Поэзия • 28 Мамыр, 2023

Төлегенге оралу

358 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемнің жазға ұласар шағында майсалы дала, жазық алқапты ойлаймын. Бар қырын толық ашып үлгермеген гүлдер, сол гүлге құмартқан өрімдей бойжеткен, бозбалалар. Бүкіл әлемге махаббат самалымен, сүйіспеншілік нұрымен қарайтын, біреуді ренжітіп алудан өрт тигендей қорқатын қоңыр адамдарды еске аламын.

Төлегенге оралу

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Төлеген Айбергенов жыры, расында, қуаныш жыры, махаббат жыры. Ол әлемнен қылаудай қара дақ, пенделік тозаңын табуыңыз екіталай. Құлай сүю мен құлай сенудің арасындағы мөлдір жол іспетті ол.

«О, адамдар,

біргемін мен сендермен,

Ықыласыңа

еш нәрсені теңгермен.

Сендер менің

бақытымның бұлағы,

Сендер менің

дарыныма жел берген».

Адам жанына үңілу, оны сезіну, жақсы көру, кісі жүрегінің зертханасына түсу Төлеген өлеңіне тән. Сондықтан ба екен, көктемге ғашық көңіл бүртігі оқыған сайын жаңбырмен жуған жемістей тазарта түседі. Адамдарға болған кіршіксіз махаббатыңды оятып, жер беті үлкен сәбилер мен кіші сәбилер мекеніндей елес береді.

Ақын – өз әлемінің тұтқыны. Аласапыран қоғамның сұр шек­пені, сұрықсыз бақыры ол әлемге ене алмақ емес. Оның төрі ізгі жүректен, баспалдағы абзал ойдан соғылған. «Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткен, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қанша уақыт кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды ойладым десеңші. Соның бәрін де дер кезінде қағаз бетіне түсіре бергенде ғой – басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!»

Айбергенов күнделігіндегі бұл жазба ойқұмар сөз иесінің бедер-болмысын ашады. Сірә, Толстой ақсақал айтқандай, адам­­ның негізгі міндеті «жанын­ қорғау» болса керек. Жан айғыз­данса, алтын үстіндегі өмір де азапқа айналар. Ал ақын жаны ең бастапқы нүктеден тіл қатып, тазалыққа, іңкәрлікке шақырушы.

«Сен менің өзімді көрсең,

Тұрысым осы менің.

Ал мендегі ғаламат

сезімді көрсең,

Шошыр едің!

Сен онда ойланар ең,

Мен болып сезінер ең.

Мен болып оянар ең,

Мен болып көз ілер ең.

Жеткізе алмас ең бұны

Адамның сөзіменен».

Шығыс әдебиетінде жүрек жайлы сөз көп. Адамның дүниеге көзқарасы, өзгеге баға беруі, пайым-пікірі жүректің хәліне байланысты қалыптаспақ дейді ғұламалар. Олай болса, Төлеген ақынның бізді еліктіретін күші – кіршіксіз жүрек күші. Өзімшілдік, менмендік, әумесерлік, тоғы­шар­лық шаңынан ада ұлпа қардай жүрек еңбегі.

Ақын поэзиясы жайлы сөз еткенде сағыныш жайлы айтпау мүмкін емес. «Сағыныш» атты өлеңдер циклі бұла шабыттан қопарыла түскен асқақ өнер. Онда астарлау, бұқпантайлық, іркіп қалу жоқ. Әр тармағы бұрқ-сарқ сапырылып жатқан теңіз толқыны секілді.

«Саясында болдым мен

сан шынардың,

Мен жүз қызға

ғашық болған шығармын.

Адаммын ғой,

шын сағыныш тән маған,

Бірақ, менің тамды бүгін

көз жасым,

Сол қыздардың

біріне де тамбаған».

Осынау аз ғұмырда көп пікір түйген, мол ой қорытқан ақын танымына қайран қалмасқа шара жоқ. Бірде алапат жанартаудай, бірде дала мінез данышпандай көсіп-көсіп толғаған жауһар жыр бірден көкейге қонады, сендіреді.

Төлегенге оралу – өзіңе оралу. Онда әр адамның бұлт шалмаған нәркес пейілі, түн түспеген махаббаты бар. Әлдеқашан ұмытқан аусар сезім, сәбилік шаттық алғадайлап алдыңнан шыққанда, өзіңді тани түскендей болатының сондықтан болар.