Пусан тұрғындары 20-дан астам елдің өкілдері қатысқан іс-шараға ерекше қызығушылық танытты. Ұйымдастырушылар жағы Қазақстанға құрмет білдіріп, төрінен орын берді. Жергілікті тұрғындар қазақтың кәдесыйлары мен кітаптарын сатып алып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Жәрмеңкеде Қазақстан делегациясы 5 шатырға орналасып, Кореядағы жалғыз қазақ дәмханасы жергілікті тұрғындарға көже мен құрт ұсынды.
Қазақ диаспорасының өкілдері мен «Арлан Жете» театрының әртістері танымал қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киімдерін киіп сахнаға шықты. Кореядағы «Номад» қазақтар қауымдастығы директорының орынбасары Балнұр Айтбаева татулық туы туралы баян етті.
«Пусан қаласы мен Алматы қаласы арасында татуластық пен бірлестік келісімі бар. Биыл осы мақсатта бірінші рет ұлттық Наурыз тойын ұйымдастырған болатынбыз. Қазақ өнерпаздарының Кореяға келуінің тағы бір себебі – мамыр айында Қазақстанның Пусандағы бас консулдығының ашылғанына 1 жыл толып отыр», деді ол.
«Кореяда өзіміздің қазақстандық 30 мыңнан астам адам тұрады. Солардың мүдделерін қорғау үшін Сеулге көптеген жұмыскер келетін болды. Бір жылдың ішінде біз қазақтарға 150 туу туралы куәлік беріп, 50 шақты неке қидық. Сонымен қатар Қазақстанның 200-ге жуық азаматына паспорт бердік. Биыл қыркүйек айында Алматы мен Пусан арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанына 1 жыл толады. Сондықтан күзде Пусанда алматылықтардың тағы бір концерті өтеді», деді еліміздің Пусан қаласындағы бас консулы Аян Қашабаев.