Жақында жергілікті бюджеттің 400 млн теңгесі ата-анасы жоқ, аз қамтылған және төтенше жағдай салдарынан жапа шеккен отбасылардың балаларының жазғы демалысын ұйымдастыруға бөлінді. Ақтөбе қаласының төңірегінде балаларға арналған тоғыз лагерь орналасқан. Оның екеуі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Мектептен босаған баланы үш ай бойы гаджеттер мен смартфондардан «ажырату» қазіргі күннің өзекті мәселесіне айналғандықтан, көпшілік ата-ана жазғы демалыс күндерінде ұл-қызының қала сыртындағы лагерьде демалғанын қалайды. Олардың дені баласына сауықтыру лагерінің жолдамасын өздері сатып алса, ірі өндірістік мекемелер еңбеккерлеріне мұндай жолдаманы кәсіподақ ұйымы арқылы ұсынады. Жаз басталысымен балалар үшін де жолдама бағасы шарықтайды. Өйткені қала сыртындағы сауықтыру орындары жазда ғана табыс тауып, жыл бойы бос тұратындықтан, демалыс кезеңін тиімді пайдаланып қалуға тырысады. Сол себепті жаз маусымы аяқтала салысымен лагерь корпустарын ересектер демалатын орынға айналдыруды құп көреді.
Қала сыртына бірнеше күнге демалуға кеткен балалардың қауіпсіздігіне лагерь басшылығы мен тәлімгерлер жауап береді. Десе де, тәрбиесі ала-құла отбасылардың балаларын он күнге бір жерде басын қосу олардан үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Бүгінгінің баласы бұрынғының баласы емес екенін жақсы түсінгендіктен, ата-ана ең бірінші кезекте сауықтыру лагеріндегі ішкі қауіпсіздікке қатты алаңдайды.
Облыстық білім басқармасы осы жазда барлық ауыл-қала оқушысының 98 пайызын жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отыр. Өңірде 1-10 сынып аралығында 158 312 мектеп оқушысы бар. Олардың бәрі бірдей қала сыртындағы лагерьге бара алмайтыны анық. Бірақ бала жазда бос жүрмеуі керек. Сол үшін өңірдегі 360 мектеп жанынан жазғы лагерьлер ұйымдастырылып жатыр. Олардың көпшілігі жарты күнге есептелген, кейбірінде аз қамтылған отбасылардың балалары ертеден кешке дейін түрлі іс-шараларға қатысып, түскі асты да осы жерде ішетін болады. Сонымен бірге өңірдегі 49 қосымша білім беру ұйымында зияткерлік және шығармашылық бағыттағы үйірмелер жаз бойы жұмыс істейді.
1 маусым – Балаларды қорғау күні орталық саябақта ата-аналарға қала сыртындағы шатырлы сауықтыру лагерьлерінің жолдамалары ұсынылады. Жақында «Campit» жазғы лагерінде «Жаз.Bala.Fest» семинары өткізіліп, онда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының мамандары, облыстық ғылыми-практикалық орталықтың психологтері, «Оқушылар сарайы» мен «Жас турист» стансасының тәлімгерлері балалардың жазғы демалысын қызықты етіп өткізу тәжірибелерін ортаға салды. Оған өңірдегі лагерь басшылары мен осы жерлерде жаз бойы жұмыс істейтін әдіскерлер мен тәлімгерлер қатысты.
Қала сыртындағы лагерьлер 200 мыңға жуық оқушыны түгел қамти алмайтыны анық. Оның үстіне жатын корпустары, ойын алаңдары, асханасы дені сау балаларды қабылдауға ғана арналған. Мүгедектігі бар балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыра білу де маңызды. Ерекше қажеттілігі бар балаларға лайықталғаны қала сыртындағы «Күншуақ» сауықтыру лагері ғана. Бұл жерде табиғат аясында серуендеу, атқа міну сияқты емдік шаралардан өтіп, он күн тыныққан мүмкіндігі шектеулі баланың еңсесі көтеріліп, үйіне көңіл күйі жақсарып қайтады. «Күншуақта» бір мауысымда 54 бала қабылданады. Былтыр мүгедектігі бар 1 080 бала осы жерде оңалтудан өтті. «Күншуақта» денсаулығында кінәраты бар бес баланың біреуі ғана демалса, басқалары жылдап кезегін күтеді. Аудандарда мұндай балаларға арналған бірде-бір демалыс орны жоқ.
Өңірде денсаулығында кінәраты бар балалар саны жыл сайын көбейіп келеді. Егер 2015 жылы Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі 5 159 бала тіркелсе, 2019 жылы олардың саны 6 370-ке, 2022 жылы 6 700-ге жеткен. Мүгедектігі бар 2 094 бала мектептер мен арнайы түзету ұйымдарында оқыса, жүріп-тұра алмайтын, әлеуметке кіруі өте қиын 1 026 бала үйде отырып қалды. Өз қатарластарымен еркін араласа алмай, төрт қабырғаға қамалған баланы күндіз-түні бағып отырған ананың да шыдамы таусылып, жүйкесі жұқарады. Сол үшін де баласымен бірге табиғатқа шығып, сергіп қайтқысы келеді. Ал Ақтөбедегі жалғыз «Күншуақ» лагері үйден шыға алмай отырған барлық мүгедек баланы қабылдай алмайды. Сондықтан да ерекше қажеттілігі бар жеткіншектің қоғамға араласуы үшін оның демалысын жақсы ұйымдастыра білу өте маңызды. Туабітті мүгедектігі бар балаларды өсіріп отырған ата-аналар баласымен бірге демалатын коммуналдық лагерь ашылса деген ұсыныс айтты.
Ақтөбе облысында мектеп жасындағы балалардың жазғы демалысы үшін бағасы қолжетімді сауықтыру лагерьлерінің аздығы, соның ішінде аудан балаларын жеткілікті түрде қамти алмай жатқандығы, табиғат аясындағы шатырлы лагерьлер жұмысын ұйымдастыру, мүгедек балаларды оңалту орталықтарының жетіспеушілігі – күн тәртібіндегі мәселенің бірі.
Ақтөбе облысы
Егемен Қазақстан • Кеше
Тарихи атшабарды қайта ашқан азамат
Тұлға • Кеше
Әділдің өнері жоғары бағаланды
Хоккей • Кеше
Спорт • Кеше
Спорт • Кеше
Оқиға • Кеше
Ұқсас жаңалықтар