Ең алғаш бұл туынды турасындағы тұшымды деректі академик Ахмет Жұбановтың әйгілі «Замана бұлбұлдары» жинағынан жолықтырдық. Кітапты қолымызға алып парақтағанда: «Қазақ халқында ежелден аты шыққан әншінің бірі Мәрия Жагорқызы (Рекина). Ол өзінің сүйген жігіті, кейін қосылған жұбайы Дүйсенге арнап ән шығарады. Дүйсеннің бұйра шашын өлеңіне өзек етіп, әннің атын «Дудар» қояды. Ән көпшілікке белгілі, сондықтан оған комментарий беріп жатудың қажеті жоқ. Ал Мәрия Алматыға бірнеше рет келіп кетті...» деп келте қайырылған деректі оқыдық.
Бірақ кейін Ілия Жақановтың зерттеулерімен танысып, шығармаларын қолға алып, «Дударай» деп аталатын эссені оқығаннан кейін мүлдем жаңа, бұрынғы пікірлерге ұқсамайтын тың дерекке қанықтық. Бұл жөнінде автордың өзі: «...Бүкіл халыққа тарап, шырқалып жүрген бұл ән, обалы нешік, жасыратыны жоқ, Дүйсен мен Мәрияның қияметтік досы – Үлебайдікі. Сөз түйіні – осы! Бұл сөзді мың-миллион рет қайталап, оны бүкіл әлемге жар салуға болар еді. Бұл сөзді Мүслима айтты, Мәриямның қызы Мүслимә» деп шегелеп тұрып нүктесін қояды. Осылайша, Илья ағамыз «Дударайдың» Мариям Жагорқызының әні емес, бұл тек әншейін халық арасында лақаппен тараған қате дерек екенін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп берді.
Расымен де сөз мағынасын білетін адам әннің алғашқы жолынан-ақ сезім сырын Мәриям емес, үшінші жақтан басқа бір автордың баяндап тұрғанын ұғады. Оның үстіне қазақтың халық әніне тән иірімдерді бойына сіңірген мұндай классикалық туындыны 16-17-ге енді келген орыс қызының шығаруы да қиысынға келіңкіремейді. Мұны «Дударай» операсын жазған әйгілі композитор Евгений Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» еңбегінде: «Бұл ән талассыз Арқа композиторларының әні екеніне сенемін, өйткені ән табиғаты кең тынысқа, шалқар диапазонға құрылғаны өз-өзінен көрініп тұр» деп қуаттайды.
Жалпы, «Дудар-айдың» халық арасында көптеген нұсқасы тараған. Соның бірнешеуін 1920 жылы Затаевич ел аузынан жазып алған. Тіпті бір нұсқасын Ғани Мұратбаевтан алса, екіншісін Әміре Қашаубаев беріпті деген де деректер кездеседі.
Бір қызығы, кезінде бұл әнді «Мәрия шығарды» дегенге Мәрияның өзі таң-тамаша қалған көрінеді. Тіпті оған «Қазақ ҚСР-нің еңбегі сіңген артисі» деп атақ бергеніне де таңданған. Ал, шынында, бұл әннің сөзін де, музыкасын да шығарған жоғарыда дерек келтіріп өткеніміздей, өнерімен бір аймаққа ғана белгілі болған, бірақ аты халыққа көп таралмаған Үлебай Әнетұлы деген адам.
Ал сонда Үлебай дегеніміз кім? Оған да, Мәриям мен Дүйсеннің махаббатына да, «Дударай» әнінің туу хикаясына да автор нақты деректік тұрғыдан төмендегідей мағлұмат береді: «Үлебай Тінәлі руының Дәулет атасынан тарайды. Өзінің шын есімі – Рахметулла, әкесінің аты – Әнет. Әке-шешесінен жастай жетім қалған Үлебайды немере ағасы Нұрмағамбет тәрбиелеген. Үлебай сыптығыр, ұзын бойлы, ақ сары, көзі көкшілдеу, атжақты көркем кісі екен. Жасынан әзілге, ойынға ілкімді боп, шешендік сөздерді қағып ап, өлеңді суырып салып шығара берген. Жетімдік хал оны бұғанасы қатпай, ауыр мехнатқа жегіп, ол «жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей, безек қағып жүріп пысыған, тез ширап ерте есейген. Өзі ағаштан түйін түйіп, тасты гүлдеткен ұста, зергер – арба, үй жиһазын, ер-тұрман әбзелін жасап, домбыра ойған, қамшы, жүген, құйысқан, өмілдірік өрген; балаларға ашамай сыйлап, түйеге қонымды етіп қом кигізген. Ауылдағы ду-ду жиын-тойларда ән шырқап, қисса толғаған. Бір ғажап өнері – аңшылық болған. Бала кезінен тұзақ құрып, қақпан ұстаған. Қақпанға түскен қасқырмен айтыстары жұрттың күні бүгінге дейін ішек-сілесін қатырады. Амал не, ол айтыстары көрінгеннің қолында кетіп, әлі таптырмай жүр. Мариям мен Дүйсеннің махаббат хикаясын бүге-шігесін білетін жан – осы Үлебай. Алғашында Үлебай Ұялыда Мәрия мен Дүйсеннің кездесіп жүрген сәтін көріп, кейде Дүйсенді «Дудар бас, орыспен ашына» деп ел көзінше әзілдеп, ажуалап, келе-келе екеуінің бір-біріне деген махаббатын түсініп, оларға шын тілектес болады. Қиын-қыстау сәттерде жол табады. Дәл осындай жастық романтикамен толықсып жүрген шағында Үлебай Мәрия мен Дүйсен махаббатын ұзақ ән-жыр ғып шығарады. (Марьям, Дүйсен, Үлебай – түйдей құрдас, туған жылдары – 1892 жыл. – І.Ж.)» Міне, «Дударай» әнінің қысқаша өмірге келу тарихы осындай.
Ал саз әлемінің сардары, ән сүйегінің, оның мүше-мүшесінің қалай жасалатынын аса жақсы меңгерген композитор Евгений Брусиловский болса: «...Өзінің түрі мен сипаты жағынан бұл жоғары регистрі күшті, орта тұсы тенорға үйлесімді нағыз ерлер әні. Бұл әннің авторы Қорғалжын төңірегінде өмір сүрген әлдебір әнші қазақ жігіті болмақ керек» деп, «Дударайдағы» сезім құбылысының қуатынан ер кісі мен әйел затының демін айқын ажыратып, көзге тайға басқан таңбадай ап-айқын көрініп тұрған бұлтартпас ақиқатты кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясатының салқындығы салдарынан осылай «Бұл әннің авторы Қорғалжын төңірегінде өмір сүрген әлдебір әнші қазақ жігіті болмақ керек» деп болжам күйінше қалдыруға мәжбүр болған. Академик Жұбановтың да дәл сондай сезімде жүргенін келтірген деректерінен айқын аңғаруға болады. Брусиловскйдің айтып отырған сол Үлебайы жан достары Мәрия мен Дүйсен үшін әлемге аян «Дударайын» Мәрияға «қиып», ақтық демі біткенше өзінің кісілігіне, мәрттік қасиетіне ноқаттай да ақау түсірмей өткен екен мына өмірден. Бұл – танымал әннің бізге беймәлім қыры.