, тілге айналады. Жүйе дегеніміз – тәртіп. Белгіге «бәрі» жатады: бас әріп, үтір, нүкте – тыныс белгілері, кегель өлшемі, сөздің сөйлемде тәртіп бойынша орын ауысып орналасып тұруы, қаріптердің ұлттық үлгілері. Тәртіпті енгізген ережелер дискурсты қалыптастырады. Дискурс қашанда тарихи. Әдетте дискурс симу­ля­кр­­­­ды пайдаланады. Біз тілдің бір-ақ түрін білеміз, басқа формасы туралы түсінігіміз жоқ.

Ол жаңа тіл іздеді. Бейнелеудің жаңа­ тілі. Жаңа мән-мағыналар қалып­тас­ты­ру­ға ұмтылды.

Асқар Сүлейменов жаңа дәуірді аңса­ды. Дайын үлгілерден бас тартты. «Идеальный текст». Стильде ақпар көп, түсініктеме (көзқарас: 1. белгі – симулякр, 2. белгі – еркін.) байытады, жаңа маз­мұн, жаңа мағына ұсынады.

Уақиғаны тарихқа айналдырады, адамды халыққа, жағдайды заманға, кезеңді дәуірге. Кез келген мәнді жүктей алады, белгі көбейсе де, тіл азайған жоқ.

Ролан Барт авторлық интервенцияға қарсы, интерпретация – оқиғаның өзі емес, жазушының көзқарасы. Стиль авторды тізгіндейді. Мәтінде мейлінше аз көрінсе, туынды соншама бейтарап, таза. Қоспасы көп шығарма лайлы, тұнық нәрсе ғана   мөлдір. Белгілердің бар жиынтығы тілдің құрамына енеді, стиль өседі, ұлғаяды, талап күшейеді, кейіпкер тілдің тасасында қалды кейіпкерсіз де роман пайда болды. Асқар дәстүрлі образдан бас тартты («Адасқақ»), таптаурын тәсілден қашты.

 

Вертикаль, горизонталь, подтекст

Асқардың сөзі бірқалыпты жүріп жатады. Баяу. Тіпті бір орында тапжылмай тұрғандай көрінеді. Көлденең тізген сөз, сөйлем уақыт өткен сайын тұңғиыққа түседі. Тереңдейді. Сөз уақиғаны сүйреп, бір сәт оқу қиындайды. Мәтінді қадағалап отырсаңыз ой шығады. Контекст – вертикаль – тарих, тәжірибе, мұра. Текст – гори­зонталь. Қазіргі ситуация. Асқардың вертикальды прозасы осы. Ұлттық ерекшеліктерге емес, универсумға бағын­ған лингвистикалық проза.

Көлденең тізіп оқуды қойып, ті­гі­нен оқисыз. Мағына «подтексте». Бөлек мәтін астында іргетас. Белгілі бір тіл филологиясы емес, жалпы тіл атаулының табиғатына арқа сүйейді. Этникалық тіл ерекшеліктері кейін шегініп, тілдің нәсілдік тұрғыдан қарағандағы қасиеттері алға шығады. Лингвистикалық прозаның кеңістігі кең, көне дәуірді кіргізеді, күллі тарихты, тәжірибені пайдаланады. Көне лексикалық құрамның қолданысы оңай, түрі қиыны әрбір әрпінің тарихы.

Тарихи әріпте білім телегей теңіз. Вертикаль тезаурус тек тарихты білдіреді. Әр сөз бен түсінікті, «кешегі білім» бар. Бір-біріне қабаттасқан сөздің мәніне кірігіп тұр. Сондықтан сөз – алғашқы симулякр, жиып-терген білім-танымы бүгінгі сөздің мәнін құрап отыр.

 

ХХ ғасыр: ағымдар мен Асқар Сүлейменов

ҒТР-дан модерн туды. Ғылым, өнер, капитал зауыт, фабрикаларға ағылды. Адам ақыл-ойына бек сенім білдірген ірі өндіріс ошақтары буржуазиялық қоғамды жаңа табыстарға бастады. Модернизмнің рационалистік сипаты айқындала бастады. Барлық салада, күллі бағытта ақыл-ойдың салтанаты асты, қадірі артты. Жұмбақ шешілетіндей, құпия ашылатындай, шамамыз келетіндей күйде болдық...

Мәдениеттің мәні трансформацияға ұшырады, де Соссюрдің лингвистикалық теориясы дүниеге келді, тілдің семио­ти­калық тегі айқындалды, пәнаралық шекаралар жойылды. Қоғам байыды (Батыс және АҚШ елдері), экономикалық шарт орындалды, әлеуметтік негіздер пайда болды, еларалық байланыс күшейді. Бірақ ақпараттық технология ең үлкен белгісіне айналды. Постмодерн заманында хат-хабар алысу үлкен мәнге ие болды. Бір-біріне іркес-тіркес келген қос ұғым әдеби формаға қатты әсер етті. Уақыт шығыны азайды. Бүкіл баспа ісі бір компьютер төңірегінде шоғырланды. Салдары тегеурінді еді.

Модерн эстетикалық тұрғыдан постмодернге қарағанда көрнекі, озық еді. Ол өз амалдарын қалыптады: қысқа сөйлем форманың ықшамдығына әкелді. Әлемді бейнелеу оңай еді, дүние анық болатын. Ал постмодерн көпақиқатты қоғамды орнатты.

Кезінде көне Шығыста, Үндістанда, қиыр жақта, алыс елде жарық көрген шығармалар араб-мұсылман өркениетіне парсы тілінде жетіп жатты. Парсы тілі Ислам әлеміне салынған көпір тәрізді болатын. Енді бүгін жаңалықтар Батыстан Шығысқа жөнелтіліп жатыр. Фердинанд де Соссюр ашқан жаңалықтың әлемге деген әсері аса зор болды. Күллі белгі тілдің компонентіне айналды. Сөздің өзі түбірге, буынға дейін бөлшектенді. Жак Деррида: мәтіннен тыс ештеңе жоқ деп мәлімдеді.

Белгі түпнұсқасынан айырылған мәндерді тасымалдайды. Белгінің өз мәні жоқ, алайда бойына қондырған мән қызметін атқарып тұра береді. Мән қалай қонады? Оны «Мән логикасы» атты еңбегінде Жил Делез әдемі кейіптейді. Мәнді белгілі бір затқа атау қылып байлағанда не бекіткенде белгі мәнге сілтеме жасап тұрады, бұл – қасиет, ал атрибут – бұл жаңа өзгерісті хабарлау, мысалы, аяғын сылтып басатын адамды ақсақ деп атайды. Мағына қасиетін аңғартады.

Мән өмірде жоқ, ойда бар: «несущест­вующая сущность». Мысалы, ар-ұят, адалдық, сағыныш.

Тілдің тыныс белгілері, әріптердің әдемі түрі көбейе түсті. Асқар прозасында үтір мен нүктенің өзі хабаршы. Тіл стильге айналды, әдеби кеңістік өзгерістер алаңы тұрғысында танылды. Мұқабаның әсемдігі де, безендірілуі де тіл болды. Мәтін тілді еркіндікке жіберді. Антуан Сент-Экзюпери «Кішкентай ханзада» атты шығармасын суретпен толықтырып отырады. Жаңа ақпарат қосады. Стиль информацияны кеңейте түседі дегеніміз осы.

 

Өмір және өмір сүру философиясы

Ницше өмір философиясының негізін қалады. Экзистенциализм дегеніміз – өмір сүру философиясы. Феноменология әдет­тегі түсінікті жайттарға күмән білдіреді, анықтамасын өзіңіз қалыптастыруыңыз керек. Мәселе мынада: феноменді таза қалпында тануға талпыныс керек.

Енді Жак Деррида дүниеге әкелген деконструкция туралы әңгіме қозғайық.

Әлем қос түсініктен (бинарлы) тұра­ды:­ көк/жер, алыс/жақын, жақсы/жаман,­ үлкен/кіші. Бір жұп ішінде екі сөз бір-біріне қарсы, оппозицияда. Кезінде қалыптасқан конструкция. Деррида оны деконструкциялайды. Жұптың бірінші емес, екінші сыңарына назар аударуға шақырады. Сонда дүние өзгеріп сала береді. Біріншінің үстемдігі жойылады.

Әр жазушының әр шығармасы өзінше бір жанр. Жанр қалыптасқан форма: көлемі, ұзақтығы, уақиғалар қалыңдығы және фабула басы, аяғы ескеріледі. Кейде әңгіме повестен ұзын болды, кейде повесть әңгімеден қысқа туады. Жанрды тақырып таңдайды.

Асқар Сүлейменов жанрды бұзды. Мысалы, «Адасқақтың» жанры жоқ, формасы бар. Ол жаңа жанр енгізді. Асқардың шыңы – «Адасқақ». Жанр стиль тұрғысынан да. Стиль – Асекеңнің өмір сүру формасы: өзінен қаламына дейін, қаламынан қиялына дейін.

Асқар – жанрдың өзі. Ол – «зако­но­­да­­тель моды». Өнердің сәнін келті­ре­тін, нәшін қалыптастыратын жазушы.­ «Бесатардың» сюжеттік желісі, әлеу­мет­тік­ маңызы, идеялық мұраты жайлы көп жа­зылды.

Біз форманы ғана күн тәртібіне қой­дық. Форма – өнердің өзі. Мазмұн форма­сыз өмір сүре алмайды.

«Адасқақта» еркіндік бар.

Бап. Асқарлы биік. Күміске малып, сыздықтата жазған алтын қаламынан інжу-маржан төгіледі.

Вертикаль мағына, горизонталь фор­ма.­­ Аспан шексіз, жер бетінде де тұйық жол­ жоқ. Сөз ұстаған шешен қалам ұста­ған­ жазушыға айналғанда ауызекі тіл­ден мә­тін озады. Фонетика грамматикадан жоғары еді, төмен түседі.

Стильдің ту сыртында талғам жатыр.

Әсем сөзге деген сүйіспеншілігі жоқта жақсы мәтін бола ма, тіпті шығар­машылық дегеніміздің өзі эстетикалық көзқарас. Әсемпаз адам тіл үйірген шәрбат шырынды әдемі шыныдан ішкісі келеді. Әдетте түзу жолды қисық доңғалақ қор етеді.

Асқарда сөз таза, сөйлем ақ. Оқтай сөзі іс-әрекетке жараса кетеді. Мәтін, диалог – сөз, қимыл-қозғалыс – қатар, қалмай жүріп жатады.

Осынша қиындықтың не қажеті бар? Қажеті бар екен.

Асқар Сүлейменов жазушыларға жазушы. Тың тақырып, жаңа стиль, соны әлем. Мінез кейіпкердің ойынан көрінеді. Ойының өзі қозғалыста. Жер іздейді, ел іздейді, өзін іздейді.

Метафизикалық күй экзенциалистік тұйыққа тіреледі.

Құдай неге зарлатады? Қазақтың көр­ме­гені жоқ, көретіні әлі көп. Асқар жауапты­ әріптерінен сұрайды, қаламдастарынан күтеді, бірақ қазақ, қала берді, адамзат­ мұратына жетеріне сенімі жоқ. Гәп осында. Гәп деп отырғанымыз абсурд. Абсурдты шешемін дегендер абсурдты­ көбейтеді, келіскендер жоғалтады. Шешімін таппақ емес, себебі Құдай адам баласын жаратқалы адам баласы бақытты болып көрді ме, ешкім білмейді.

Сенімді суытсақ, күшейеді, үміт үзсек, әлсірейді. Әлемді абсурд күйінде қал­дыр­ған жөн тәрізді, қалай қабылдасаңыз да мәнісі жоқ, мағынасы ақиқаттың маң­дайына жазылған жазу сияқты. Біз ақиқатын бөліп-бөліп әкеткен шексіз мәтіннің бір-бір үзіктеріміз. Жыртылған парақтар. Қайта жалғау мүмкін емес, бірақ мәтінде не жазылғаны есінде.

 

Жарық, түнек, сәуле

Орта ғасыр өтіп, қара түнек сейілгенде қашықтан бір жарық сәуле көрінді. Бұл  философия сәулесі еді. Қайта Өрлеу, Жаңа заман іргетасын қаласқан ұлы тұлғалар соңынан ХVII, ХVIII ғасырларда жаңа данышпандар сахна төріне шықты. Босағада, есікті ашып, ХIХ ғасыр табалдырықтан аттағалы тұр еді. Жалпы, Орта ғаcыр түнек әлемі-тұғын. Қараңғылық дүние жүзі дамуын тежеді. Философияның міндеті өзгерді: ол абсолюттің бар екендігіне дәлел іздеді.

ХIХ ғасыр – біздің ғасыр. Біз ХIХ ғасырға ұқсаспыз. ХХ ғасыр ХХI ғасыр­дың мазмұнына айналды. Сана ағыны, абсурд,­ ықшамдық (laconic) он тоғызыншы жүзжылдықта қалыптасқан, жиырма­сыншы жүзжылдықта қанат жайған­ әдіс-амалдар.

Асекеңдер қолданған стиль, туған атмосфера – Стендаль, Флобер, Бунин­дерден бері келе жатқан талап-тілектер. Бірақ ХIХ ғасырдың өзі ХVIII ғасырдан, ХVII, ХVIII ғасырдан Шекспир (Гамлет) мен Сервантес (Дон Кихот) шыққан.

Екеуіне дейін әдебиеттің дамуын жанр айқындады, енді көркем әдіс-тәсілдер белгіледі.

Жанр шығарманың мәтіндік көрі­нісі: не ұзақтығын (роман, повесть, әңгіме, новелла, тәмсіл) білдіреді, не қай түрге (поэзия, проза, драматургия) жататынын көрсетеді. Жанрлық дәстүр жиі бұзылады, жанрлар жаппай деформацияға ұшырап жатыр. Полижанрлық үстемдік, лексикалық қабат тілдік көп өзгеріс әкелді. Бүгінде мыңдаған шақырымдардан тіл қатады. Тіл көбейді, тіпті сөйлемнің өзінен бірнеше тіл табамыз: грамматикалық, орфографиялық, синаксистік, стилис­тикалық.

Асқар Сүлейменов ХХ ғасырдың күллі ағымдарын білді, көбісімен кітап арқылы оқып-танысты. Меніңше, ол мәтінді емес, мәтіннен тыс жатқан мәтінді оқыды, сөзді тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында түсінді. Жазғаны да анық пен тылсым арасында, сөзді оқып, сөздің сыртындағы ойды ұмытып кетпеңіз, қалың оқырман қауым.

Біз бірге адасамыз. Неткен асқақ адасқақ адамдар Біржан салдан бастап Асқарға дейін. Асқардан соң жас ұрпақ келіп жеткенше. Біз бірге адасамыз.

 

Имхотеп, Сүлейменов,
XXX ғасыр

Имхотеп пен Асқар Сүлейменов арасы ХХХ ғасыр. Имхотеп бірінші жазушы, Асқар Сүлейменов – мүмкін соңғы қаламгерлердің бірі. Имхотеп заманында жазу енді басталды, Асқар дәуірінде біртіндеп аяқталып келе жатыр.

Стиль айырмашылығы қандай! Имхотеп қарабайыр қалам тартса, Асқар білетінін жазбайды, білмейтінін жазады.

Білетіні көп болса да танықты, белгісіздікті іздейді. Білгенін жазу – таным емес, қайталау ғана.

Әр адам адамзат тарихын қайталайды. Білімнің ілімнен айырмасы да осында: білім өзгеріп тұрады, дамиды, ілім тұрақты постулат, қағидалары берік. Асқардың масштабы бөлек, ойы – тосын, себебі өлшемге сыймайды. Асқар өлшемнен тыс, еркін, ада. Асқардың қиындығы да сол, сіз оны оқуға емес, түсінуге аттанасыз. Асқардан әлемді не әлемнен Асқарды іздейсіз. Асқар Сүлейменов дегеніміз – еркін ойдың символы. Таңдауы бостан, қалауы азат. Оның шығармалары – ізденіс, таным, метод. Метод – ақиқатты іздеудің тиімді жолы.

 

Эпилог

Неге ақиқат, өтірік – зат есім? Шын, жалған – сын есім?

Себебі ақиқат – заттың өзі, шын – сипаты. Сондықтан шынға -дықты қосып, Зат есім жасаймыз – шындықты, жалғанға -дықты қосып, жалғандық жасаймыз, бірақ қазақ жалғандық деп сөйлемейді, сол себепті жалғандықтың орнына көбіне өтірік сөзін қолданамыз. Бір қызығы, қазақта зат есім мен сын есім орын ауыс­тырып тұрады, кешегі шындығың бүгін жалған, бүгінгі жалғаның ертең шындыққа айналады, ақиқатын табу мүмкін емес, адам орны мен жылдамдығын айыра алмайтын квант бөлшектер тәрізді, бәрі бұлыңғыр.

Маған модерн шығармалардың ұнайтыны – анық әрі ықшам жазылатыны. Постмодернде шарт көп, алайда технология тудырған ақпараттық қоғам институттарының сан алуандығын бақылаған пост-структурализм құбыл­малы (үрейлі) заман келе жатқанын ескертіп еді, бір ақиқат жоқ.

Асқар бейбіт күн, тыныш заманда беймаза өмір сүрді, катастрофа алдында тұрғандай, ішінде жүргендей... Уайым жеді, қайғы-шерге батты. Ол қападар еді. Стильдің азап-мехнаты соңынан көрген қуанышына тати ма? Шебердің жеткен биігі стильдің сұлулығына сай ма? Әлде зая кеткен дүние ме, есіл уақыт па?

Кемел білім иесі, кемеңгер тұлға Асқар Сүлейменовтің мазасыз жаны жазғытұрым мезгіл тау бөктері гүлге оранғанда, Алатаудың биік шыңдарынан мәңгілік сая тапты.

 

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы