Мектеп • 13 Маусым, 2023

Аядай мектептің құрылысы алты жылда бітпеді

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық мәслихатының 3-сес­сия­сында жергілікті бюджет қара­­жатын дұрыс игермеген басқар­малар аталды. Мәселен, өткен жылы Құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармасы – 25 млрд теңге, Энер­гетика, тұрғын үй құрылысы бас­қармасы 1,3 млрд теңге бюджет қар­жысын игермеген. «Бюджеттік бағдар­ламалар әкімшілерінің қар­жыны уақытында игермеуіне және мер­дігерлердің әлеуметтік нысандарды дер кезінде аяқтай алмауына құ­рылыс жұмыстарының баяу жүруі себеп болды», деді облыстық қаржы бас­қармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев.

Аядай мектептің құрылысы  алты жылда бітпеді

Ашығын айтқанда, мемлекеттік тапсырысқа қатысушы жосықсыз мердігерлердің кесі­рінен өңірде бірнеше ауыл мектебі мен денешы­нықтыру-сауықтыру кешендері аяқталмай жатыр. Басқармалар мердігерлердің нысандарды қалай салып жатқанын жеткілікті дәре­жеде бақыламағандықтан, жыл сайын ауыс­палы құрылыс ретінде қалдырылып келеді. Былтыр құрылыс материалдары екі есеге дейін қымбаттап кеткендіктен, бюджеттік өтінімдерге бірнеше рет өзгерту енгізілді.

Мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің жұмыс барысын қатаң қадағалауға тиіс техникалық бақылау, авторлық бақылау қызметінің мамандары өздерінен жауап­кершілікті ысырып тастаған. Ал мемлекеттік тапсырысқа техникалық және авторлық бақылаушы ретінде қатысқан жобалаушы серіктестіктерге жүз миллиондаған бюджет қаржысы бөлініп келеді. Мемлекеттік тапсырысқа қатысып, тендер шарты бойын­ша жеңімпаз деп танылған көптеген бас мердігердің меншігінде техникасы да жоқ. Мұндай жауапсыз мердігерлер көбінесе ауылішілік жолдар құрылысын са­луға мемлекеттік тапсырыс алған. 2015 жылғы мемлекеттік тапсырыс туралы заң талаптары бойынша әлеуметтік нысан құрылысына тапсырыс алғысы келген серіктестік иелі­гінде жеке меншік техниканың болуы мін­деттелмейді. Заң талабының тым жеңілдетілуі кесірінен тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы, мектептер мен ауруханалар салуға кім көрінген қатысатын болды. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс туралы заңның зардабын ауыл адамдары да тартып отыр.

Солардың қатарында 2018 жыл құрылысы аяқталуға тиіс Қобда ауданы Терісаққан ауылы мен Мұғалжар ауданы Алтынды ауылындағы 60 орындық мектеп бар. Өңірдегі құрылысы аяқталмаған «сақалды құрылыстардың» қата­рына биыл Ырғыз ауданындағы Жарма ауылында салынуға тиіс 60 орындық мектеп те қосылды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы іргесіндегі 320 орындық мектеп-интернат алты жылдан бері не салынбады, не бұзылмады. Жартылай салынған мектептің қабырғаларын қызыл түске бояп қойғаны болмаса, биыл да бітіп жатқан жұмысы жоқ. 2018 жылы 1 млрд теңгеден астам бюджет қаржысына жоспарланған осы мектеп құрылысына бір­неше мердігер келді, бірақ еш нәтиже жоқ. Әу баста құрылыс салынар кезде мектептің тұрған орны, ауылдағы бала саны дұрыс есептелмеген. Мектеп салынған күннің өзінде де ауылда ауыз су жоқ, оған 30 шақырым жерден су құбырын тарту керек. «Ақтөбе-Орск» тасжолының бойындағы ауылға ауыз судың жоқтығынан адам тұрақтамай отыр. Он шақты ғана үйі бар ауылға 320 орындық мектеп-интернат сала ма екен?

 Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжиннің хабарлауынша, 2022 жылы облыстық бюджеттің берешегі 7 млрд 550 миллион теңгені құрады. Құрылыс саласында былтыр 25 млрд теңге бюджет қаржысы игерілмей қалса, 5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған, 16 млрд 606 млн теңге тиімсіз жоспарланған. Бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлағандар мен игермегендер қатарында құрылыс, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денсаулық сақтау, білім басқар­малары бар. Алдағы уақытта бюд­жеттік бағдарламалар әкімшілері басқарма басшы­ларының қаржыны жоспарлау мен игеруге жауапкершіліктерін арттыру керек. Мектеп, медициналық пункт, автокөлік жолдары, спорттық сауықтыру нысандары, қоғамның осал топтарына арналған әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысында жосықсыз мердігерлердің кесірінен әлдеқашан қолданысқа енгізілуге тиіс нысандар салынбай жатса, тапсырыс беруші бюджеттік бағдарлама әкімшілері де тікелей жауап беруге тиіс. Соңғы жылдардағы бюджет қаражатын мақсатсыз игеру деректерін анық­таған облыстық тексеру комиссиясы 63 материалды құқық қорғау органдарына жіберген.

 

Ақтөбе облысы