Қоғам • 07 Маусым, 2023

Иесіне зиярат еткен жылқы

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұған дейін біздің білгеніміз... Жалпы, біз нені білгендейміз, осы? О бастағы киелі кітапта өлгендерді топыраққа көмудің өзін қарғадан үйренгеніміз айтылады. Десек те, Алла Тағала адам баласына сана-сезім беріп, оны күллі тіршілік атаулыға ие қылып қойғанын жариялаудан танбай келеміз-ау. Кеудемсоқпыз, ә! Қазіргілер қатыгезденген сайын, пенде баласы парықсызданған сайын жан-жануарлар адамнан зият айуанға айналып бара жатқан жоқ па деген сұрақ туады. Солай сияқты сезіледі кейде. Кейінгі бір айда кездескен құбылыстар осындай ойларға жетелейді.

Иесіне зиярат еткен жылқы

Бұрын жылқының жылайтынын білуші едік. Ауылда мінген атымыздың көзінен жас аққанын көріп, шарасыз күйге ұшырап, жанымыз ауырғаны бар. Көзі мөлт-мөлт етіп жылқының үнсіз жылағаны жүректі орнынан қозғап жібереді. «Сәуірбек аға, ғафу ет сұрағаныма, арғымақтардың да адамша жылағаны ма?» деп басталатын Серік Ақсұңқарұлының «Арғымақтар» жырын білетін шығарсыз. Қасиеттер тәрк етіле бастаған ХХ ғасырдың шындығын айтып сұмдығына күйінеді. Мирас Мұқаштың жылқы туралы мына жыры тіптен бөлек. Қазір біздің ұлт бастан кешіп жатқан кейбір келеңсіздіктер – ұлттың мыңжылдық тарихында дәлелденіп болған танымдарды жоққа шығаруға тырысушылар шыққан заманда мұндай оқиға туып, ол өлеңге айналғаны, әрине тегін дейсіз бе? Түсіну үшін жырды толық ұсынайық: «Қарағанды облысы Шет ауданы Жарылғап батыр ауылында Тайтөлеу Мұқаш есімді әкеміз өткен. Өзі сері, ат құлағында ойнайтын шабандоз азамат еді. Бұл өлең сол әкеміздің бейітінің басында тұрған жылқысын көргенде туды.

Бойында серілердің ғұрпы қалған,

Болсаң да біртуар жан,

Бір күні өте шығар

Жалынан сипатпайтын жылқы жалған.

Десек те өмір – шаттық, өлім – қайғы,

Адам түгіл аты да қайғыратын,

Мұндай өлім талайға мүмкін арман?!.

Түлігің маңайласа бұл алапты,

Әке, саған зор бақыт ұялапты.

Қамыс құлақ бұл жерге келіп тұр-ау

Ием деп: «көрсетпеген қиянатты».

Есті деуші еді ескі көз жануарды,

Бұлар да біле ме әлде зияратты?!»

Бұл оқиғаның өзі өлең. Мына шумақтар содан жан тартып туған сезім мен ойдың шашырандысы. Жанына жуытқанымен, жалынан ұстатпайтын жылқы жалған өлген иесінің басына барып, топырағын иіскеп тебіреніп тұрғаны – біз білмейтін басқа бір әлемнің хабаршысындай, мүлде тосын жайт. Аруақ барын, қасиетсіз өмірдің құны жоқ екендігін адамнан гөрі жылқы түсінетін сияқты. Аса сезімтал, түйсігі ояу, жүректі жануар ғой. «Жылқы жарықтықта жалғыз-ақ тіл жоқ» деп отыратын үлкендер. Сонау ерте замандарда даңқты тұлғаларды тұлпарымен қоса неге жерледі дейсіз? «Ер қанаты – ат» дейді. Иесінің басына барып, құлпытасына сүйенген мына жануардан соң қалай өмір сүрмек керек? Көкірек көзі бітеліп бара жатқан жұмыр басты тіршілік иелерінің түйсігін осындай жайт оятпаса, білмеймін.

«Бұлардың да сыйына алғаны ма,

Бұлардың да сенімі болғаны ма?

Иеме шарапатың тисе екен деп

Жалынып тұр ма пірі Қамбарына?

Жануар, құдіретіңе Алла куә,

Мен солай топшыладым бұл ісіңді,

Адамдық ақыл жетпес қалғанына...

Бәрін тастап қалалық дабыраның,

Ауылға барамын-ау, сағынамын...

Ауыл барсам қараймын бейіт жаққа,

Күткендей тірі жанның табыларын,

Қадірлеп иесінің аруағын

Жылап тұрған жоқ па деп жануары...»

Бас-аяғы төрт шумақ өлеңді түсіндіріп жатудың өзі артық. Жылқы туралы бірнеше шығармамен байланыстырып, астарын қаза берсе таусылмайтын әңгіме. Сөйте тұра, біз бұған дейін прозалық шығармаларымен танылып келген жазушы Мирас Мұқаштың бұл өлеңі Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасын еске түсірерін қаперлегіміз келеді. ХХ ғасырдағы ұлттың трагедиясы мен мына шумақтардағы ойлар да алыстан байланысады, тамырлас. Ал түйсікті жануардың әлгіндей әрекетіне автор айтқандай, адам ақылы жете бермейді. Анығы, сіз бен біз айналып өтуге болмайтын бір сұмдықты меңзеп тұрса керек.