«Құмақсай» – ХІХ ғасырда Барбастау өзенінің жағалауында болған қазақ ауылы екен. ХХ ғасырдың басында бұл жерге ішкі Ресейден көшіп келген «қарашекпенділер» орналасып, жаңа қонысқа өздері туып-өскен деревняның атауын қойған. Әрине, тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық өзгерістер бұл ауылды қайтадан қазақыландырып, мән-мазмұнын өзгертіп жіберген. Енді, міне, ауылдың атауы да өзгеріп, тарихи әділеттілік орнады.
– Соңғы 5 жыл ішінде бір аудан, 36 елді мекен, 932 көше, 40 мектеп ұлттық танымға жақын атауларға өзгертілді, – дейді Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастика және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Ізбасар Жұмағали.
Көп кешікпей Жаңақала ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжі – белгілі қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевтің, Карманов орта мектебі – Дінмұхамед Қонаевтың, Бәйтерек ауданындағы Чеботарев орта мектебі – күйші Құрманғазы Сағырбайұлының есімін иеленуі мүмкін. Сондай-ақ Бөрлі ауданындағы Александров орта мектебі – Достық, Бәйтерек ауданындағы Киров және Подхоз мектептері – Болашақ және Жалын негізгі орта мектебі деп аталмақ. Бұл ұсыныстар Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 31 мамырдағы №124 қаулысы және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 31 мамырдағы №3-4 шешіміне сәйкес республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданған.
Өңірдегі жер-су атаулары саласында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу мақсатында қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен «Ономастика – мемлекеттік идеологияның негізі» тақырыбында кешенді кездесулер, «Мен тұратын көшенің тарихы» акциясы, «Ономастика – ел айнасы» кешенді іс-шаралар жүйелі өтіп тұрады. Көрнекі ақпараттарды рәсімдеуде әдістемелік көмек көрсету үшін «Tilge qurmet» қоғамдық тіл инспекциясы да өз жұмысын нәтижелі атқарып жүр. Мәселен, қазірге дейін 400-ге жуық білім ұйымы мен кәсіпкерлік нысанына «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңының 21-бабы түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетіліп, заң бұзушылық жойылған.
Дегенмен, Батыс Қазақстан облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан әлі де 67 елді мекен, 600-ге жуық көше, 48 мектеп бар екен. Сондықтан өңірдегі ономастикалық жұмыстар жалғасады.
Батыс Қазақстан облысы