– Санжар, алдымен өзіңді оқырмандарымызға жақынырақ таныстыра кетсең.
– Мен Жетісу облысындағы Сарқан ауданының Екіаша ауылында дүниеге келдім. Әкем қайтыс болған. Анам – жеке кәсіпкер. Алдымда әпкем бар.
– Күрес өнерінің қыр-сырына туған ауылыңда қаныққан боларсың?
– Жоқ, біз ертеректе Екіашадан Алматы облысындағы Қарасай ауданының Райымбек ауылына қоныс аудардық. Уақыт оза өзіммен қатарлас балалардың іргедегі Абай ауылына барып, еркін күреспен шұғылданып жүргенін білдім. Мен де соларға ілесіп, Ербол Керімбеков есімді бапкерден тәлім-тәрбие алдым. Шыны керек, алғашында алысып-жұлысу маған аса ұнамады. Бірақ әкем «қайтсең де күреспен айналысасың» деген талап қойды. Ал әр бала үшін әкенің айтқаны – заң. Сөйтіп, мен күреске мықтап ден қойдым. Уақыт оза Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түстім. Ол жерде мені Еркебұлан Кешубаев жаттықтырды.
– Мектеп-интернатта оқып жүрген кезіңде қандай табысқа қол жеткіздің?
– Пәлендей табысқа қол жеткізе алған жоқпын. Ең тәуір көрсеткішім – кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігінің қола жүлдесі. 2017 жылы мектеп-интернатты тәмамдағаннан кейін Самат Ерғалиевтің қол астында жаттыға бастадым. Сол кісінің қамқорлығының арқасында оқу-жаттығу жиындарына жиі қатысып, жарыстардан қалмайтын болдым. Самат аға өз қалтасынан еңбекақы төледі. Нәтижесінде, шеберлігім шыңдала келе, елішілік жарыстарда жүлде ала бастадым.
– Жастар арасында қандай жарыстарда жүлде алдың?
– 2019 жылы Өскеменде өткен ел біріншілігінде бас жүлдені олжаладым. Таиландтағы Азия және Эстониядағы әлем чемпионаттарына қатыстым. Бірақ ол жарыстарда жолым болмады. Есесіне елішілік додаларда үнемі жеңіс тұғырына көтерілдім. 2021 жылдан бері мені Ғалымжан Өсербаев жаттықтырады. Карантин кезінде қазақтың даңқты балуаны Дәулет Ниязбековтің аядай гаражында алты ай бойы жаттыққанымыз бар. Сол Самат, Еркебұлан, Ғалымжан, Дәулет ағаларым менің спортшы ретінде өсуіме зор үлес қосты. Сол жылы Астанада ұйымдастырылған ересектердің Қазақстан чемпионатында 65 кило салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжаладым. Финалда танымал балуан Әділ Оспановтан басым түстім. Сөйтіп, ұлттық құрама сапына қабылдандым.
– Түркияда өткен Яшар Доғу турнирі сен үшін ересектер арасындағы халықаралық аренадағы алғашқы сынақ қой?
– Иә. Ол турнирге салмақ қумай барып, 70 кг балуандармен сайысқа түстім. Алғашқы айналымда әлем чемпионатының күміс жүлдегері қырғызстандық Ерназар Акматалиевпен айқасып, 4:5 есебімен есе жібердім. Содан кейін Азия чемпионатына қатыстым. Ұланбатырға 10 кг салмақ қуып бардым. Шектен тыс салмақтан арылуым кері әсер беріп, Моңғолияның астанасынан құралақан оралдым. Бір жарым айдан соң Қарағандыда өткен ел чемпионатында қола медаль иелендім. Үшінші орын үшін тартыста Азия чемпионы Талғат Сырбазды сан соқтырдым. 2022 жылы Талдықорғанда жастардың ел біріншілігінде (U-23) топ жардым.
– Талдықорғандағы бәсекеде әлем біріншілігіне (U-23) баратын балуандар іріктелді емес пе? Бірақ сен Испанияның Понтеведра қаласында жалауы желбірген жарыста көрінбедің ғой?
– Ол жарысқа қатыспадым. Бапкерлер менің орныма Талғат Сырбазды апарды. Пиреней түбегінде ол сәтсіз өнер көрсетті. Арада бір жарым айдай уақыт өткенде екеуміздің жолымыз Таразда Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде қиысты. Сол кезде мен Талғатты тізе бүктіріп, қола медаль иелендім.
– 2023 жыл сен үшін сәтті басталды. Ақпан айының басында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен Қазақстанның Спартакиадасында қарсыластарыңды сыпыра ұтып, бас жүлдені қанжығаңа байладың емес пе?
– Алатау баурайында кіл мықтылармен күш сынасуға тура келді. Тұсаукесер кездесуде жеңіске жету қиындық туғызбағанымен, одан кейін Мейіржан Әшіров, Талғат Сырбаз, Құрманбек Қайпанов, Егор Анчугинді жеңу үшін біраз тер төгуге тура келді. Десек те олардың да осал тұсын тауып, көздеген мақсатыма қол жеткіздім.
– Сәуір айында Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдің. Сол жарыста топ жару қаншалықты қиын болды?
– Елордада өткен додаға мен дұрыс даярлана алмадым. Өйткені соның алдында аяғымды қатты жарақаттап алған едім. Алайда жарыс өз елімізде, өз жерімізде өтіп жатқандықтан, қалай да бақ сынауды жөн көрдім. Тұсаукесер кездесудің алдында командамыздың дәрігері ауруды басатын үш ине салды. Сөйтіп, бозкілемге шықтым. Алғашқы айналымда Оңтүстік Корея өкілі Сук Хан Пакті айқын басымдықпен жеңдім – 10:0. Келесі кезеңде Әлем кубогі мен Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері қырғызстандық Оразбек Тоқтомамбетовтен 0:4 есебімен жеңіліп жатып, белдесудің соңында жеңісті қарсыласымның уысынан жұлып әкеттім. Жартылай финалда жолым Мортеза Гиасимен қиысты. Иран балуаны Токио Олимпиадасына қатысып, ширек финалға дейін жеткен, Әлем кубогінің күміс, Азия чемпионаты мен Ислам ынтымақтастығы ойындарының қола жүлдегері. Одан 4:1 есебімен басым түстім. Финалда өзбекстандық Зафарбек Отахоновтан екі ұпай артық алып, алтын тұғырға көтерілдім. Еңбегімнің ақталғанына қуандым. Жарыс аяқталған соң Ерлан Қожасбай мен Самат Ерғалиев ағаларым сый-сияпаттарын жасап, көңілімді тағы бір марқайтып тастады.
– Отандық еркін күрес тарихына үңілсек, қазақтың үш балуаны ғана ересектер арасында КСРО чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізген екен. Олардың екеуі, яғни Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев Жетісу облысындағы Сарқан ауданының тумалары. Сен де жерлестеріңе еліктеген боларсың?
– Аттары аңызға айналған аталған азаматтардың күресін көру бақыты бізге бұйырмады. Десек те, алдымыздағы ағаларымыздан олардың қандай керемет балуан болғаны жайында көп естідік. Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев Жетісу өңірінің ғана емес, күллі қазақ халқының мақтанышы ғой. Сол асыл аталарымыздың жүріп өткен жолы – кейінгі жастарға үлгі. Олар кеңес одағы тұсында өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Атағы алысқа жайылған балуандардың жеңісті жолы маған да жұғысты болса деп тілеймін.
– Қазіргі кезде 70 кг салмақ дәрежесінің тізгіні сенің қолыңда. Бірақ бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына енбеген. Ал әр спортшының арманы – төрт жылдықтың басты додасында бақ сынау. Алдағы уақытта салмақ ауыстырғың келмей ме?
– Ондай ой бар. Биыл күзде Белградта әлем чемпионаты өтеді. Сол жарыс аяқталғаннан кейін 74 кг салмақ дәрежесіне ауысуды жоспарлап отырмын. Өйткені Париж Олимпиадасына қатысу – менің де арманым.
– Елішілік жарыстарда 74 кг салмақ дәрежесінде бәсекелестік өте жоғары. Осы күнге дейін солармен жолың қиысты ма?
– Азия чемпионы Дархан Есенғали мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановтан бір мәрте басым түскенмін. Талғат Сырбазды бірнеше рет сан соқтырғанымды жоғарыда айттым. Олардан бөлек, Нұрқожа Қайпанов пен Данияр Қайсанов сынды сақа спортшылар бар. Олар әлемдік деңгейдегі додаларда атой салып жүр. Ол мықтылармен әлі күрескен емеспін. Сондай-ақ Ресейден келген Мұрат Жақыпов бар. 79 кг салмақта күресіп жүрген Болат Сақаев та алдағы уақытта бізге бәсекелес болуы мүмкін. Оның да екпіні өте күшті.
– Осындай мықтылармен айқасудан қаймықпайсың ба?
– Әрине, жоқ. Жаттығу залында шелектеп тер төгіп, бозкілемде аянбай айқассаң, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ. Бәрі де еңбекпен келеді.
– Олай болса, талабыңа нұр жаусын!
– Көп рахмет, аға!
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»