Аймақтар • 14 Маусым, 2023

Аудандар арасы жақындай түсті

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Май мен Баянауыл аудандары арасында жол жүру жүз шақырымға қысқарып, жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасалады деп жоспарланып отыр. Облыстағы жол жөндеу жұмыстарының дені шалғай ауылдардың қиыршық тасты жолдарын асфальт-бетонды жабынға ауыстыруға негізделген.

Аудандар арасы жақындай түсті

Өңірде биыл жалпы ұзындығы 313 шақырым жол ретке келтірілсе, жақсы және орташа жағдайдағы жолдардың үлесі 94 пайызға жетеді деп болжанып отыр. Жоғарыдағы меженің 200 шақырымы ауылдарға апаратын қиыршық тасты жолдарды асфальт-бетонды жабынға айналдыруды көздейді. Өңірлік Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының мәліметінше, облыстық және аудандық маңызға ие автожолдарды жөндеуге 40 жоба қабылданып, 2,3 млрд теңге қаражат қарастырылған. Қазір 40 учаскенің жетеуінде жұмыс аяқталып та үлгеріпті. Ал Федоровка ауылына кіреберіс жолға конкурс жүріп жатыр.

– Көп жылдан бері Баянауыл мен Май аудандарының халқы бір-біріне қатынағанда Ақсу қаласы арқы­лы айналып, ұзақ жол жүріп баратын. Әрі бұл өлкелерде экологиялық туризм дамығандықтан туристердің жүріп-тұруына байланысты белгілі қиындықтар жиі туындайды. Екі аудан арасындағы төте жолдардың кейбір бөліктерінде асфальт түгілі, қиыршық тасты жол жоқ. Осыны ескере келе кейінгі үш жылда Қызыл Октябрь – Жаңа Ақшиман автожолын қамтамасыз ету ойға алынғаны мәлім. Бұл екі ара­дағы қашықтық 90 шақырымды құрайды. Биыл Ақшиман – Лекер және Баянауыл – Угольное учаскелері жөнделеді. Нәтижесінде, екі өңірдің арасындағы жол жүру 100 шақырымға қысқарады. Бұған қоса облыста 23 ауылдың кіреберіс жолдары асфальт­талады. Бір ғана Баянауыл ауданында 64 шақырым жолға жаңадан асфальт төселеді. Мысалы, Екібастұздың Ақ­көл, Баянауылдың Ұзынбұлақ, Ай­мауытов елді мекендеріне дейін бұ­рын асфальтты жабын болмаған, – дей­ді өңірлік жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров.

Дей тұрғанмен, өңірдегі елді мекендер арасында проблемалы учаскелер әлі де баршылық. Мәселен, Қалқаман мен Баянауыл арасындағы жолда бірнеше жылдан бері салынып жатқан көпірдің құрылысы әлі аяқталмаған. Ол республикалық жол саналады. Ал Екібастұз бен Майқайың арасындағы 29 шақырым жол жыл сайын шұрық-тесік болып, көліктердің жүруіне қиын­дық тудырады. Жергілікті халық бұл аралықты «қазынадан қаржы суырудың амалына айналған жол» деп атайды. Себебі, жолдың бұл бөлігін жыл са­йын жөндеуге қыруар қаражат бөлініп жатқанымен, нәтижесі байқалар емес. Жаңадан салып кеткен асфальтты жабыны жыл өтпей бұзылып қалатыны бар. Ал Қанат Қашкиров жұрттың бұл пікірімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл екі аралықта үлкен жүк көліктері жиі жүретіндіктен жолға үлкен салмақ түседі. Аймақтағы автожолдарда жүретін үлкен жүк көліктерінің барлығын бақылау мүмкін емес. Себебі жергілікті көлік бақылау инспекциясының құзырында небәрі 2 арнайы көлік қана бар көрінеді. Оның өзі республикалық жолдардан артылмайды. Бұған дейін аталған учаскенің бірқатар бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілген, қалған 6 шақырымы биыл жаңарады деп күтілуде.

Ертіс ауданындағы Аманкелді ауы­лында да жол мәселесі өте өзекті. Былтыр тамыз айында ауыл адамдары ойда-жоқта сыртқы әлеммен байланыссыз қалғанын, толассыз жауған нөсер жаңбыр ауылды аудан орталығымен байланыстыратын айналма жолға нұқсан келтіргені туралы газетте жазғанбыз. Жаңбыр жауған уақытта айналма жолға су толып, халық елді мекеннен шыға алмай қиналады. Елді мекен Қазақстан мен Ресейдің дәл шекара түбінде орналасқан. Ауылдан үлкен жолға шығатын жол біреу ғана. Ол «Ленин – Ертіс – Русская поляна» республикалық жолына барып түйіседі. Ал магистральдың 4 шақырымға жуық бөлігі Ресейдің Омбы облысына кіріп тұр. Өткен жылы Ресей жағы жол­дың аталған учаскесін жауып, авто­көліктердің кез келген түріне жүруге тыйым салды. Амалы қалмаған жергі­лікті билік өкілдері Ленин ауылы арқылы Ресейге дейін өтетін ұзын­дығы 17 шақырым жолдың Аманкел­ді ауылына кіреберісін реконструкциялау, әрі топырақ жамылғысын асфальт-бетонға ауыстыру жобасын әзірлеген екен. Құны 4,2 млрд теңгеге бағаланған бұл жоба, өкінішке қарай, Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр.

 

Павлодар облысы