Шаруашылық • 28 Мамыр, 2023

Малшылар кооперация құруды жоспарлап отыр

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Жетісу облысына ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында 3,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Кербұлақ ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

Малшылар кооперация құруды жоспарлап отыр

Бағдарламаға қатысуға Жетісу тұрғындарынан 550-ге жуық өтініш түскен, олардың 90%-ға жуығы мал өсірумен, сүт өндірісімен айналыспақ. Мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынған тұрғындар кооперация құруды жос­парлап отыр.

«Қауымдастық 27 млн теңге кө­ле­­мінде несие алуға көмектеседі, ал ауыл шаруашылығы техникасы­ са­тып алынған жағдайда, оның 50%-ын­­ мемлекет субсидиялайды. Коопе­ра­ция арқылы жем-шөпті бірлесе са­тып алуға, дайын өнімді сатуға, есеп­шот жүргізуге болады», деді Алтай Көлгінов.

Кербұлақ ауданы – туристерге, әсі­ресе шетелдік туристер үшін тартымды өңір. Сол себепті белсенді ауыл тұрғындары туристік жобаларды да ұсынып отыр.

Өңірдің қант қызылшасын өсі­ру­ге­ әлеуеті жетерлік. Еліміздің бір­неше аймағында қант қызылшасы өсі­рілгенімен, әр маусым сайын қант тап­шылығы сезіледі. Мұның алдын алу үшін жекеменшіктегі ірі шаруа қожалықтарымен бірлесіп, осы бағытты дамытуға зор мүмкіндік бар.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ая­сын­да сүт тауарлы фермалар сынды не­гізгі жобаларға қолдау көрсетіледі. Бұл,­ өз кезегінде, тұтынушыларды елі­міз­де өндірілген сүтпен қамтамасыз етеді.

«Мемлекет басшысы бекіткен «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаты – ауыл тұрғындарын жұ­мыспен қамту. Бүгінде республика бойынша ауыл-аймақта 18 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық құру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Бұл бірегей бағдарлама арқылы ауыл тұрғындарына 2,5%-бен ­8 млн­ теңгеден астам несие беріледі. Өңір­дің ауыл шаруашылығы саласы бойынша зор әлеуетін ескере, оны әрі қарай дамыту өте маңызды», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.