Үкімет • 16 Мамыр, 2023

Кезек күттірмейтін мәселе

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері талқыланды.

Кезек күттірмейтін мәселе

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Президент тапсырмасы бо­йынша әзірленген «Тарифті инвестиция­ға айырбастау» бағдар­л­а­ма­сын енгізу арқылы республика бойын­ша электр, жылу, сумен жаб­дықтау және су тарту желілерінің тозуын орта есеппен 20%-ға төмен­дету жос­пар­­ланып отырғанын баяндады. Бұл аза­мат­­тар­ға көрсетілетін қызметтердің сапа­сын жақсартуға және апат­тық жағ­дай­­лар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Ол үшін 145 мың шақырым­нан астам инженерлік желілерді жөндеу қажет. Осыған байланыс­ты биыл өңірлердегі әлеуметтік-эконо­микалық жағдайды ескере отырып, ТКШ қызметтері тариф­терін кезең-кезеңмен өзгерту көзделіп отыр. Нәтижесінде, осы жыл­дың өзінде 5 мың шақырым­нан астам инженерлік желілерді жөндеу және ТКШ саласы қыз­мет­керлерінің жалақысын арттыру жоспарлануда.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған аза­маттардың коммуналдық қыз­меттерге шығындарын азайту үшін оларды мемлекет тарапы­нан көрсетілетін тұрғын үй кө­мегі аясында ішінара өтеу көз­дел­ген. Өткен жылдың соңында өте­м­ақы мөлшері мен оны алуға үміткерлердің қатарын ұл­ғай­туды көздейтін өзгерістер енгізіл­ді. 2023 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 17 мың отбасыға 372 млн теңгеден астам тұрғын үй көмегі көрсетілді.

Энергетика министрі Алмаса­дам Сәтқалиев Дүниежүзілік банк және KPMG халықара­лық компания­сы­­мен бір­лесіп, республиканың 56 жылу электр стан­сасына техникалық аудит жүр­гізілгенін баяндады. Оның қо­­­­ры­­­­тындысы бойынша стан­салар­­дың техникалық жай-күйі мен негіз­гі тех­никалық-эконо­микалық көрсет­кіштер рейтингі жасалды. Осы айдың соңына қарай күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қамтитын кешенді есеп дайын болмақ.

Өңірлерде жүріп жатқан ТКШ инфрақұрылымын жөн­деу жұмыстары туралы Қоста­най облысының әкімі Құмар Ақса­қалов, Қарағанды облы­сының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.

Премьер-министр Мемлекет басшысы саладағы күрделі проб­лемаларды ескере отырып, елдің тіршілік көзіне қажетті барлық жүйені жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» бағ­дарламасын іске асыруды тапсыр­ғанын айтып өтті.

«Ол үшін біз заңнамалық түзе­тулерді, нормативтік-құқық­тық актілерді қабылдадық. Бұған дейін табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтерін түзете алмай келген едік. Енді оған мүмкіндік туып отыр»,  деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы комму­нал­дық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту үдерісін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатқанын атап өтті.

«Бұл үдерісті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен стансаларды күрделі жөн­деу жұмыстарын жедел бас­тау ма­ңызды. Бұл – кезек күттір­мейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте бас­талатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы қа­лыптас­қан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыров­қа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жария­лады.

«Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр инфра­құры­лым­ды жаңғырту мақ­сатында коммуналдық кәсіп­орындардың тарифті түзету бойынша берген өтінімдерін жедел енгізуді, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін маусым айының соңына дейін жылу желілеріне техни­калық тексеру жүргізуді аяқтауды, сондай-ақ 2024 жылға жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жыл соңына дейін әзірлеуді тапсырды.