Алқалы жиынды Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Ілияс Ысқақов ашып, рухани құнды деректерді жинаудың маңызына тоқталды. Бүгінде мұрағат қорында 200 мыңнан астам бейне, фото және аудио құжаттар сақталған архив мекемесі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы Қазақстан тарихы бойынша ретроспективті аудиовизуалды ақпараттарды сақтап отырған республикадағы бірден-бір мамандандырылған орталық.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтауын конференция қатысушыларына Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш жеткізіп, еліміздің архив ісінің дамуындағы мамандар еңбегіне тоқталды. Сонымен бірге халқымыздың санғасырлық баға жетпес құндылықтарын жинауда кәсіби біліктілігімен дара тұрған архившілер алдында жаңа міндеттер тұрғандығын жеткізді.
Жиын барысында қор жинақтау ісіне зор үлес қосқан кинорежиссерлер Сергей Әзімов пен Бақыт Қайырбековке құрмет көрсетіліп, архив саласының ардагерлері мен кәсіби мамандары марапатталды.
Бүгінде техникалық жарақталуы тұрғысынан жетекші архив үдесінен шығатын қордың алдында заманауи міндеттер тұр. Архив құжаттарының мазмұны күрделі келетіндіктен, арнайы режімде сақтауды қажет етеді. Ал цифрлы жүйе зерттеушілер сұранысын жылдам қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы орайда, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві қорының 40 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшірілген. Кейінгі жылдары, әсіресе, ғимараттардың құрылысы және қайта қалпына келтірілуі туралы құжаттарға сұраныс көбейген. Бүгінде Архивтің оқу залына келетіндер саны артып отыр. Жыл өткен сайын көне мұрағат құжаттарына шетелдік зерттеушілердің де қызығушылығы артып келеді.
Жиын барысында Архив директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сатаева «Архив қызметінің жетістіктері мен алдағы бағыттары» туралы баяндама жасаса, Польшаның Алматы қаласындағы Бас консулы, профессор Джозеф Тымановски, Ресей, Өзбекстан, Беларусь мемлекеттік архивтерінен Е.Романова, А.Гончар, Д.Ким архив ісіндегі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мәселесін қозғады. Ал Мэриленд университеті тарих факультетінің доценті Сара Камерон «Арал теңізі: 1980-2023 жылдарда Қазақстанның мемлекеттік билігі және қоршаған орта аудиовизуалды деректерде» баяндамасын қатысушылар назарына ұсынды. Ғалым бүгінде әлем зерттеушілері үшін ерекше тартымды аймақ саналатын Қазақстанның тарихы мен мәдениеті қай кезде де зор қызығушылық туғызып келеді. Осы орайда ғалымның Арал тағдырына қатысты зерттеуі еліміз туралы мәліметтерді кеңірек тануға мүмкіндік береді.
«Архив қазынасы – ғасырлар куәсі» аудиовизуалды көрмесі шараның мазмұнын айшықтай түсті. Ұлт руханиятының әрбір сәтін бейнелеп тұрған суреттер топтамасы, фотоальбомдар, видео, аудио құрылғыларға арналған таспалар экспозициясы деректерге мұқият үңілуді қажет етсе, халық игілігіне айналдыру мақсатында жасалған белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінің дауысы жазылған аудиотаспалар, аудиокітап нұсқалары ерекше назар аудартады. Қазіргі кезде «Қазақ халық ертегілері» аудиокітабын Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
«Уақыт естеліктерінің әр сәтін сақтаймыз» фотоальбомы мен «Дәуір дәптері» деректі фильмі де архивтегі сирек қордың тарихи салмағын арттырып қана қоймай, онда қамтылған әр деректің бір зерттеуге сұранып тұрғанын аңғартады.
Екі күн аясында конференция қатысушылары мәдени мұра жәдігерлерімен танысып, цифрлық технологияларды енгізудің жай-күйі, ұлттық архив қорының аудиовизуалды құжаттарын сақтау мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстарымен бөлісті.
АЛМАТЫ