Спорт • 28 Мамыр, 2023

Ең бай боксшы

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Surprise Sports» басылымы әлемдегі ең бай кә­сіп­қой боксшылардың рейтингін жариялады. Сол тізімде Қазақстанда дүниеге келіп, кейіннен өзі­нің тарихи отаны – Украинаға қоныс аударған Владимир Кличко да бар.

Ең бай боксшы

Владимир 1976 жылдың 25 наурызында Семей қала­сында дүниеге келді. Оның әкесі әскери адам болған. Сөйтіп, Кличколар отбасы Қазақстанның біраз жерін шарлаған көрінеді. Бірер жыл Жамбыл облысының Құлан өңірінде де тұрған. Владимир 1996 жылы аса ауыр салмақта Атланта Олимпиадасының жеңімпазы атанды. Одан кейін кәсіпқойлар арасында ең белді нұсқалар бойынша чемпиондық тәжді иеленді. Барлығы 69 жекпе-жек өткізіп, 64 рет жеңіске жетті. 54 қарсыласын нокаутқа жіберді. Аталған алыптың табысы – 90 миллион АҚШ доллары. Бай-қуаттылар тізімінде Кличко сегізінші орынды иеленген.

Ал Владимирдің туған ағасы – Василий 80 мил­лион доллармен тоғызыншы сатыға жайғасты. Ол да өз дәуірінің ең мықты боксшыларының бірі. Кәсіп­қой рингке 47 мәрте көтерілген Кличколардың үлкені тек екі рет қана жеңілістің кермек дәмін татты. Василий Қырғызстанда дүниеге келді.

Дәулеті тасыған боксшылар тізімінде Флойд Мэйвезер жеке-дара көш бастап тұр. 46 жастағы АҚШ-тың азаматы кезінде Атланта Олимпиадасында қола медальді иеленгеннен кейін кәсіпқойлар арасында жұдырықтасуды жөн көрді. 20 жылдан аса уақыт аралығында 50 рет жекпе-жекке шығып, барлығында басымдық танытты. 27 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Жартылай жеңіл, жеңіл, жартылай орта салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен Флойд соның барлығында абсолютті әлем чемпионы атанды. Даңқы жер жарған Мейвезердің табысы – 450 миллион доллар.

Сондай-ақ ТОП-10 боксшының қатарында мынадай гүрзі жұдырықты жігіттер бар: Джордж Форман (АҚШ) – 300 миллион, Мэнни Пакьяо (Филиппин) – 220 миллион, Оскар Де Ла Хойя (США) – 200 миллион, Сауль Альварес (Мексика) – 180 миллион, Леннокс Льюис (Ұлыбритания) – 150 миллион, Шугар Рэй Леонард (АҚШ) – 120 мил­лион және Энтони Джошуа (Ұлыбритания) – 60 мил­лион доллар.