Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жергілікті әкімдік пен білім бөліміндегілер жағдайымызды жасамады деп мұңын шақты. Әлеуметтік шарттың мерзімі аяқталмағаны себепті келген жағына көшуге әзірше рұқсат жоқ. Олай жасаса, отбасы мемлекетке 2 млн 246 мың теңге қаражатты қайтарып беруі керек.
Гүлжан Базарова – жеті баланың анасы. 2021 жылы тамыз айында Павлодар облысы әкімдігінің шақыруымен, «Еңбек» бағдарламасы аясында Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылынан отбасымен мұнда көшіп келген. Тереңкөл ауданындағы Фрументьевка ауылын таңдап, сондағы мектепке әуелі мұғалім, соңынан мектеп директорының міндетін атқарушы болып жұмысқа орналасады.
«Мұнда қоныс аударуымызға негізгі себеп, мал өсіріп, отбасымыз шаруашылықпен айналысса дегенбіз. Екіншіден, балаларымыз халқы сирек жерде кең тыныстап өссе деген ниет болды. Ал үшіншіден, жергілікті әкімдіктің өкілдері мені және күйеуімді тәуір жұмысқа орналастырамыз деп уәде етті. Оларға біздің отбасымызда мүгедек бала бар екенін ескерттік. Бес жасар кенже ұлымыз спастикалық диплегия церебралды сал ауруына шалдыққан. Үнемі күтім керек. Дәрігер балаңызды тұрақты қарап, қажеттінің барлығын жасайды, үйіңізді отын-сумен қамтып береміз деп уәденің барлығын үйіп-төкті. Алайда бұл жаққа келгенде бәрі басқаша болып шықты. Мемлекет тарапынан бір ғана көмек – әр отбасы мүшесіне 240 мың теңгеден біржолғы көмек төленді. Ауылдық округке жауапты дәрігер үйімізге бірде-бір мәрте бас сұқпады», деп жағдайын түсіндірді «Алтын алқалы» ана.
Мектепке жақын жерден өз қаражаттарына үй алған екен. Сөйтсе, ол үйдің жылыту жүйесі істен шыққан көрінеді.
«Қыстың көзі қырауда отбасымызбен әлгі үйде үсіп қала жаздадық. Үнемі жылытқыш қосамыз. Болмаған соң әкімдіктен көмек сұраған едік, олар ауылдың сонау шетіндегі баспананы ұсынып, алғашқы 3 айдың жалдау ақысын төлеп береміз, кейін өз қаражаттарыңызға үйді сатып аласыздар деді. Лажымыз қалмаған соң, әлгі үйге кірдік. Алайда мектеп алыс, 3 баламыз қыстың суығында үйге жеткенше қатты жаурап келеді. Ойлана келе, суық болса да балаларымызға мектеп жақын болсын деген ниетпен алғашқы баспанаға қайта оралдық. Мұнда келгелі науқас баламыз жиі ауыра бергенін байқаған күйеуім Медетбай Жаббарбергенов ақыры шыдамай желтоқсан айында балаларды алып, Алматы облысына кетіп қалды. Мен де көп ұзамай кетуге мәжбүр болдым. Кейін әкімдіктегілер хабарласып, келуімді өтінген соң Фрументьевка мектебіндегі мұғалімдік қызметімді жалғастырдым. Қыс бойы үйде тоңып шықтым. Былтыр қыркүйек айынан мектептегі ұстаздықпен қатар, директордың міндетін атқарушы лауазымын қоса атқара бастадым», деп жалғады сөзін Гүлжан Базарова.
Мүгедек баласы Алматы облысында болған соң 2022-2023 оқу жылында жұмыстан жиі сұранып, екі ортаға қайта-қайта сапар шегуге мәжбүр болғанын айтады ана. Тоқсан сайынғы демалыс уақытында бірден баласының жанына барып, күтім жасаған. Күйеуі үнемі баланың жанында болғандықтан, отбасында Гүлжан Есқалиқызы ғана еңбек етіп келген. Негізі жолдасы – ішкі істер саласының отставкадағы қызметкері. Алайда кейінгі бес жылда жұмыс істеуге отбасылық жағдайы мүмкіндік бермеген. Осылайша Алматы мен Павлодар облыстарының арасында сабылып жүргенде Г.Базарованы Тереңкөл аудандық білім беру бөлімі осы жылдың сәуір айында директордың міндетін атқарушы лауазымынан шеттетіп тастайды. Себебі ұстаз 27 ақпаннан бастап мерзімі белгісіз, жалақысы сақталмайтын демалысқа кеткен. Сол кеткеннен екі ай уақыт мектепке оралмағанын ескерген жергілікті білім бөлімі заң аясында бұйрықпен оны қызметінен алып тастап, орнына өзге педагогті қойған. Дегенмен мектептегі ұстаздық қызметін сақтап қалыпты.
«Баламды Алматы, Астана қалаларында, Өзбекстанның Ташкент, Ферғана шаһарларында медициналық тексерулерден өткізіп, көп уақытымызды жоғалттық. Әр сұранған сайын негізгі себеп отбасылық жағдай екенін ескертіп отыратынмын. Ана ретінде жағдайымды түсінгісі келмегені арқама аяздай батады. Негізі осы мамыр айында директорлықтан бас тартам ба деп ойлап жүрген едім. Себебі қат-қабат жұмыс, оның үстіне науқас баламның жағдайы мені кейінгі бір жылда қатты күйзеліске түсірді. Мектепте адал еңбек еттім. Дей тұрғанмен, менің жұмыста жиі болмайтынымды ұжым жақтырмағаны шын. Білім беру бөлімінің шұғыл шешімі маған жасалған қысастықтай көрінді. Оның үстіне үлкен қызым 5 жасар мүгедек інісін күтетін әлеуметтік қызметкер ретінде жұмысқа алынған еді. Қызымды да ол жұмыстан шығарып тастапты. Осының барлығы әдейі жасалып отырғандай көрінді. Отбасымыздың барлық мүшесі Тереңкөл ауданында тіркеуде тұр. Оңтүстікке біржола кетіп қалайық десек, әкімдіктегілер алдыңғы алған 2,2 млн теңгені қайтарып бересіңдер дейді. Менің жеті баланың анасы екенімді, кенже ұлымның мүгедектігін ескеріп, әлгі қаражатты кешірсе болатын еді ғой. Өкінішке қарай, басшылар тарапынан ешбір аяушылықты байқай алмай отырмын. Болмаған соң облыс орталығына жақын жерден баспана мен жалақысы тәуір жұмыс орнын тауып беріңіздер деп өтінген едім. Ол өтінішім де әзірге орындалмай отыр. Фрументьевка ауылына қатынау қыста өте қиын, жолдарды қар басып, таксимен жетудің өзі үлкен машақат», деп жалғастырды әңгімесін.
Қысқасы, Гүлжан Базарова қазіргі күні қиын жағдайда қалып отыр. Тіркеуден шығып, мүгедек баласының жағдайымен оңтүстікке қайтатын болса, әлгі алған қаражатты мемлекет қазынасына құюы керек. Екінші нұсқа – осы өңірде қалып, отбасын орналастыратын жайлы баспана мен жалақысы тәуір жұмысқа орналасу. Онсыз да бір ғана жалақыға күнелтіп отырған отбасы қомақты қаржыны бірден тауып бере алмайтыны белгілі. Қазіргі күні екі тарап та дүдәмал күй кешуде.
Мәселенің ізімен Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғытовқа хабарласқанымызда, ол барлық еңбек, көмек жағдайлары «Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкес жүргізілгенін, кемшілікке Гүлжан Есқалиқызының өзі жол бергенін жеткізді. Отбасы сатып алған баспананың жылу жүйесін жергілікті «Бастау су арнасы» кәсіпорны мен кәсіпкерлер жөндеп берген. Жыл сайын бұл ауданға оңтүстіктен шамамен 180-200 адам көшіп келеді екен. Олардың 99 пайызы еңбек орындарымен қамтылып, тиісті жәрдемақылары мен көмектерін алуда. Іркіліс жоқ. Көбі білім саласында жұмыс істейді. Мына жағдайда тек заңға сүйенеміз деп жауап берді әкім.
Ал аудан әкімінің орынбасары Раушан Ибраева Жаббарбергеновтер отбасында 11 адам тіркелгенін, олардың әр мүшесіне бюджеттен 240 мың теңгеден көмек берілгенін айтады. Отағасы мен балалары оңтүстікке көшіп кеткенін жоғарыда айттық. Әлеуметтік қызметкер болып істейтін қызы Фрументьевкада тұрмайтынын ескерген жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жалақы төлеуді доғарған.
«Г.Базарованың жағдайына үнемі түсіністікпен қарадық. Былтыр қыркүйектен бастап Фрументьевка мектебі директорының міндетін атқарушы болып тұрғанда оған тест тапсыру керек екенін, сөйтіп толыққанды басшы лауазымын иелену қажеттігін мамандар түсіндірді. Бірақ біздің ескертуімізді құлаққа ілмеді. Баласын тексертуден өткіземіз деген соң әр сұранған сайын жіберіп отырдық. Жаңажылдық мерекеде мектепте болмады, соңғы рет ақпан айының соңында тағы кетіп, содан мамыр айының басында бір-ақ келді. Мектепті басшысыз ұзақ уақыт ұстап отыру мүмкін емес қой. Білім беру бөлімінің басшысы заңға сүйеніп, оны міндетін атқарушы қызметінен шеттетіп, орнына лайықты педагогті тағайындады. Ол кісіге мұнда келіп, бұрынғы ұстаздық қызметін жалғастыруға болады. Ал тіркеуден біржола шығатын болса, біздің әкімдік бюджеттен төленген қаражатты қайтару туралы сотқа шағымдануға мәжбүр болады. Себебі заң солай. Г.Базаровамен 2026 жылға дейін әлеуметтік шарт жасалған», дейді Р.Ибраева.
Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова көпбалалы ана үшін біздің өңір аумағында қалып, мерзімі аяқталғанша еңбек етуден басқа амал жоқ екенін айтады. Болмаған жағдайда бұл істің сотқа жететіні анық. Ал Гүлжан Есқалиқызы сотта өзінің қиын жағдайын дәлелдесе, қаржыны кейін асықпай бөліп қайтаруына да мүмкіндік жасалар ма еді деген пікірін жеткізді.
«Ол кісіге облыс орталығына жақын жерден баспана тауып беру әзірше мүмкін емес, себебі бос үйлер жоқ. Тіпті, Тереңкөл ауданы орталығында сатуға қойылған үйлер жоқтың қасы. Екінші тұрғыдан, ол кісі директорлық қызметті қаласа, өзге аудандардан бос орындарды қарап көруге болады. Өзге елді мекенге барса (облыс ішінде), «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында баспана мәселесін шешу үшін пайызы төмен несие беріледі және 70 АЕК көлемінде біржолғы көтермеақы төленеді», деп түсіндірді басқарма басшысы.
«Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кебін киген Г.Базарова өз мәселесін айтып бармаған мекемесі жоқ. Орталық ведомстволарға бірнеше мәрте шағым жолдағанымен, олардан мардымды жауап ести алмапты. Бұл істі адамгершілік, ізгілік тұрғысынан қарап, түйінін тарқату құзырлы органдардың қолынан келер ме екен?
Павлодар облысы,
Тереңкөл ауданы