Әдебиет • 17 Мамыр, 2023

Постмодернистер майданы

974 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдар шамасында басталған постмодернистер дүрмегі әдебиетімізде қандай айтыс-тартыстар тудырғанын әлі ұмыта қойғамыз жоқ. Бүгінгі күні ондай қозғалыс болмағандай жым-жырт қоя салғанымыз басқаны қойып, әдебиет тарихы үшін де обал. Қайткенмен де олар ақын-жазушылардың ортасында ғана емес, қалың оқырман арасында да талқыға түскенін көзіміз көрді емес пе. Оларға әртүрлі саяси ұстанымда болғанымен, өздерін жаңа көзқарастағы адамдар санайтын жекелеген тұлғалар да қызығушылық танытқанын іштей біліп те жүрдік. Соцреализм тұсында қалыптасқан, бірақ ұлттық болмысын жоғалтпаған дәстүрлі әдебиеттің күні біткендей өрекпігеніміз де есімізде. Олар дәстүрлі әдебиетіміздің Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов, Сайын Мұратбеков сынды талантты өкілдерін қалқан етіп ұстады.

Постмодернистер майданы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Зейнолла Серікқалиев, Әуез­хан Қодар, Әлия Бөпежанова, Таласбек Әсемқұлов секілді қол­дау­шыларына арқа сүйеді. «Ен­дігі әдебиетті біз жасаймыз» деген екпіндері де бет қаратпай тұрды. Егер Дулат Исабеков пен Роза Мұқанова болмағанда, ұлт­­тық болмыстағы бүкіл ақын-жазу­­шыларды солардың аяғына жығып берушілер табылмай қал­мас та еді. Бірақ осының бәрі Дидар Амантай деген бір ғана жазу­шының атына телінгендіктен аяғы жеке адамның мүддесіне ұласып кеткендей көрінді де, қа­зақ әдебиетіндегі алғашқы пост­модернистік қозғалыс жеңі­ліске ұшырады. Осыған байла­нысты Дидар Амантайдан «Кім жең­ді?» деп сұраған едік. Жас­тық өрті басылған жазушы: «Әде­биет жеңді» деп екіұшты жа­уап берді. Шынында да осы аз уақыт әдебиетімізге біраз жаңа­лық әкеліпті. Біраз жаңа­шыл шығармалар жарық көріп те үлге­ріпті. Соның ішінде Асыл­бек Ықсанның «Құмырсқа», «Шәуіш­ке шағылысқан күн сәулесі» атты хикаяттары мен әңгімелер топтамасы бар. Бұлайша бөле-жарып айтып отырған себебіміз, постмодернизм элементтері осы туындылардан да айқын көрініс тапқан. Алайда мерзімді басылымдарда басылғанымен, әлі күнге дейін кітап болып шыққан жоқ. Оның «Автобус» атты әңгімесіндегі «Үр­пi­лерi қызарған емшектерi жер сызған көк қаншық шер­мең-шермең етедi» дегендей тосын жазу машығы неге назары­мызды аудармағаны да түсініксіз. Ең қызығы, әлгі қаншық иттің автобустағы тәмам жұрттың көз алдында кондуктор әйелдің аузына кіріп-шығып жүргені болып тұр. Жазушының «Аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты» деген дәстүрлі сөз тіркесін дамыт­қаны ма, әлде кекеткені ме, өзі біледі. Себебі «Мұхит кондуктор әйелдiң аузына қалақ бас, сыптығырдай ақ ит кiрiп, сабалақ жүндi көк ит шыққанын көрдi» деп әсірелеп те жіберіп отыр. Шындығында халықтың бай тілі қалыптасқан сөз тіркестерін толықтыруға аса мұқтаж емес. Десе де постмодернизм де, сюрреализм де адамның ішін ғана қазбайды, оның сөз байлығына да қол салады. Бірақ айтайын дегеніміз ол емес.

Дәстүрлі әдебиетімізде жаңа бағыттағы шығармалар анда-санда адасқан қаздай қаңқ ете қалатын. Өткен жылы жас жазушылар­дың «Дауыс» атты ортақ кітабы шығып, постмодернизмді қайта жарқ еткізді. Сол кезде «Қазақ әдебиетінде постмодернизм қай­дан басталып еді?» деп іздеу сал­­дық. Бітік өскен шашы бурыл тарт­қан жазушымызды өнер ака­де­миясында лекция оқып тұрған жерінен таптық. Ал оның жалғыз қолдаушысы Дидар Амантай бо­йын құрсаған сыр­қатына қара­мастан, бізбен бірге оты­рып сұх­баттасуға келісім берді.

– Асылбек, кітабыңыз осы уақыт­қа дейін неге шықпаған? Не кедергі болды?

– Енді ол өзіме де байланысты шығар. Кеңес өкіметінің кезінде жаңа шыққан кітаптарды қуып жүріп, тауып оқыдық қой. Мен де сондай үміттің жетегінде жүріп қалған сияқтымын. Мерзімді ба­сы­лымдарда жарияланды, содан оқып алар деп ойласам керек. Шынымен мықты жазушы болсам, іздеусіз қалмайтыныма сенімді болған да шығармын.

– Жұрт жабыла мақтап кет­кен жоқ деңіз. Бірақ әдебие­ті­міздің жаңа бағыттағы өкіл­­дері жоғары бағалап жат­­ты. Мы­салы, Зей­нол­ла Серік­қалиев пен Әлия Бөпе­жа­нова өзде­рі­нің мақалалары мен сұхбат­та­рын­да сізді құбы­лыс деп ата­ға­нын білеміз. Ты­ным­бай Нұр­ма­­ғамбетов, Талас­бек Әсем­құ­лов, Дидар Аман­тай, қыс­қасы, айта берсек, қол­дау­­шы­лары­ңыз көп болды. Соған қа­ра­мас­тан кітап шығар­ма­ға­­­­ныңыз таң­дандырмай қой­май­ды.

– Мен негізі театрдың ада­мымын. Оқыған оқуым театр­дың оқуы болды, оның ішінде актерлікті оқыдым, кейін ре­жис­серліктің де тамырын басып көр­дім. Театрды көп зерттедім, театрдың теориясымен айналыс­тым. Қандай қойылымға қатыс­сақ та, мәтіннің ішіне кеулеп кіре­міз. Сол маған үлкен мектеп бол­ды. Театрдың, режиссураның жазушы үшін бір пайдасы, сахнада­ғы қойылым ең бірінші әрекетке құрылады ғой. Режиссер сахнада символдармен сөйлейді. Көп сөзділіктен қашып, нақты ойды айту үшін әрекетке барады. Осы ерекшелік менің жазуыма көп көмектесті.

– Осы жағынан бір сұрақ қойғым келіп отыр. Мен жаңа қазақ әдебиетіндегі постмодернистер туралы бекер айтқан жоқпын. Әдебиетте де бүлік болып тұрмаса, қан жаңармайды, өлі суға айналады. Ол кезде постмодернистердің туын кө­теріп жүрмесеңіз де, олар өздері іздеген мысалды сіздің шы­ғар­маларыңыздан тапты. Сіз­діңше, прозадағы бағыт-бағ­дарыңыз қан­дай сонда?

– Дәстүрлі әдебиетті бала күні­мізден оқып өстік. Онда да талдап, екшеп оқу деген жоқ. Ауылдағы кітапханада қандай кітаптар бар, бәрін талғамай оқи беретінбіз. Бір жылы елу жеті кітап оқыппын. Ол да жақсы шығар, иентернет жоқ, неше түрлі телеарна жоқ. Бірақ оқымайтын адам, бәрібір оқымайды екен.

– Біреу маған Жаппар аға­мыз­дың кітабы қолыма түсіп, соны оқып жүріп ақын боп кет­тім деп еді. Ол кісі әдебиет та­рихында атала бермейді. Бі­рақ ауыл бала­сының қолына түс­кені сол болған шығар.

– Менде де сондай болды. Бала кезде оқыған нәрселер, есейгенде санаңда өзі қалқып шығады екен. Қазақтың кейбір сөздері, кейбір сюжеттер, оның өзінің идеясы, бәрі ой-санаңда қайта туғандай болады. Оған жас күніңде онша-мұнша мән бермеуің де мүмкін. Сондай күндердің бірінде Дидар Амантайдың прозалық шығар­маларына тап келдім. «Апыр-ай, осылай жазуға да болады екен ғой» деген ой түсті. Бәлкім, Дидар­ды таптым деп, өзімді тап­қан болармын. Ала салып, дәс­түрлі әдебиетпен салыстырдым. Осы ретте маған шындап әсер ет­кен поляк драматургі Тадеуш Ружевичтің «Картотека» атты пьесасы болатын. Оның енді сюжеті бөлек, ішінде абсурд та бар, сюрреализм де бар, бәрі бар. Содан кейін менде бір ой туды. Осымен салыстырып, қазақтың көркемдік дүниетанымын зерттей бастадым. Асыра мақтау емес, бірақ қазақ­тың да көркемдік дүниетанымын­да небір қайталанбас ұлы дүние­лер жатыр. Біздің постмодер­низм, сюрреализм деп жүргеніміз­дің бәрін ата-бабаларымыз бір-екі сөзбен айтып кеткен. Со­дан зерттеп қарасам, қазақтың көр­кем­дік санасында театрға қа­жет­ті элементтердің бәрі бар екен. Бел­гілі театр теоретигі Марк Яков­левич Поляков: «Сахна пер­десі ашылғанда, көрермен­ге қарай ақпараттар ағыны лап қояды. Театр – бұл ақпараттық машина» дейді. Ал актердің өзі – ақпарат­тың көзі, ақпарат тасушы. Қазақ­та осы ақпарат алмасудың ғажап үлгілері бар болып шықты. Яғни, ұлттық бағыттағы театр құрудың алғышарттары жетіп артылады. Соның бірі знак, яғни белгі элементі, ол таңба деген ұғымнан кеңірек. Алайда ондай театр ашу үшін, педагогикасы яғни іргетасы мүлдем бөлек болу керек. Сосын театр жасай алмаған жерде, мұны прозада сынап көру қажеттілігі туды. Мысалы, бір әңгімемде театр режиссері ханға қарсы шығатын көріністі бергісі келеді. Қолы­на сойыл алдырып, айғайлатып қояды. Ақыры қазақтың протестік көңіл күйі бұлай емес деген оймен, театр­ды тастап кетеді. Айдалада жаң­бырдың астында қалып, маяға түнеп түс көреді. Сонда өзі ше­шесінің құрсағында жатады. Бұл жерде теріс қарап жатады деген мағынада айтып отырмын. Әріде Абайдың, беріде Кененнің балалары өлгенде теріс қарап жатып алатынын оқып өстік емес пе. Ауыз әдебиетінде де осының бірталай мысалы бар. Сөзі өтетін біреу келіп сөйлегенде, орнынан тұрады. Сөзге жығылады, сөзге бағынады. Менің знак, бел­гі деп отырғаным сол. Теріс қа­рап жату – жалғыздықтың бел­гісі. Шешеміздің құрсағында жат­­қанда жалғыз болдық қой, мына әлеммен байланысымыз кін­дігіміз арқылы болды. Мен айтып отырған знак, белгі осы. Дү­ниеде бірнәрсеге қатты рен­жі­генде, сол жалғыздыққа қай­та­дан қайтқымыз келеді. Ол біздің пластикалық шешіміміз. Жаңағы әңгімеде режиссер про­тестік көңіл күй сахнасының ше­шімін осылай табады. Хан тө­беге шыға келгенде, халық тө­бені айнала теріс қарап жатып ала­ды. Бұл енді қарсылық­тың белгісі. Бір нәрсені ыммен, ишарамен, белгімен, символмен беру біздің ұлттық санамызда тұр. Суретшілер мұны жақсы қол­­данып жүр. Жапондар ұлттық ­театрларында осындай белгі­лер­ді керемет пайдаланады. Бұл нышан, белгі біздің әдебиетімізде де болған, бар. Бұрын тұтас ұғымға айналған. Кейін ыдырап кеткен. Барының өзі бір жүйеге түспеген. Міне, мен театрда көрсете алма­ған осы дүниені, әдебиетке қайта әкелгім келді.

– Әсілінде жаңалық деген кітап­қа ат қоюдан бастала ма дей­мін. Осы кейінгі кезде оқы­ған кітаптарымның атының бәрі жаңа, соны екенін байқап жүр­­мін. Кеңес заманында кітап­тар­­дың аты да бірізді болатын. Тәуел­сіздік алғаннан кейін жазу­шылар шығармаларына еркін атау­лар қоя бастады. Ал өздерін пост­модернистерміз деп атаған жігіт­тер оқырманын кітап атымен де таңғалдырғысы келді. Сіз де мына повесіңіздің атын «Шәуішке шағылысқан күн сәу­лесі» деп қойған екенсіз. Ал­да кітабыңыз шықса, «Алып ба­лық күрсінгенде» деген ат бер­­­­мекшісіз. Бұл түсінікті, ал «шәуіш» деген не?

– Мен теңіздің жағасында тудым, өзен бойында өстім. Жазда балық аулап, қыста коньки тепкен ауыл балаларымыз. Біздің бассейініміз де, мұз айдынымыз да табиғи болды. Сонда үлкен кісілердің сөзін тыңдап жүреміз. Сол есте қалып қояды екен. Күз­де алғаш терезенің әйнегіндей ғана жұқа мұз қатады. Соны «шәуіш» дейді. Балалық жасамай жүрмейміз ғой. Мектепке бар­ған-қайтқанда тас лақтырып, те­сіп кетеміз. Мұндағы шәуіш те жаңа мен айтқан белгіге жатады. Жақсылық пен жамандықтың ара­сындағы жұқа перде. Бірақ арғы жағы да, бергі жағы да ала­қан­дағыдай көрініп тұрады. Еш­теңені жасыра алмайсың. Жұмекен Нәжімеденовтің «Қасқа айғыр» атты өлеңінде «шәуіш» деген сөз бар екен. Қазақ тілі нег­ізі әлемдегі бай үш тілге кіріп тұр емес пе? Орыс тілі араласты, басқа тіл араласты. Сөйтіп, санамыздан сызы­лып кеткен сөз­дердің бірі болар деп ойлаймын. Ондай сөздер біз­дің тілімізде көп сияқты. Сөзбен бірге санамыз да күңгірт тартқан секілді.

– Дидар Амантайдың «Біз әдебиетте халықтың аузында бар бейнелі сөздерді көп қай­та­­лап кетеміз» деген сөзі бар. Жа­­ңаша бейнелі сөздер ойлап та­буы­мыз керек дейді ғой енді. Сіз де осындай ойда болдыңыз ба?

– Қазақы ортада өскен соң, сіз айтқандай бейнелі сөздер адамға сіңіп қалады екен. Мен жапондардың ертегілерінен бас­тап, талай әдеби дүниелерін оқы­дым. Кавабата бар, Акутагава бар, көп. Сонда бұлардан байқа­ға­­ным, адами қарым-қатынас­тағы нәзіктік бізбен ұқсас екен. Бізде естірту деген бар емес пе. Қуанышты да, қайғыны да адам шошып кетпесін деп, жолын тауып естіртеді. Төбеден түскендей тарс еткізбейді. Жапондарда да тура осындай екен. Әдебиетінде ұлттық белгілерді көп қолданады. Бұл менің ойымша энергия алмасуды білдіреді. Біз қозы-лақпен, құлынмен, ботамен алысып өстік қой. Ойнаймыз, сипаймыз, жем береміз. Осыдан энергия алмасу қажеттілігі туындайды. Осындай ұлттық қасиеттер бәрібір бір жерден шығады.

– Түсіндім. Енді мынаны сұ­­райын. Осы өзара қарым-қа­­ты­нас дегеніңіз, тек энергия ал­ма­су­дан ғана тұрмайды. Ол кон­­фликтіге де апарады. Оның бір мы­салын жоғарыда айт­тыңыз. Хан­ға наразылық біл­дірген ха­лық, төбені айнала те­ріс қарап жа­тып алады дедіңіз. «Шә­уішке шағы­лысқан күн сәу­лесі» пове­сінде кейіпкерлер ара­сында кон­фликті жоқ. Кері­сінше адамның өз ішіндегі кон­фликті баса көр­сетілген. Үнемі қайталана беретін детальдардан негізгі кейіпкердің ішінде арпалыс жүріп жатқанын көреміз. Балыққа барғанда мұз жарылып, суға кеткен досын бір есеппен құтқармай қалады. Бірақ бар арман-тілегіне қолы жеткен кезде өзі де жарқабақтан жұп-жұқа шәуіш қатқан көлге секіріп өледі. Себебі күзде отбасы­мен жаңа қатқан шәуішті қызықтау­ға кел­ген сайын, жұқа мұздың астынан досының бейнесін көре береді. Шәуіш бір жағы айна сияқ­ты, одан өз бейнеңді де кө­ріп тұрасың. Бірақ шәуіш су бе­тінде көп жатпайды, аз күнгі міндетін орындайды да қалың көк мұзға айналады.

– Бір жақсы танысым не істе­се де жолы болмай жүріпті. Өзі бір еуропаша ойлайтын жігіт еді. Сол бір психоаналитик тауып алып, соған барыпты. Ол сонда «Сенің ата-анаң көз жастарына тұншығып кеткен адамдар екен. Саған содан кедергі келіп тұр» депті. Жаңағы повесте байқаса­ңыз, кейіпкеріміздің қызының көзі біресе қара, біресе жасыл болып көрінеді. Әкесі кейде оның бетіне қараса да, нақ бейнесін көре алмай қалатын кездер жиі қай­таланады. Яғни, кішене қыздың өзі бар, бірақ беті жоқ. Осыны жо­ға­р­ыдағыдай знак, белгі деп түсінуге болады. Енді ол осындай пәледен қызын құтқаруы ке­рек. Кейіпкер шындығында шәуіш­тің астынан досының бей­не­сін көре бергендіктен өлмейді. Өзінің қызының бетін көре алма­ғандықтан өледі. Бұл жерде кә­дім­гі бетперде, маска шешуші рөл ойнап тұр. Әңгімеміздің ба­сын­­дағы баласы өліп, қайғыға бат­­қан адамның бетін көрсетпей теріс қа­рап жатып алуы осыдан шығады.

– Иә, біз ондай да наразылық нышаны, белгісі барын ұмыт­тық. Сондықтан да бір-біріміз­ді түсіну қиындап барады. Жапон қоға­мындағыдай ішкі үйле­сім­ділік бізде жоқ.

– Біздің осы ұмытшақты­ғы­мыздан ұрпағымыз қасірет шек­пеуі керек.

– Бәрекелді. Бізде неге ішкі үйлесімділік жоқ екенін жақсы айттыңыз.

– Ата-бабаларымыз осының бәрін білген. Абай, Кенендерге дейін болған.

– Жақсы екен. Біз постмодер­нистерде ұлттық негіз жоқ деп келдік. Үлкен қарсылыққа ұшы­­­рағандарыңыз да содан шы­­ғар. Енді әңгімеңізді тыңдап отыр­­сам, керісінше ұлттық бол­­мысымыз­ға тереңірек бой­лаға­ныңыз бай­қа­лады. Жоға­ры­дағы «Пост­мо­дернизм, сюрреализм деген­дер­ді ата-бабамыз бір-екі-ақ сөз­бен айтып кеткен» деген пайы­мыңыздың астарын да енді түсін­дім. Біраз дүниеге көзімді ашқан әңгімеңіз үшін көп рахмет!

P.S.: Сонымен постмодер­­нис­тер­ді Зейнолла Серікқалиев, Әлия Бөпежанова, Таласбек Әсем­құ­лов сияқты зейінді қалам­гер­­леріміздің неге қолдағанын оқыр­­ман да түсінген шығар деп ойлай­­мыз. Әрине, бір-екі деталь, екі-үш штрихпен бәрінің ба­ға­­сын беріп қойдық деуден де аулақ­­пыз. Неғылса да тәуел­сіздік ал­ғаннан кейінгі постмодер­нис­тер қозғалысы одан әрі да­мып кете алған жоқ. Бірақ олар­дың орнына жас буын, жаңа тол­қын келді. Ендігі басты сұрақ, олар постмодернизмді ұлттық құн­дылықтарға бағындыра ала ма, мәселе сонда. Әйтпесе не өзіміз тұ­шынбайтын, не өзгелер керек қылмайтын постмодернизмнің бо­лашағы жарқын емес. Осы тұр­ғыда дәстүрлі әдебиет пен постмодернизм элементтерін шебер үйлестірген Асылбек Ықсан­­ның мысалы басқаларға да үлгі болса екен дейміз.

Сөз соңында пікіріміз жан-жақ­ты болу үшін, сол кезде ал­ғашқы буын постмодернис­тер­­ге жас та болса, бас болған Дидар Амантайдың ойын да қоса жария­лағанды жөн көрдік.

Дидар Амантай: – Әдебиет бір жағынан қоғамда жүріп жатқан процестердің айнасы сияқты кө­рінеді ғой. Тәуелсіздік алғаннан кейін сөз өнерін бұрынғыдай қа­таң бақылауда ұстайтын идеоло­гия әлсіреді. Сол кезде еркін жас­­тар сахнаға шықты. Мысалы, биік интеллектуал Әмірхан Бал­қы­­бекті айтуға болады. Жазу­шы­­лардың ішінде одан басқа да бір­­нешеуін атауға болады. Біз енді алғашқы әңгімелерімізді сек­­сенінші жылдардың аяғы, тоқ­­саныншы жылдардың басында жаза бастадық. Тәуелсіздік тоқ­сан бірде дүниеге келді. Сол кезде жаңа талғамның қандай болуы керектігі жөнінде күрес жүрді ме деп ойлаймын. Қандай көркем­дік талғам бізге қажет? Соцреализм­ді бойына мықтап сіңірген қазақ әде­биетінде үл­кен күрес жүріп жат­ты. Бүкіл ке­ңес әдебиеті соц­реализмнің кө­лең­кесінде тұр­ды. Батыста да реа­лизм болған ке­зінде. Он то­ғы­зыншы ғасырда, мы­салы. Бі­рақ оларда басқаша реа­лизм бол­ды. Ал бізде соцреализм­де өмір­дің қандай екенін сол қал­пын­да көрсеткісі келді. Одан кейін оған социалистік насихат қо­сылды. Сөйтіп, ұлт әдебиеті өзі­нің бағытынан адасты. Біз сол кезде әлем әдебиетіндегі он то­­ғы­зыншы, жиырмасыншы ға­сыр­­лардағы тәжірибені пайда­лан­­ғымыз келді. Оның ішінде мо­дер­низмді айналып өту мүмкін емес.

– Модернизм, постмодер­низм жөнінде көп әңгіме айтыл­­ды. Оның басында өз­дерің тұр­­дыңдар. Тіпті біреу пост­мо­­дер­низм қане десе, се­нің су­ре­­тің­ді көсе­тетіндей дәре­жеге жет­тік. Әй­теуір әдебиет­тегі жа­ңа­лық­тың бәрін іздеп отыр­дың­­дар ғой. Мы­на дәстүрлі әде­биетке кіш­ке­не қан жү­гірт­кілерің келді. Бы­лайша айт­қанда, ниет түзу деу­ге келеді. Со­лай болды емес пе?

Дидар Амантай: – Әрине, солай болды. Бір қызығы, біздің тоқсаныншы жылдардың басында әдебиетке әкелеміз деген дүниелердің барлығы жиырмасыншы ғасырда Еуропада болды. Соған өз тарапымыздан да өзгеріс енгізгіміз келді.

– Иә, оны түсіндім. Ал енді Асылбек Ықсан деген жазушы сол сұранысқа қалай дөп келіп қалды?

Дидар Амантай: – Асекеңнің классикалық үлгіде жазылған әңгімелері бар, сонымен қатар модернистік, постмодернистік бағытта жазған шығармалары да бар. Барлығы да аса бір сауатты, сапалы дүниелер екені біз­­ді селт еткізді. Анық модер­нист немесе постмодернист деп айта алмаймыз. Бірақ бәрі­бір шы­­­­ғармаларынан тосын бір ком­­­­по­зи­циялық сюжет көрі­ніп тұра­тын еді. Біз стихиялы түр­де жаз­сақ, Асекеңнің жаз­ған­дарында үлкен бір тәртіп бар еді. Жаңа өзі айтқандай, бір са­ла­ның жаңалы­ғын екінші сала­ға қосқан жазу­шы. Мен пьесадан прозаға келге­нін айтып отырмын. Бізде ретті­лік болмауы мүмкін. Ал Асекеңде ер­кіндікті өте бір ұқыптылықпен пайдаланғаны көрініп тұрады. Ол неден көрінеді? Ауа жайылмай, орнықты жазудан көрінеді. Өнер дегеніміз өмірдің нақ көшірме­сі емес, өзгертілген көшірмесі. Яғни, көркемдік қоспасы бар деп айтуға болады. Сол кезде Асе­кеңнің жазғандарынан ме­нің бір байқағаным, таптаурын бол­маған тың тақырыптарды жазатын. Тек қана қазақы түсінік деңгейінде қалмаған, әлемдік өнерден тү­сінігі бары біліне­тін. Сіз мысал кел­тірген «Автобус» атты әңгі­ме­сін модернистік шығарма деп баға­лаймын. «Шәуішке түс­кен күн сәулесі» повесінде де пост­мо­дернистік элементтер пай­да­ла­нылады. Ал «Құмырсқа» по­весі әрқандай әде­биеттегі түрлі бағыт­тарға ­са­лып, жеке талдауды қажет ете­ді. Асылбек Ықсан бір басын­да дәстүрлі әдебиет пен пост­­модер­низмнің қоспасы бар жазушы.

Рахмет.

P.S.: Осы арада көмейімізге тағы бір сұрақ келіп қалды. Дәс­түрлі болсын, модернистік болсын, ел оқыса болды емес пе? Бірақ, бұл сұрағымызды Дидарға қой­ғымыз жоқ. Себебі, мұның жа­уабы онсыз да белгілі еді. Түбі қандай ағымға түссек те, оқыр­маны бар әдебиет озады. Тек жүн түтіп отырып, феодализмнен коммунизмге өтіп кеткен Дулат Исабековтің кейіпкерінің кебін кимесек болды.