Тарих • 07 Маусым, 2023

Аналар әдебі туралы кітап

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешегі аумалы-төкпелі заманда Алаш зиялыларымен бірге ұлты­мыздың ағарту ісіне өлшеу­сіз үлес қосқан санаулы қазақ қыздарының бірі де бірегейі – Нәзипа Құлжанова. Бойындағы «бәрі де елім үшін» деген қайсар рух пен өшпес жалын, көкейін­дегі ізгі сәуле оны талай биікке көтерді.

Аналар әдебі туралы кітап

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұлай дейтініміз, ол небәрі жиырма алты жасында (1913 жылы) Орыс гео­графия қоғамының Семей бөлімшесіне мүше болады. Бойында өзгеше дарыны мен асқақ жігері бар Нәзипа Құлжанова көп өтпей іркес-тіркес «Қазақ», «Сары­арқа», «Алаш» газеттерінде әйел мә­се­леле­ріне байланысты мақалалар жа­­зып, қазақ әйел­дерінің сауатты болуына, бі­лім ­алуына, олардың өзге озық елдер­дің желек­тілері сияқты еркін ғұмыр сүруі­не үн тастады.

1920 жылдан бастап Қырғыз (Қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты­ның қазақ тілінде оқулықтар, кітап­тар шығару, баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссиясының құрамында жұ­мыс істегенде, қазақша кітаптар жазып, халық игілігіне ұсынған. Солардың бірі – «Ана мен бала тәрбиесі» атты танымдық кітабы.

Қазақстан Өлкелік әйелдер бөлімі дайындаған, 1927 жылы Қызылордада баспадан шыққан бұл еңбек қазір де маңыздылығын жойған емес. Аталған кітаптың «Сөз басы» деген тарауында «Көшпелілік қазақ баласын өнер-білімнен кенде қылды, қазақтың қай шаруасын алсақ, бәрі көңілдегідей емес. Соның ішінде әсіресе бас көтертпейтін ауырлық әйел тіршілігінде. Әйелдің еншісіне тиген кең дәулет – бала көтеру, бала өсіру. Осы міндетін өсіру жолын­да біздің әйел толық қараңғыны қармалауда» делінген. Бұны оқып отырып, біз аталған кітаптың мақсаты қандай болғанына көз жеткізе бастаймыз. Автор сол кездегі қазақ баласының тең жартысы шетінеге­ні туралы ашына айтады. Тіпті ол бұның себебін өнерсіздік пен оқымағандықтың салдарынан дейді. Құлжанова осы мәсе­лені саралай келе: «Оқыған әйел бақсы, балгер, әулие, молдаға сенбейді. Надан елдің ырымына емес, ғылымға сенеді. Ең болмаса өзі ғылыми кітаптар оқып, ақылды содан іздейді», деп жазады. Зер салып көрсеңіз, өткен ғасырда да, тіпті қазір де біздің қай шаруамыз болсын сауатсыздықтың кесірінен кері тартып отырғаны шындық.

Қашанда білімді адамдардың өзгеге берер кеңесі мен ақылы кітапқа барып тіреледі. Нәзипа Құлжанова да сол дағ­дыны берік ұстанады. Оның сөзінше, кітап – әйел қауымына өте қажетті қа­зы­на. Кітап оларға босанғанда, бала өсір­ген­де таптырмас серік болып, ненің пай­далы, ненің зиян екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп жеткізеді. Былай­ша айт­қанда, «Ана мен бала тәрбиесі» ар­қылы автор күнделікті күйбеңнен аса ал­май, қара шаруаға жегіліп жүретін қазақ әйеліне араша сұрайды, еркектер­ге «жылы» сөзбен ескерту жасайды. Сон­дағы оның «жылы» сөзі мынау: «Біз­дің еркектер әйелдің аналық қасие­тін құр­меттей білмейді. Жүкті әйел жатып қал­ғанша шаруаның бәрін бір өзі басқарады. Оған бір кеңшілік жоқ. Ең арғысы ұрып-соғудан да құтылмайды. Ел еркегі буаз малды жүкті әйелінен артық көреді».

Бізді толғандырғаны – Нәзипа Құл­жа­нованың «осы кітапты ел әйелдеріне арнап жазып отырмыз» деген жалғыз сөйлемі болды. Зерделеп көрсек, осы бір сөйлемге бәрі сыйып тұр. Оқыған зиялы ретінде автордың өз елінің нәзік­жандыларына жаны ашығаны, олар да жақсы тұрмыс кешсін деген ізгі тілегі мен ниеті де осы сөйлемде. Қазақ әйелдерінің өзін күте білмегендіктен, сан түрлі дертке ұшырап, ол асқынып, арты ауыр қазаға апарып соғатыны да Құлжанованы қат­ты ойландырса керек. Әйел денсаулы­ғы­на не қажет, соның бәрін осы кітап­тан табуға болады. Балалы болудан бастап, бөбекті қалай емізу, оны күтіп, өсіру жолдары, емшексіз өскен бала мен ана сүтімен қоректенген сәбидің айырма­сын, оған керекті түрлі әдісті қаламгер қа­ғыс қалдырмаған.

Ана болатын әйел затын оның анасы тәрбиелеуі керектігі туралы баяндау­лар кітаптың салмағын арттырып тұр­ғаны сөзсіз. Нәзипа Құлжанованы тол­ғандырған келесі мәселенің бірі – қазақ әйелінің денсаулығы. «Табиғатына қар­сы әдеттер қазақ әйелінің денсаулы­ғын бұзады. Ғылымның көрсетуінше, жұқпалы дерттер денесін, мінез-құлқын таза ұстай білмеген адамға оңай жұғады». Осыдан арғы тараулар жүктілік, босану, жас босанған әйелдің тәрбиесі секілді үлкен тақырыптарды қаузайды. Кітаптың орта тұсындағы «Бала тәрбиесіне әйел ие» деген тарау тұтас бала мен ана, оны бағудың жауапкершілігі, қазақтың балаға деген құмарлығы туралы кеңінен сөйлейді.

Ана сүтінің артықшылығы да ав­тор­дың назарынан тыс қалмайды. Атап айтқанда, баланың аман-есен өсіп-же­тілуі, біріншіден, тамақтандырудан, екіншіден, дұрыс күтімнен екенін баса айтады. Ал ана сүті турасында: «Сүт – балаға жаратылыстан арналған тамақ. Баланың денесінің өсіп-жетілуіне, қа­туына керек заттың бәрі ана сүтінен та­былады», дейді. Ағартушының бұл та­нымдық кітабын қазақ әйелдеріне ар­налған әліппе десе де артық етпес. Себебі кітап бастан-аяқ үлкен мәсе­ле­лерді жіктеп, оны қазақ әйелдеріне түсі­нікті етіп баяндау­дан жалықпайды. «Ғылым жөні мен бала­ның жайына қарағанда, бала алты айға толғанша оған емшек сүтінен басқа тамақ беруге болмайды» дейді. Ал қазірдің өзінде біз осы тыйымды толық орындамай жүрміз. Тіпті балаға шайнап берген тамақтың қаншалықты зиян екенін алдымен ана ретінде, сосын аталған кітапты жазушы ретінде Нәзипа Құлжанова ашып айтады. Бұнда ол «әлдеқандай ауру әйелдің аузынан шыққан тамақтың» балаға кері әсер беретіні ғылыми дәлел тұрғысынан да өзекті деп қосады.

«Ана мен бала тәрбиесінің» түйін сө­зінде дені сау болып, дұрыс та түзу тәр­бие алған, өз теңіне тиген қазақ қызы жақ­сы ана болып, сол тәрбиесі арқылы бола­шақ аналарды тәрбиелейтінін алға тар­тады. Автор соңғы сөзінде: «Балалы әйел­дер, бар жерде өз орындарыңды игі­лікке жұмсаңдар. Болмаса, мына өзде­ріңе арналған кітапты оқып, ақылына еріп, балаларыңды «ел бастайтын ер» етіп өсіріп, өздерің аман болуларыңа тілек­теспіз!» деген жанашырлық кей­пін­дегі сөзін жеткізеді. Біздің де сөзіміз осы­ған келіп тоқтайды. Ескі кітаптарда сақ­талған сан түрлі мұрамыз ендігі жер­де біздің күнделікті тіршілігімізге, өмір сал­тымызға қызмет ете бергені жөн шығар.