Орталық Азияға жасаған бірнеше реткі экспедициясы кезінде ол Гималай тауын Батыс жұртына таныстырды, Брахмапутра, Инд және Сутлеж өзендерінің қайнар көздерін анықтады. Ол сондай-ақ Лобнұр көлін, Тарым ойпатының шөліндегі қалалардың орнын, зиярат орындарын аралады, Қытай қорғанының картасын жасады. Хедин өзінің «Полюстен полюске» аты кітабында 1880 жылдың соңы мен 1900 жылдың басындағы Азия мен Еуропа төсіндегі сапарларын сипаттайды. Осы саяхаты кезінде Хедин Түркия, Кавказ, Иран, Ирак, қырғыз даласына, Ресейдің Қиыр Шығысына, Үндістанға, Қытай мен Жапонияға табан тірейді.
Свен Хедин 1894-1908 жылдар аралығында Орталық Азияның таулары мен шөлдерін кесіп өтіп, үш рет экспедиция жасайды. Қытайдың қазіргі Шыңжаң өлкесі мен Тибеттің сол уақытқа дейін еуропалықтар зерттемеген бөліктерін картаға түсіріп, онда кездескен хикметтің бәрін қойын дәптеріне түртіп алып, арнайы зерттеді. Бір ғажабы, ол 1909 жылы Стокгольмге оралғаннан кейін жерлестері оны салтанатты түрде қарсы алады. Кейіпкеріміз Швециядағы қос бірдей ғылым академиясының мүшесі ретінде ғылым мен әдебиет салалары бойынша Нобель сыйлығының лауреаттарын таңдауда дауыс беру құқығына ие болды. Ғылыммен айналысу оны отбасын құрып, бала сүю сияқты маңызды міндеттерден де айырды. Бұл күндері оның артында ұрпақ қалмағанымен, ұшан-теңіз ғылыми еңбектері, саяхат жазбалары әлем оқырманының қолынан түспейтін кітаптарына айналды.
Хединнің саяхат жазбалары Орталық Азияны нақты картаға түсірудің негізі болды. Ол қай өңірге экспедиция жасаса, сондағы жергілікті ғалымдар мен зерттеушілерді жұмысқа алған алғашқы еуропалық зерттеушінің бірі еді. Сол үшін де оның Қытайдағы ежелгі буддалық ерекшелікке ие қалалардың қирандыларын тапқан алғашқы ғалым ретінде аты шықты. Хединнің бір өзі бірнеше адамның жұмысын қатар істеді. Айталық, кездескен құнды жәдігерлерді ол өзі фотоға түсіріп, соның сызба нұсқасын жасады, әсем сызбаларымен безендірілген ғылыми құжаттары мен танымал саяхат жазбалары оның осы саладағы жұмысын әлемге лезде таратып үлгерді.
1937 жылдан бастап саяхат кезінде жинақталған ғылыми материалды Хедин және басқа экспедиция қатысушылары 50-ден астам том етіп басып шығарды. Осылайша, оның батыл қадамдары әлем елдерінің сырға толы Шығыс Азияны танып-білуіне мүмкіндік туғызды. Баспа шығындарын төлеуге ақшасы жетпей қалғанда ол бірнеше бөлмеден тұратын құнды кітапханасын ломбардқа қояды.
Хедин өзінің экспедицияларында картография мен зерттеу үшін Орталық Азияның бүкіл аумағының көрінісін ашты. Гималай мен оның жоталары, Тибет үстірті, Тарым ойпаты мен Такламакан шөлі, Памир тауы оның назарынан тыс қалмаған. 1935 жылы Хедин Чан Кайши мен Адольф Гитлердің саяси өкілдерімен кездесіп, алуан түрлі пікірталастар жүргізгенде ол Швеция үкіметіне ғана емес, Қытай мен Германия сияқты шетел үкіметтеріне де Орталық Азия туралы бар білгенін айтудан жалықпады.
Біздің қолымызға түскен Свен Хединнің «Азия арқылы» атты кітабы – екі томнан, жалпы 1308 беттен тұратын іргелі зерттеу еңбегі. Аталған кітап «Harper And Brothers Publishers» баспасынан 1898 жылы Нью-Йорк пен Лондонда қатар жарық көрген. Кітапта 300-ден астам иллюстрация, эскиздер және автордың өзі түсірген фотосуреттер қоса берілген. Еңбектің алғысөзінде «Бұл кітап 1883-1887 жылдар аралығындағы Азия арқылы жасаған сапарымның қарапайым есебі деп білерсіздер. Аталған еңбек көпшілікке арналған, оның үстіне бұл кітабым менің саяхат естелігімнің сипаттамалары ғана. Қойын дәптеріме түрткен материалдардың бәрін кітапқа қоссам, онда бұл сапарнамам тым көлемді болып кетер еді», деп бастайды.
Свен Хедин шағатай тілінде еркін сөйлейді екен. Ол «Шағатай тілін білгенім үшін мен сан түрлі кедергілерден еркін өттім» деп жазады. Оның Орталық Азияға сапары көптеген географиялық мүмкіндіктерді ашады. Айталық, біріншіден, ол географиялық түсініктерді анық деректермен көрсетеді. Екіншіден, еуропалық және азиялық картада бұрын болмаған атауларды бір арнаға түсірді. Егжей-тегжейлі зерттеу нысаны болғанымен, зерттелмей, әлі жұмбақ күйде жатқан бірнеше аймақ бар. Бұл әсіресе Азияның ішкі бөлігіне қатысты. Мен Орталық Азия географиясын білуге өз үлесімді қосу мақсатында осы кітапта сипатталған саяхатқа шықтым» деп жазады саяхатшы.
«Азия арқылы» кітабын парақтап көріп, көптеген деректерге кездестік. Автордың осы еңбекті жазуға өзі оқыған оқу орнында жылдар бойы еңбек еткенін, 1890-1891 жылдары Ресейге қарасты Түркістан өлкесі мен Қашқарға барлау жасағанын, бірнеше жыл бойы үздіксіз атақты шығыстанушы ғалым Барон Вон Рихтхофеннің жетекшілігімен Берлин университетінде Орталық Азия географиясын зерттеумен айналысқанын білдік.
Кітаптың екінші тарауы «Орынборға барғанда» деп басталады. Қаланың әрбір көркем жерлері мен тарихи орындарын аралаған Свен Хедин онда татарлар мен қырғыздар бірге өмір сүріп келе жатқанын көреді. «Орынбордың 56 000 тұрғыны бар, басым бөлігі татарлар, қалғаны башқұрттар мен қырғыздар. Татарлардың бас мешіті осындағы бай саудагердің қаражатына салынған». Бұл да біз үшін керекті ақпараттың бірі. Сонау 1800 жылдары Орынбордың халық саны елу мыңнан астам болғанын осы саяхат кітабы айтып тұр.
Аталған кітаптың төртінші тарауы «Қырғыз даласын кесіп өту» деп аталады. «14 қарашада Орынборда қыстың алғашқы қарлы бораны соқты. Термометр күндізгі уақытта -6о C», дейді ол. Жайық өзені, Каспий, Арал теңізі, Сырдария мен Ертіс аралығында қырғыз даласының кең көсіліп жатқанын ол анық байқайды. Қырғыз көшпелілері баяғыдан мекендеген далада қасқыр, түлкі, бөкен, қоян, т.б. жануарлардың бірнеше түрлері кездесетіні, сонымен қатар кейбір тікенді дала өсімдіктері аймақтың қолайсыз жағдайларына қарсы күресетінін жазады.
Қазіргі әлем ғалымдары мен тарихшылары, шығыстанушылар көшпелілер туралы көп зерттеу еңбектерін жазды. Бәрі дерліктей көшпелілердің байлығын айтудан жалықпайды. Ал мұндағы бір маңызды мәселе – олардың еркіндігі, мәдениеті. Жарты дүниені шарлаған Свен Хедин де кең далада емін-еркін өмір сүріп жатқан халықтың байлығын жазады. «Мұндағы көптеген қырғыздардың (қазақтардың) 3000 бас қойы мен 500 жылқысы бар, олар өте жақсы жағдайда өмір сүреді. Солтүстік Торғайдың қысы суық. Қаңтар және ақпан айларында дауыл қатты соғады. Қырғыздар өздерінің ескі қоныстарына барып, малын қамыспен қоршалған қорада ұстайды. Қырғыздар еркін халық, қабілетті, дені сау, ақкөңіл. Олар жаужүрек жауынгерлер іспетті, даладағы бостан өміріне қанағаттанады, еркіндікке табынады, ешбір билікті мойындамайды. Тіпті олар ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндерді менсінбейді».
Міне, Свен Хедин Ор өзенінің оң жағалауымен жүріп, сондағы ұзаққа созылған дала арқылы қырғыздар орналасқан Бұтақсай стансасына ат басын бұрды. Бір қызығы, Бұтақсайдағы тұрғындар оның өз ауылдарына келгеніне еш таңғалыс білдірмейді. Бірақ Свен Хединнің екі камерасы оларды қызықтырады. «Олар менен үлкен камерамды көрсетіп, мылтық па деп сұрай берді», дейді ол сол сәтті еске алып. Хединнің Теректіге дейінгі сапары 224 мильді артқа тастайды. Ол оның осы сапарындағы ең ұзақ аралық еді. Үздіксіз жүріп ол Торғай мен Сырдария губернияларының шекарасын кесіп өтеді. «Саяхатшыларға ыңғайлы бөлмесі бар көпес Ивановтың бірінші стансасы Жұлдызда мен Қазалыға дейінгі 150 миль жол үшін жиырма бес сом төледім». Төртінші тарау осылай аяқталады. Енді оның сапары Аралдан Ташкентке дейінгі аралықты сөз етеді. Жол, ары қарай тағы да жол.
Алыстан көрінген Арал теңізі швед саяхатшысының көзіне оттай басылады. Ұлы құрлықтағы ең үлкен теңіздің бірін өз көзімен көрген ол сол сәттегі таңғалысын қойын дәптеріне түрте бастайды. «Арал теңізі теңіз деңгейінен 157 фут биіктікте орналасқан. Оның ауданы 27 000 шаршы миль, Венер көлінен он есе үлкен немесе Шотландиямен бірдей ендікті алып жатыр. Көлдің жағалауы тақыр қалыпта тұр, қаңырап бос қалыпты, оның тереңдігі шамалы, ал суының тұздылығы соншалық оны тек өзендердің сағасынан басқаға пайдалануға болмайды».
Жүре келе Свен Хедин Қазалыға да жетті ақыры. «Қазалы Сырдарияның оң жағалауына орналасқан, Арал теңізінен 110 миль жерде тұр. Мұнда 600 үй бар. Оның 200-і орыстар.
3 500 тұрғыны бар, оның 1 000-ы (олардың жанұяларын қосқанда) Орал казактары еді». Ол үшін Ұлы далада батқан күннің өзі өзгеше әсер сыйлағандай. Ол күннің батуын, даладағы сәуленің өзгеше әлемін сипаттайды. Ұлы далада қасқайып тұрған сексеуіл бұтақтарының қайсарлығы, даланың сиқыры, шығыстағы шөл өсімдіктерінің бейнесі оны бейжай қалдырмайды. Оның қойын дәптері I864 жылы генерал Черняевтың Түркістанды жаулап алуы, айбынды өлкенің одан кейінгі тағдыры, Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауиді еске алу үшін Темірланның 1397 жылы алып кесене тұрғызғаны туралы деректермен толығады.
Сапарын ары жалғастырған Свен Хедин Арыс өзені жағасына, Шымкентке барып аялдайды. «Мұндағы көшелер құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Үйлердің терезесінен шамдардың жарығы көрінеді». Саяхатшының мақсаты – ел аралап, жер көру. Біздің кейіпкеріміз одан кейін Ташкентке, Памир үстіртіне, қазіргі Қытайға қарасты Қызылсу өңіріне, одан ары Қаракөл асып, жұмбақ мекен Қашқарға дейін ат сабылтады. Сосын Моңғолияны ендей өтіп, Бейжің арқылы өз еліне қайтады.
Қазақ даласының кешегі және бүгінгі келбетінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бірақ қалай десек те, өткен күн – мәңгілік тарих. Ал сол өткен күндерді хатқа жазып қалдырғандар тарих жасаушылар болмақ. Свен Хединнің өз мақсаты табаны тиген жерге дейін барып, саяхаттау болса, бүгінгі біздің мақсатымыз – кешегі қазақ қоғамының өз бейнесін тарих бетінен табу еді.