Батыс Қазақстан облысында жалпы ұзындығы 6 176 шақырым жол бар. Осы жолдың 1 414 шақырымы республикалық маңызы бар деп саналады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеевтің айтуынша, 2023 жылдың басында облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 46 пайызы қалыпқа сай, қанағаттанарлық дәрежеде болған. «2022 жылы тап болған түрлі қиындыққа қарамастан, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, осындай нәтижеге қол жеткіздік. Өткен жылы құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілген 55 нысанның 22-сі пайдалануға берілді, ал 26 нысан жоба бойынша 2023 жылға ауысты», дейді Айдар Қазбекұлы.
Бұл – шынында да облыс үшін әжептәуір жетістік. Өйткені осыдан аз ғана жыл бұрын өңірде жолдардың 29 пайызы ғана асфальтты болғаны есімізде. Шағын ауыл тұрмақ, бірнеше аудан орталығы тұрғындары облыс орталығы Орал қаласына күз бен қыста жете алмай, жол азабын тартатын.
2022 жылы өңірде жол саласы бойынша барлығы 21 млрд теңге игеріліп, облыстық және аудандық маңызы бар 246 км жол жөнделген екен. Алайда 3,2 млрд теңге қаржы бюджетке кері қайтарылған. Неге?
Өйткені жол құрылысы үшін аса қажетті материалдың бәрі Батыс Қазақстан облысына өзге өңірлерден әкелінеді. Соның ішінде қиыршық тас, инертті материалдар, битум көршілес облыстардан тасымалданады. Олар, әрине, теміржол арқылы келеді. Былтыр жол салушы компаниялар құрылысқа қажетті материалдардың дер кезінде жеткізілмеуінен зардап шекті. Құрылыс жұмысы бірнеше ай тоқтап, кестеден кешікті. Әсіресе вагон тапшылығы мәселесі күрмеуі қиын түйін болды. 2022 жылы битум жеткіліксіздігінен нысандардың жартысына жуығы тамыз айынан жұмыссыз тұрып қалды. Мәселен, қыркүйек-қазан айларында өңірге қажетті 25 мың тонна битумның 2,3 мың тоннасы немесе 10 пайызы ғана қамтамасыз етілді. Жолшылар биыл да жүруімізден тұруымыз көп бола ма деп алаңдап отыр.
Қазіргі жоспарға қарасақ, биыл Батыс Қазақстан облысында 570 шақырымнан астам жолды жөндеуден өткізу жоспарланған. Көріп отырғанымыздай, бұл былтырғыдан әлдеқайда көп. Облысқа «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 71,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде жалпы көлемі 26,6 млрд теңге облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар бойынша бөлініп отыр екен. Осындай 55 жоба арқылы 332 шақырым жол жөндеуден өткізілмек.
Бұл жобаларды жақынырақ таныстыра кетейік. Биыл облыстық маңызы бар «Барбастау – Ақжайық – Индер» жолының 43-93 шақырымдар аралығы, «Бөрлі – Ақсай – Жымпиты» жолының 68-139 шақырымдары, «Чапай – Жаңақала – Сайқын» жолының 130-191 шақырымы жаңартылады екен. Бұл үшін республикалық бюджеттен 4 871 млн теңге қарастырылған. Айта кетейік, бұл ешқашан асфальт көрмеген, бұрынғы грейдер жолдар болатын.
Сондай-ақ «Теректі – Ақсай» жолының 58-73 км және «Тасқала – Аққурай – Болашақ» автожолының 111-149 км аралығында да орташа жөндеу аяқталмақ. Бұған қоса Орал қаласы әуежайының кірме жолы мен Бәйтерек ауданындағы Деркөл өзені арқылы өтетін апатты жағдайдағы көпірді орташа жөндеу жоспарланып, қосымша қаражат қарастырылған.
Өңірдің аудандық маңызы бар және елді мекендердің кірме жолдарының 270 шақырымы биыл жөндеуден өтеді. Атап айтсақ, Ақжайық ауданы аумағында жалпы құны 614 млн теңгелік 3 жоба іске асып, 6,4 шақырым жол салу жоспарланған.
Бәйтерек ауданында 10 жоба бойынша жалпы құны 7 712 млн теңге бөлінген, мұнда барлығы 113 шақырым автожол пайдалануға берілмек. «Бұл жолдардың үшеуі жаңа жоба, жетеуі 2022 жылдан ауысады» дейді А.Менеев.
Бөрлі ауданы бойынша жалпы құны 1 115 млн теңге болатын 14 шақырымдық жол салынбақ. Жаңақала ауданында да жоба бойынша жалпы құны 1 984,8 млн теңгелік 4 жоба қолға алынған. Нәтижесінде, 30 шақырым жол жаңартылмақ.
Жәнібек ауданында жоба бойынша жалпы құны 7 714 962 млн теңге және ұзындығы 58 шақырым болатын 4 жоба іске асырылуда. Мұның үшеуі 2022 жылдан ауысқан. 2022 жылы қаржының 1 574 млн теңгесі игеріліп, 10 шақырым жол жөнделген. 2023 жылы жұмысты аяқтау үшін 2 842,6 млн теңге бөлінді.
Қазталов ауданында жоба бойынша 582 млн теңге бөлініп, 10 шақырымды құрайтын 1 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде 23 млн теңге игерілді. 2023 жылы жұмысты аяқтау үшін 502 млн теңге бөлінді.
Қаратөбе ауданында биыл жалпы құны 245 млн теңгенің жұмысы атқарылып, 2 шақырым жол салынбақ. Ал Сырым ауданында 2 жаңа жоба іске асырылуда. Мұнда жалпы құны 2 182 млн теңге бөлініп, 29 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланып отыр. Тасқала ауданында да 2 557 млн теңге қаржыға жалпы ұзындығы 46 шақырым болатын 4 жоба қолға алынған. Теректі ауданында да осындай: 2 298 млн теңгелік 4 жоба бойынша 19 шақырым жол жаңартылмақ. Шыңғырлау ауданында да биыл 81,4 шақырым жол жөнделеді. Ол үшін 7 жоба жасалып, жалпы құны 4 377 млн теңгенің жұмысын атқару көзделген.
Әрине, жоғарыда айтылған барлық жобаны уақтылы іске асыру үшін қажетті жол-құрылыс материалы – битум мен қиыршық тас үздіксіз жеткізіліп тұруға тиіс. Міне, жол құрылысымен айналысатын компаниялар мен осы саладағы мемлекеттік мекеме басшыларының бас ауыртатын мәселесі – осы.
Мысалы, қиыршық тас Ақтөбе облысынан теміржол арқылы жеткізіледі.
2023 жылы қиыршық тас материалына деген қажеттілік 1 931 мың тоннадан астам екен. Мұндай мөлшердегі материалды тасымалдауға 28 мың вагон қажет.
– Өңірімізде жыл сайын тап болатын жол құрылыс материалдарының мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Кейінгі жылдары автожол нысандарында болған инертті материалдардың тапшылығы биыл да қайталанбауы үшін маңызды іс-шаралар жасалып жатыр. «Қазақстан темір жолы», «Қазақстан темір жолы – Жүк Тасымалдары» және «ҚазТемірТранс» компанияларымен жүргізілген келіссөздер арқасында құрылыс маусымы басталғанға дейін облыстық және аудандық маңызды нысандарға қажетті қиыршық тасты барынша жеткізіп алдық. Қазіргі таңда биылға керекті көлемнің 38%-ы, яғни 5 665 вагон – 390 мың тонна қиыршық тас жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, – дейді А.Менеев.
«Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, былтыр битум тапшылығын көрген жолшылар оның да қорын жасап алуға тырысуда. 2023 жыл бойы жергілікті автожолдар құрылысы үшін 30 мың тонна битум қажет болса, қазір соның 8 мың тоннаға жуығы жеткізілген. «Бұл жұмысты да жалғастырып жатырмыз», дейді Айдар Қазбекұлы.
– Жол – экономиканың күретамыры екені – өзгермейтін қағида. Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде де: «Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, сапалы байланыс керек», деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан жол құрылысына кідіріс келтірмей, жобаларды сапалы орындау үшін қатаң қадағалау керек, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Жиын барысында облыс әкімі кейбір жобалар бойынша жұмысы басталмай тұрған аудан әкімдеріне ескерту айтып, мәселенің түйінін тезірек шешуге тапсырма берді.
Кеңес қорытындысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесіп аудандардағы жол нысандарында жұмыстың дереу басталуын, уақтылы және сапалы іске асырылуын бақылау жүктелді. Басқарма сонымен бірге жол құрылысына қажетті материалдардың уақтылы келуін бақылауды жалғастыруы қажет.
Ал «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы жол сапасын тексеріп, нәтижесін тапсырыс берушілерге уақтылы беріп отыруға тиіс.
Батыс Қазақстан облысы