Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Тұқым шаруашылығы титықтап тұр
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректор Ақылбек Күрішбаевтың пікірінше, аграрлық салада жетістікпен қатар кемшілік те аз емес.
– Қазіргі таңда ғалымдарды өнертабыстарды өндіріске енгізудегі мәселелер толғандырады. Көп жағдайда отандық өнімдер зертхана сөрелерінде қалып қойып жатыр. Өнертабыс нәтижелерін өндіріске енгізуде қиындық көп.
Оның бір себебі ғалымдар өз әзірлемелерінің коммерцияландыру жолын білмегендігімен байланысты болса, екінші жағынан оны іске асыруға мүмкіндіктері жоқ. Ғылыми конкурстардың мерзімі үш жылмен шектелетіндіктен, ғалымдарға жобамен айналысу, өндіріске енгізу тұрғысынан да салмақ түсіп отыр. Бұл жүйедегі басты кемшілік. Осы орайда «Ғылым қорының» басшылығы ғалымдардың пікірін қаперге алып, коммерцияландыру барысына қатысты талаптарды қайта қарастыруы керек. Ал өнертабысты өндіріске енгізіп, отандық брендке айналдырамыз десек, бизнесті қолдау орталықтары, бизнес-инкубаторлар, технопарктер құру маңызды және ірі бизнес өкілдерімен бірлескен іс-қимылдар қажет, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Әлемдік бәсекелестік жағдайында ғылымды экономикамен ұштастыру маңызды. «Ғылым қорының» басқарма төрағасы Әбділдә Шәменов бүгінде операторлықтан да кең ауқымды қызметтерді жүзеге асырып отырған қор кейстері біліктілікті арттыру, озық тәжірибені тарату, ғылыми кәсіпкерлік мәдениетті дамыта отырып, гранттық жобаларды қаржыландыруға бағытталғанын жеткізді. Аталған қор ғалымдарға ғана емес, технологияларды коммерцияландыру мақсатында кәсіпорындарға да қолдау көрсетіп келеді. Яғни, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізумен қатар халықаралық нарықққа шығуды қарастырады. Осы орайда Ә.Шәменов қордың ғылым мен бизнесті интеграциялаудағы қызметіне тоқталып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі іске асып, осы жылдың 6 маусымында өтетін «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» алаңындағы кездесулерде жалғасын табады.
Бүгінде импортқа тәуелді саланың бірі – тұқым шаруашылығы. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаеваның пікірінше, еліміздегі тұқым шаруашылығының қазіргі жағдайы мәз емес. Институт алдыңғы қатарлы селекциялық орталық ретінде 200-ден астам сорт пен будан шығарған. Оның ішінде күздік бидай мен тритикаленің – 31, көп жылдық жем-шөптің – 34 түрі, сондай-ақ жүгері, дәнді бұршақ, сұлы, қант қызылшасы, күріш, майлы дақыл түрлері бар. Ш.Бастаубаеваның айтуынша, институт тарапынан 2017-2021 жылдары «Ғылым қоры» негізінде жүзеге асқан жобалардың мақсаты отандық гибрид сорттарды шығаруға бағытталған.
– Жоба аясында отандық селекция негізінде қызылшаның жоғары сортты технологиясы «Қамқорлық», «Жылбұлақ» шаруашылықтарымен бірлесе жүзеге асқан болатын. Жоба құны 209 млн теңгені құрайды. Аталған жылдарда еліміздің шаруашылықтары 900 млн теңгеге шетелдік тұқым сатып алған. Аймақтарда сапаға бақылаудың жоқтығынан шетелдік тұқымдардың арамшөп, аурулар тарау, зиянкестер қаупі жоғары болды. Сонымен қатар шетелдік гибридтер қысқа вегетациялық кезеңге өте төзімсіз. Сондықтан отандық тұқым шаруашылығын дамытпайынша, шаруашылықтар тарапынан шетелдік тұқымдарға тәуелділік арта беретіні сөзсіз. Оның салдары еліміздегі баға саясатына да ықпал ететіні белгілі, – дейді Ш.Бастаубаева.
Бүгінде институт мамандары сапасы жоғары 8 гибрид түрін әзірлеген. Елімізде 2027 жылға дейін қызылша өндірісін дамыту тұжырымдамасы әзірленгенін әрі алдағы жылдары үш ірі зауыт салу көзделіп отырғанын ескерсек, агросектордың қызылша шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытуға мүмкіндігі зор. Отандық жаңа гибридтерді енгізуде қызылша егетін шаруашылықтарды халықаралық талаптарды сақтай отырып, дамытуға болады. Қазіргі кезде Алматы облысында 600-ден астам, Жамбыл облысында 260 шаруашылық бар. Олардың сапалы қызылша сорттарына деген сұранысы жоғары. Институт басшысының айтуына қарағанда, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан тұқым шаруашылығы нарығындағы ахуал Қазақстанға ұқсас. Осыған байланысты ғалымдар алдында Еуразиялық қант гибридін жасау міндеті тұр. Осы орайда ғалымдар 2030 жылға дейін шаруашылықтарды 30 пайызға дейін отандық тұқыммен қамтамасыз етіп, 20 млн тонна қант қызылшасы мен 7 млн тонна қантпен қамтуды жоспарлап отыр.
Еліміздегі тұқым шаруашылығының кенжелеп қалу себептеріне тоқталған Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаев «Көкөніс-бақша дақылдары бойынша 75 пайыз, ал кейбір түрлері бойынша 90 пайыз шетелге тәуелдіміз» дейді. Ғалымның айтуынша, бақша-дақыл тұқымдары жергілікті түрлерге қарағанда он есеге дейін қымбат келеді. Мысалы, бір гектарға егілетін пияз тұқымына 500-600 мың теңге кететін болса, жергілікті тұқымның бағасы 50-60 теңгені құрайды. Тіптен, кейбір шетелдік тұқым түрлерінің тоннасына 4-5 млн теңгеге дейін қаржы жұмсауға тура келеді.
Бүгінде елімізде 27 дақыл түрі бойынша 200-ден астам сорт бар болса, оның 150-ден астамы аудандастырылған. Қазіргі кезде еліміздегі шаруашылықтардың тұқымға сұранысы 800 тоннаны құрайды. Осы орайда субсидия мәселесін де жүйелеу қажеттігіне тоқталған ғалым шетелдік тұқым бағасының еліміздегі баға саясатына, эпидемиологиялық жағдайына да кері әсер етіп отырғанын жеткізді.
– Ғылыми зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Заманға сай ауыл шаруашылығы техникалары жоқтың қасы. Қазіргі кезде тұқымды отырғызу, іріктеу, дәрілеу жұмыстары қолмен жасалады. Ал жылдар бойы қордаланып келген импортқа тәуелділікті азайту мақсатында жергілікті шаруашылықтарды дамыту қажет. Институт базасында республикалық тұқым шаруашылығы жүйесін құру өнімді бір орталықтан сұрыптау, тазалау жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Десек те шаруашылықтардың ішінде шетелдік сорттарды таңдайтындары да бар. Оны өсіріп, көбейтуге де ғалымдардың әлеуеті жетеді. Ал бақша дақылдарының елу пайыздан астамын жекеменшік бау-бақша иелері өндіретіндіктен, олардың да қажеттілігі ескерілуі керек. Яғни табиғи, химиялық қоспасыз арнайы пакеттердегі тұқымдарды нарыққа шығару, сонымен қатар бау-бақша дақылдарының табиғи дәмін, нәрін сақтай отырып, кептірілген жеміс-жидектер, джем, басқа да өнімдер өндіру тағам қауіпсіздігінің кепілі болмақ. Жергілікті өнімдердің сапасы да, өнімділігімен қатар бағасы да қолжетімді. Ол үшін қол жұмысын, өнімділікті арттыру үрдістерін технологиялармен алмастыру міндеті тұр, – дейді Теміржан Айтбаев.
Бәсекеге қабілетті өнім
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары гранттық жоба аясында ет және ет жарма консервілерін өндіру мақсатында түйе етін қайта өңдеу технологияларын енгізіп, Алматыда түйенің бұқтырылған етінен консервілер шығаратын зауытты іске қосқан болатын. Жоба жетекшісі – биология ғылымдарының докторы, профессор Әсия Серікбаева. Инновациялық өнім қаптамасының тасымалға қолайлылығы мен тағамның экологиялық қауіпсіздігімен ерекшеленеді. Жоба жетекшілерінің бірі биология ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2016 жылы жүзеге асқан өнертабыс «Ғылым қоры» арқылы қаржыландырылып, өндірістік мақсаттарға «Күн нұры» мекемесіне 170 млн теңге көлеміндегі қаржы берілген.
– Компания өз тарапынан қосымша 12 млн теңге және өндірістік алаңын ұсынды. Қытай, Ресей, Еуропа, Молдовадан құрылғылар сатып алынды. Консервілер нарыққа реторт пакеттер мен ламистерлік банкада инновациялық қаптамада жөнелтіледі. Өндірістік қуаттылығы жылына 600 мың дананы құрайды. Тасымалға ыңғайлы болғандықтан, қазіргі кезде Қытай компаниялары тарапынан піскен күріш және түйе етін бір қаптамада жасау туралы ұсыныс түсіп отыр. Ал еліміздің Ақтау, Атырау өңірлерінен сұраныс тұрақты. Бүгінде түйе етімен қатар арпа, қарақұмық, күріш қосылған ботқа, сиыр, күркетауық етінен жасалған және сүйектерден үй-жануарларға арналған өнімдерге жергілікті компаниялар тарапынан сұраныс жоғары. Алдағы уақытта ғалымдар жетістіктерін өндіріске енгізуде коммерцияландыру бағытындағы талаптарды жетілдіре түсу қажет, – дейді Ж.Сүлейменова.
Жақында Астанада өткен «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» алаңында жеңімпаз деп танылған тағы бір жобаны аграрлық университет ғалымдары іске асырған болатын. Техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Оспановтың жетекшілігімен жүзеге асқан табиғи макарон өнімдері өндірісі ұлт саулығының кепілі болатыны анық.
– Елімізде табиғи, қауіпсіз өнімдерді тұтынатын орта қалыптасып келеді. Осыған орай өндіріс орындары да қауіпсіз тағамға басымдық бере бастады. Астықты әрі индустриялы ел ретінде халық саулығын бірінші кезекке қоя отырып, зиянсыз тағам өндірісіне мән беруіміз қажет. Бидайдан алған өнімдердің ағуыздары құнсыз болып келетінін ғалымдар соңғы он бес жыл көлемінде зерттеп келеді. Нарықтағы бірден-бір кемшілік дәстүрлі бидайдан жасалатын макарон өнімдері қамырының реалогиясын жақсарту үшін өндірушілер жасанды биологиялық белсенді заттар қосады. Ал оның адам ағзасына кері әсерін ешкім тексеріп жатпайды. Мысалы, 100 кило ұнға 10 грамм қоспа қосылатын болса, онда қандай қуат болуы мүмкін деген заңды сауал туындайды. Бұл өнімнің құрамында химиялық қоспалар мен гендік модификацияланған өнім бар екенінің дәлелі. Осы орайда композитті ұннан жасалған өнімдерде ұнның басын біріктіру үшін табиғи бидай глютені қосылады. Өндірісте стандартты емес, адам ағзасына, ас тағам қорытуға пайдалы талшықтарға бай толық түрде ұнтақталған ұн пайдаланылады. Бүгінде табиғи өнім өндірісін дамытуға ықыласты, инвестиция салуға дайын компаниялардан сұраныс бар. Бірақ олардың көпшілігінің өндірістік базасы жеткіліксіз болып отыр. Отандық макарон өнімдері құнарлығымен ерекшеленіп қана қоймай, еліміз ғана емес, шетел нарығында да зор сұранысқа ие болатыны сөзсіз, – дейді Әбдіманап Оспанов.
Бүгінде университет базасында жүзеге асып жатқан екі ірі жоба табиғи әдіспен жеміс-жидек өнімдерін өндіруге бағытталып отыр. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Қазақстан-Нидерланд орталығының жетекшісі, Жеміс-көкөніс және өсімдік қорғау кафедрасының профессоры Гүлфарида Кәмпитова «Нидерландық технологияларды пайдаланып, кәсіпкерлерге бақтарды егу мен күтуді үйрете отырып, жеміс-жидек шаруашылығын дамыту саласындағы инновацияларды өндіріске белсенді енгізіп келеміз», дейді. Ал Қазақстан-Корея жылыжайында бүлдірген органикалық әдіспен өсіріледі. «Гидропониканың әртүрлі әдісі арқылы табиғи жағдайда өсірілген бүлдіргеннің хош иісі, дәмі сақталады. Жобаның тиімділігін басшылыққа ала отырып, үш жылдық жоба мерзімі бес жылға ұзартылып отыр. Мұнда әртүрлі сорттарды зерттеп, бейімдеу жұмыстары да іске асып жатыр. Отандық жаңа сорттар шығару және шетелден әкелінген жаңа сорттарды жергілікті климаттық жағдайға бейімдеуден өткізу жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен бірге шетелдік коллекциялар жасалып жатыр. Мысалы, экономикалық тиімділігі жоғары көкжидек, ремонтантты таңқурай, бүлдірген, спаржа сорттарын жерсіндіріп, бейімдеу мүмкіндігі жоғары. Шетелдік инвестиция салынған бұл өндірістер келешекте ел нарығына қызмет етумен қатар табиғи өнім өндірісін дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Гүлфарида Кәмпитова.
Мұндай өндіріс алаңдарын агроуниверситеттер, орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары базасында дамыту еліміздің бау-бақ, жеміс-жидек нарығы әлеуетін арттырып, жаңа отандық сорттарды әзірлеуге ықпал етеді.
Топырақты тоздырмаудың жолы бар ма?
Президент тапсырмасына орай елімізде 2 млрд ағаш отырғызу міндеті тұр. Осы орайда ғалымдар тарапынан ағаштарды отырғызу механизмдері зерттелу үстінде. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Орман шаруашылығы және аңшылықтану кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бұлқайыр Мәмбетов елімізде питомниктерді отырғызу ісіне тоқталды. Профессордың айтуынша, 30 млн гектар аумақты алып жатқан орманды алқаптардың жартысын сексеуілдер құрайды. Қазіргі кезде мамандар әрбір аймақтың ерекшелігіне қарай қай өңірде қандай ағаш түрлері жылдам жерсінетіні туралы зерттеулермен айналысып жатыр.
– Ашық алаңдарда, өртке шалдыққан аймақтарда, сулы, құрғақ алқаптардың ерекшеліктерін негізге ала отырып, жаңа технологиялардың көмегімен жасыл-желекті көбейту ісіне мән беріліп отыр. Қазіргі кезде тұқымдарды қолмен жинау ісін техникалар алмастыру үстінде. Үш жылда көшет беретін ағаш түрлерін екі жылда-ақ өсіріп, баяу өсетін көшеттерді жылдам өсіру технологиялары қарастырылып жатыр. Құм және сортаң жерлер, жауын-шашынды, сондай-ақ құрғақ аймақтарға тән түрлері іріктелуде. Мысалы, Арал ұлтанында ағаштардың жерсінуі баяу келетіндіктен, көктемде ауа райына қарай жерсінуі де қиынға соғады. Батыста емен жақсы өседі десек, табиғи алқаптар, су жағасында өсетін ағаштар, Сырдария бойындағы тоғайлы ормандар азаю қаупі басым. Су тапшылығынан көптеген жасыл-желекті алқаптар сиреп барады. Міне, осындай күрделі мәселелерді зерттеу орманшы ғалымдар алдында тұрған басты міндет. Ал оны жүйелі іске асыру үшін жаңа технологиялық мүмкіндіктер басшылыққа алынуға тиіс, – дейді Бұлқайыр Мәмбетов.
Кейінгі жылдарда ғалымдар топырақтың тозуына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия институтының қызметкері Құралай Мұсаева ел өңірлеріндегі топырақтың сапасы ерекше назар аударуды қажет етеді деген пікірде. Қазіргі кезде институт мамандары Қызылорда, Шымкент, Астана, Алматы облысы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде Астана аумағында топырақ тұздана бастаған. Құнарлы топырақ 40 пайызын ғана құрайды. Оның басты себебін шаруашылықтар өнім алуға мән беріп, топырақ сапасын жақсартуға көңіл бөлмейтіндігімен байланыстырған Қ.Мұсаева минералды тыңайтқыштарды жөнсіз қолданудың да топыраққа залалы бар екенін алға тартты. Қазіргі кезде институт мамандары ауыл шаруашылығы алқаптарындағы топырақты қалпына келтіру мақсатындағы зерттеулерді іске асырып жатыр.
Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Тұрақты егіншілік орталығының жетекшісі Майра Құсайынова шаруашылықтарды қолдау мақсатында егіншілік жағдайын, биомассасын, топырақтың құнарын анықтау мақсатында сараптама жасалып, аймақтар арнайы дрондардың көмегімен зерттеліп отырғанын жеткізді. Гранттық жобалар нәтижесінде сатып алынған шағын камералы, инспектралды және зум дрондар арқылы аймақтардың картасын жасап, нәтижесін анықтауға болады. Орталық мамандары сонымен қатар топырақ құрамына сараптама жасаумен айналысады. Қазіргі кезде Ақмола, Қызылорда, Алматы облыстары бойынша жобалар жүзеге асқан. Маманның айтуынша, еліміздің солтүстік аймақтарындағы топырақ өте құнарлы. Ал оңтүстікке қарай құнарлығы төмендеп сұр, боз топыраққа айналады. Қазіргі кезде ел өңірлерінің 70 пайызы қуаңшылыққа шалдыққан. Оның 30 пайызын ғана ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға болады. Солтүстік өңірлер жауын-шашын суын, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс суғару әдісін пайдаланады. Бидай солтүстік өңірлерде жақсы шығым берсе, бау-бақша өнімдері оңтүстік өңірлерге тән әрі өнімділігі де жоғары. Міне, осындай табиғи ерекшеліктерді басшылыққа ала отырып, орталық мамандары топырақ құрамын зерттеу, құнарлылығын арттыру мақсатындағы жобаларды іске асырып келеді. Десек те, Майра Құсайынованың айтуынша, қандай да бір себептерге қарамастан, топырақтың құнарлылығын қолдан жақсарту мүмкін емес. Осы орайда кәсіби мамандар даярлау міндеті тұр. Мамандандырылған топырақтанушылар, агрономдардың көмегімен ғана дұрыс суғару әдістерін пайдалану арқылы топырақтың күтімін жақсартып, өнімділігін арттыруға болады. Алдағы уақытта кәсіби мамандар даярлау ісіне жете көңіл бөлінбесе, топырақтың тозғаны тозған, дейді мамандар.
Ғалымдар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жоғары технологиялық өнімдерді ілгерілету мен технологияларды коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін талқылап, өсімдік, мал шаруашылығы, ветеринария, шикізатты қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру, технологияларды коммерцияландыру бойынша ұсыныстарды тиісті орындар назарына ұсынып, оның нәтижелі болатындығына үміт артып отыр.
АЛМАТЫ