Өнер • 23 Мамыр, 2023

Мың жүректе күмбірлеген күй-әуен

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ домбырадан әсте жалықпайды екен. Әйгілі концерт арасында атты қосын лап бергендей Құрманғазы «Сарыарқасының» үзіндісі залды күңіренте барғанда, тыңдарман орнынан тұрып кетердей қошемет үсті-үстіне үдей түсті. Бұл мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Астана Опера» театрында қойылған Марат Бисенғалиевтің «Ұлы дала әуені» атты салтанатты одасының ортасындағы сәт қана. Теңіздей найқалған тыңдарман ықыласын тамшыдай сәтінен-ақ аңғара беріңіз. Домбыраға, ұзақ сарынды күй мен әуенге, жалпы мәдениетке деген сүйіспеншілігі осындай халықтың.

Мың жүректе күмбірлеген күй-әуен

Ақшаңқан «Астана Операда» мемлекеттік деңгейдегі концерт­ті көрген де, көрмеген де арманда шығар. Залдағы иін тірес­кен көрермен-тыңдарманды көріп-біліп жүрміз ғой, ал мұнда ат шаптырым дерлік сахнаны толтырып сіресіп тұрған өнерпаз­дар қатарынан көз тұнып-ақ кет­ті. Қазақ даласының әр өңірі­нен келген 24 шығармашы­лық ұжым өкілдері, аспаптағысы бар, хордағысы және басқасы, бар­лығы 1000-нан астам музы­канттың өнері сірескен залдың сеңін лықсытқандай әсерге бө­леді. Сіз ойлаңыз, 1000 жүрек­тің лүпілі не әрекетінен сөгіліп ұшқан әуен сиқыры құлақтан кіріп, бойды алмаса, онда, аны­ғын айтқанда, өздері білсін! Күйші Дина алғаш ресми сахнаға кө­терілгенде Жұмекен ақын­ның «жетпіс алты дәурен-ай, жет­піс алты жыл өткен, жетпіс алты қа­сірет – жетпіс алты жүрекпен» деп толғайтыны бар. Мұнда бір мезетте мың жүрек толғап ала жөнелгенде... Халық әндерінде шырқалғандай «жүрегің тас та болса бір ериді». Осыншама адам орындаған музыкалық туынды да ұзақ екен. Айтарлық­тай әсері болмаса, сөз басында айтқанымыздай ел арқаланып кетпес-ті арасында. Басында еп­теп скрипка, саксафонның үні­мен ілгерілей бергенде, әрине біз әуелі домбыраның күмбірін ести алмай жатырқап қалған­быз. Құрама оркестр құрамында да домбырашылар көрінбеген. Алдында жалғыз-ақ домбырашы отырды. Сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз да бір-бірден. Қазақтың қылқобызы болды ма, жоқ па, білмейміз. Соған қа­рамастан, концерт бойы ха­лықты үйіріп алып отырған бір-біреуден болса да ұлттық аспап­тар үні, әсіресе домбыра. Бір жа­рым сағатқа созыл­ған музы­калық туындының басым бөлігі шетелдік аспаптарда орындалғанымен, тыңдарман­ды сілкіндірген тұстары ұлттық аспап үні екені айқын білінді.

Мерекелік іс-шара мәдениет және өнер қызметкерлері мен қайраткерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жолдаған құттықтау хатын Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың оқып беруімен ашылды. Президент жаһандану дәуірінде қазақ мәдениетін сақ­тау өте маңызды екенін, оның да­муына үлес қосу біздің ортақ мін­детке жататынын айтқан. Сон­дай-ақ барлық мәдениет жә­не өнер қайраткерлеріне алғыс жолдап, олардың еңбектері өс­келең ұрпақтың рухани баюы­на, сол арқылы дамуға көмек­тесетінін атап өтіпті.

«Ұлы дала әуені» одасына Құр­манғазының, Тілеп, Абай, Шәкәрім, Нұрғиса шығарма­­ла­­­ры­мен қатар, «Дудар-ай» әні ен­ген. Әуелі жаймашуақ, сыздық­тата басталғанымен, біраздан соң Абай әндерінің терең толғақты үнімен ширықтырып барып, әрі қарай Құрманғазы күйлеріне ұласқанда шарықтаған әуен тәнті етеді. Бұл халықтың ықы­ласынан да айқын байқалып отырды. Бір сағаттан астам уақытқа жалғасқан туынды бо­йына ұлттық және классика­лық музыканы үйлестірген. Ұлт өнеріндегі шоқтықты музыка­лық шығармаларды жаңаша әсіре­леп ұсына білген шығармашы­лық топтың еңбегін атап өткен жөн. Хор ұжымдары, оркестрлер, виртуоз аспапшылар, опера және халық әншілері, скрипкашы, ди­рижер (Абзал Мұхитдин), тағы басқалардан құралған 1000 адамды осылай бір туындыға жұмылдыру да ерен еңбек.

Мәдениет пен өнер – елдің жа­ны мен арын әйгілеп қана қой­май, ұлттың атын шығаратын да сала. Майталман және жас өнер­паздар бірлесіп, өнерсү­йер қауымға қазақ күйі һәм ән-әуен­дері мен классикалық музы­ка­ның ғажайып үйлесімін тарту ете алды. Бұл шығарма қа­зақтың классикалық туындыларын заманауи интерпретациямен тартымды және ауқымды форматта орындағанымен есте қалса керек.

Мәдениет және өнер қыз­­­мет­керлері күні қарсаңында бір ­­апта бойы бүкіл елімізде концерт­­­тер, көрмелер, дөңгелек үстел­дер және басқаларын қосқанда бар­лығы 100-ден астам іс-шара өтіпті. 300 мәдениет қызмет­кері «Мәдениет саласының үз­дігі» төсбелгісімен, 2000-ы Құр­­мет грамотасымен және Алғыс­хатпен марапатталған. Ал мы­на концерт осы үлкенді-кіші­лі мерекелік дүниелердің бар­лы­ғының қорытындысындай ­болды.

Концерттік бағдарлама аяқ­талғаннан кейін А.Ора­лов сахнада өнер көрсеткен әртіс­тер мен шығармашылық ұжым­дардың жетекшілеріне Алғысхат табыс­тады.

«Мәдениет және өнер қызмет­кер­лері күніне арналған іс-ша­ралар апталығын лайықты түр­­де аяқтадық деп ойлаймын. Біздің бастамамызды қолда­ған­дар­дың барлығына және Мемлекеттік опера және балет театрының сах­насында өнер көр­сетуге шақы­руды қабылдаған шы­ғарма­шы­лық ұжымдарға рахмет айт­қым келеді. Осы жобаға қол­дау білдіріп, қатысқаны үшін Марат Бейсенғалиевке ерекше алғыс. Министрлігіміз мәде­ниет пен өнер саласын дамыту және қол­дау бағытындағы жұмысты жал­ғастырады. Алдағы уақытта бел­гіленген нақты тапсырмалар­ды сіздермен бірге орындай ала­ты­нымызға күмәнім жоқ», деді  Мәдениет және спорт ми­нистрі А.Оралов.