Зерде • 21 Маусым, 2023

Бейбарыстануды бастап берген Әбіш Кекілбаев тарихшылығының тағы бір қыры туралы

1813 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн. Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді».

Бейбарыстануды бастап берген Әбіш Кекілбаев тарихшылығының тағы бір қыры туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Құрылтайда осылай айтты.

Болашақта «Бейбарыс Сұлтан ордені» тағайындалған жағдайда оған себепкер болған, ойға қозғау салған адамдар қатарында алдымен Әбіш Кекілбаевтың ардақты аты аталатыны анық.

Неге дейсіз ғой? Мақаламыз осы са­уал­ға жауап қайтаруға тиісті.

Әбіш Кекілбаевтың аналитикалық ой­лау жүйесінің, ұшан-теңіз білімінің, ғы­лыми тұжырымдамалыққа бейімдігінің жар­қырап көрінетін бір жері – оның тарихи-танымдық туындылары. Олардың ара­сында Бейбарыс Сұлтан туралы жа­зылған тарихи очеркінің өзіндік орны бар.

«Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын ана тілімізге аударылып, жа­рық көрген арабтың халық романы «Бей­­барыс» – елім деген, жерім деген, халқының қамын жеген әр қазақтың төрінде тұрарлық қымбат қазына. Мұнда бала күнінде тағдырдың жазуымен қазақ жерінен, Атырау бойындағы беріш жұртынан Мысыр жеріне жеткізіліп, ерек ақылымен, бөлек намысымен, сирек қайратымен құлдықтан сұлтандыққа дейін көтерілген, Египет пен Сирияны 17 жыл бойы билеген, дін мұсылманды крест көтерушілерден қорғап қалған әлем­ге әйгілі әмірші Бейбарыстың ғажа­йып ғұмыры қазақтың да жанына жа­қын ауызекі әңгіме айту мәнерімен қыз­ғылықты баян етілген. Бейбарыстың туған еліне қайта оралуы, атақ-даңқының қазақ арасына кеңінен таралуы, өзінің кіндігі кесілген өлкеге еңселі ескерт­кіш болып орнығуы осы кітаптың аудары­луынан бастау алған еді.

Кітапқа халқымыздың дана перзенті, тарихтың терең білгірі Әбіш Кекілбаев алғы сөз жазған».

Бұл, бұйыртса, биыл «Фолиант» баспасынан Атырау өңірінің көрнекті кәсіпкері, «Айком LTD» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігінің құрылтай­шысы Иса Бимыр­заевтың демеушілігі­мен қайта басылып шыққалы жат­қан «Бейбарыс» («Әз-Зәкір Бейбарыс сұл­танның ғұмырнамасы») романының аңдатпасы. Біз аударған нұс­қаның орысша аты – «Жизнеописание султана аз-Захира Бейбарса». Оны араб тілінен В.Кирпиченко аударып, 1975 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шығарған. Алғы сөзін жазған – көрнекті тарихшы, арабтанушы И.Фильштинский. Кітапты біз кезінде Асқар Сүлейменовтен алған едік. Оның жай-жапсарын «Абыз Әбіш» кітабында жазғанбыз.

Арада жылдар өтті. Орталық коми­тет­тегі, Президент Әкімшілігіндегі, Мәде­ниет министрлігіндегі қауырт жұмыс­тан кейін журналистикаға оралып, шығар­машылықпен шындап шұғылдануға жағ­дай туды. 1998 жылы Ақмолаға келген бетте жаңа аталған романды аударып шықтым. Әбіш аға ол кезде Мемлекеттік хатшы. Баяғыда газетте Бейбарысты жаз­­ғанын еске салып, аудармамды оқуын, ыңғайы келсе алғы сөз жазып бе­руін сұрадым. Алғысөз газет мақаласы кү­йін­де әуелі «Тұла бойы тұнған жұмбақ тұл­ға» деген атпен «Егемен Қазақстанда» (1999 жыл, 8 қазан) жарияланды, келесі жылы «Елорда» баспасынан роман­мен бірге шықты. Кітап төл тарихын түле­ту­ге ұм­тылып отырған қоғамның руха­ни сұра­нысына дөп келе кетті де, бірден ел назарын аударып ала жөнелді, кәдімгі­дей сілкініс туғызды, ірі істерге қозғау са­лып берді. Рас, аудармашының алғы сөз иесіне білікті авторды ғана емес, Қазақ­стан Рес­публикасының Мемлекеттік хат­шысын таңдауы да дәл шыққанын айтқан жөн...

Әуелі 1968 жылы «Лениншіл жасқа» шыққан сапарнамаға (газетте «Жебе мен жұмыртқа» деген тақырыппен басылған) көз салып көрейік. Жиырманың тоғызына жаңа жеткен жас қаламгер сол Сирия сапарынан кейін оқырманға не айтты екен? Әр жер-әр жерінен үзіп-үзіп алайық:

«Биіктің басындағы тас қорғанға жете бергенде, қақпаның алдында тұрған екі-үш араб жігіті бір топ қазақтарды көріп, естеріне түсті ме, бізге қамалдың маңайындағы мәрмәр тақтаны көрсетіп: «Сұлтан Бейбарыс, Мамлюк!» – дей берді. Ақаң, профессор Ақжан Машанов, тақтаға үңіліп еді, шынында да Сұлтан Бейбарыстың аты жазулы болып шықты».

 «Біз гидтен Сұлтан Бейбарыс жайында сұрағанда: «Ол Салахатдинмен бірге крест жорығына шыққандарға тойта­рыс берген», деп еді. Елге келіп, тарихи мәлі­меттермен салыстырғанда, ол жауап жаңсақ боп шықты. Салахатдин крест жорығына қарсы XII ғасырда соғысыпты. Ал Сұлтан Бейбарыс тарихи аренаға XIII ғасырда келіпті. Ол 1250 жылы сарай маңындағы мамлюктер гвардиясының ба­сында тұрған кезінде Египетте төңкеріс жасап, өкіметті өз қолына алады. Каирде мамлюктер гвардиясы тұрған Орда деген аудан болыпты.

Сол тұстағы Египет чиновнигі әл-Омари: «Олардан (түріктерден) шыққан патшалар өз қандастарына көбірек қа­расты. Египетті соларға толтырып, елді жан-жақты тек соларға қорғатуға аянбай күш салды. Олардан мемлекеттік кеңестің талай жарық жұлдыздары, жиналыс басшылары, Египет жерін билеушілер шықты», деп жазады. Автордың айтуынша, мамлюк шонжарлары араб әдет-ғұрпын менсінбей, өз дәстүр-дәмін сақтапты. Олар үйлерінен шығарда көшеге әуелі қыпшақтарша киініп, қып­шақтың күй аспаптарында ойнайтын музы­канттарға бастатып үш жүз салт аттыны шығарыпты. Нілдің жағасында қыпшақы күймемен қыдырыпты. Сұл­тан Бейбарыс сарайындағы қонақасы­лар­да жұртқа қазы-қарта асатып, қымыз ішкізіпті».

«Салах ад-Дин крест жорығына тойтарыс беріп аты шықса, Бейбарыс крест жорығына қатысушыларды араб жерінен біржолата аластап, екінші жақтан тап берген жаңа басқыншыларды – моңғол әскерін алғаш рет тоқтатып, Ефраттан әрі асырып, кері шегінтіп тастағанымен тарихта қалды.

Енді, міне, бір кезде Атырау маңын­да­ғы ауылда туып-өсіп, құлдықта кеткен қыпшақ баласы мен сол қыпшақтардың сол Атырау маңындағы ауылда туып-өскен бүгінгі ұрпағының кездескен жері мынау жат өлкедегі тас қамал болды».

«Кім біліпті, баяғыда Атырау маңын­дағы бейбіт ауылды жатаған жабы мінген қалың жау кеп қаптай шапқанда, тұтқында кеткен көп мұңлықты арттағы жұрты тірідей өлдіге санап, торыққан шығар. Енді, міне, сол басқыншының алдында босқыншы боп, ел асып, жер асып, Афри­кадан бір-ақ шыққан мұңлық құл тарих төрінен бір-ақ шығып тұр. Міне, мынау қара тақта ұрпақ пен ұрпақты, өлке мен өлкені ұштастырған аяулы тәбәріктей көзге ыстық, көңілге майда тиіп барады».

Ол кез үшін жас Әбіштің бұл жазғаны үлкен жаңалық еді. Өйткені мұнда Бей­барыстың түркі нәсілінен тарағаны ғана емес, қыпшақ даласынан шыққаны ғана емес, сүйегі Атырау маңынан екені де қол­мен қойғандай нақты айтылған еді. Ең бастысы, Бейбарыс сұлтан крест жо­рығына қатысушыларды араб жері­нен аластағанымен қоймай, жаңа бас­қын­шыларды – моңғол әскерін алғаш рет тоқтатқаны қадап көрсетілген еді. Бейба­рыстың әлем тарихындағы ең ұлы еңбегі де осы.

Әбіш Кекілбаевтың романға жаз­ған алғы сөзі іс жүзінде біздегі Бейба­рыс­танудың жаңа белесінің басы болғаны анық. Сол мақаладан кейін көзіқарақ­ты жұртшылық дүр ете қалды. Мысыр елін 17 жыл бойы билеген қандасымыздың есімі жадымызда жаңаша жаңғырды. Бейбарыс есімі ұлттық мақтанышымыз­ға айнала бастады. Ұлдарына, немерелеріне Бейбарыс атын қоятындар көбейді. Тіпті кәсіпорын, дүкен, мейрамхана, дәмха­наларын «Бейбарыс» атайтындар да табылды.

Келесі, 2000 жылы кәсіби дипломат, арабтанушы маман Қайрат Сәкидің «Пирамида үстіндегі киіз үй» атты кітабы «Фолиант» баспасынан шықты. Тағы бір жылдан кейін, 2001 жылы Бекет Қарашиннің «Бейбарс: эпоха и личность» деген кітабы «Өлке» баспасынан шықты. 2006 жылы Қайрат Сәкидің кітабы «Қыпшақ мәмлүктері» деген атпен кеңейтіліп жарық көрді. Автор бұл жолы Мысырдағы мәмлүктер – Айбек, Құтыз сұлтандар, Бейбарыстың ұлдары Берке­хан мен Саламыш сұл­тандар, Қалауын сұл­тан, Халил бек сұлтан, Кетбұқа сұлтан, Лашын сұлтан туралы да мол мәлімет ұсынды. Қайрат бауырымыздың бүгінгі таңдағы бас бейбарыстанушы екендігі талас тудырмауға тиіс. Оның қаламы­нан туған «Юрта на вершине пирамиды» (2020), «Сұлтан Байбарыс» (2022) атты зерттеу кітаптары қандай өлшеммен қара­ғанда да өрелі зерттеулер, жылдар бойғы ерен еңбектің нәтижесі, арнайы қарастырылатын, бөлекше бағалауға тұра­тын қастерлі қазына.

 «Бейбарыс» романының алғы сөзінің бас жағында Әбіш Кекілбаев былай дейді:

«Шығыс хиссаларымен көптен таныс қазақ оқырманының қолына тигелі отырған жаңа кітаптың әдеби түстемелігін ежіктей түсіндірудің қажеті шамалы деп білеміз. Алайда оның талай ғасыр, талай ұрпақтың құлағын елеңдетіп келе жатқан әйгілі тарихи тұлға мен оның заманы жайлы шындықты молынан білуге тырысары түсінікті.

Ондай оқырманға алдын ала айтарымыз: Сұлтан Бейбарыстың егжей-тегжейлі өмірбаянын бұл шығармадан сол қалпында кездестіре алмайсыз. Ал бірақ ол бастан кешкен оқиғалардың ұзын-ырғасымен ұшыраса аласыз. Ол, біріншіден, шығарманың негізгі төсегі болып есептелетін мамлюктер сұлтанының жеке хатшысы Мухи ад-Дин ибн Абд әз-Захирдің (1223-1292) өз қожайынының бастан кешкен оқиғаларының барлық қыр-сырын түгел білмейтіндігінен; біл­гендерінің өзінде толығымен ақтарыла салмайтындығынан; билікке төңкеріс жолымен келіп, төңкеріс жолымен кеткен әмірші болмысының жай-жапсары ішкі-сыртқы дұшпандармен ұдайы тартыс тұсында жария болуы еш мүмкін еместігінен; әрдайым бір енін ішінде ұстап өтуге мәжбүр ғұмырды баяндайтын ғұмырнамашыға да бір енін үнемі ішінде ұстап өтуге тура келетіндігінен». Мұнан кейін жазушы оқиға болып өткен заманның әлеуметтік-психологиялық-идеологиялық-дүниетанымдық сипатынан, қағазға түскенімен, ауыз әдебиетінің эстетикасына лайықталып, тыңдаушы құлаққа ұғынықтылыққа бағыштала­тын халық романының жанрлық табиға­ты­нан, айтушыдан айтушыға көшкен сайын әсерлілігі артқанымен, деректік нақтылығы кеми беретін ауызша ақпа­раттың өзін­дік өзгешелігінен туындайтын сипатын аша келіп, «Қысқасы, бұл туындыдан әр кейіпкердің, соның ішінде басты кейіпкердің де тарихи нақты деректік ке­йіптемесін таба алмағанмен, ол кешкен дәуір мен дәуреннің сипатына қапысыз қанығуға болады», дейді.

Ә.Кекілбаев халық романының өзін­дік ерекшеліктерін қолмен қойғандай айтып отыр. Бейбарыстың ғылыми ғұмыр­намасын іздеген адам тиісті академиялық зерттеулерді, қалың-қалың монография­ларды оқиды, қала жұртшылығы алдында кеш сайын апталап әңгіме шертетін мұқаддистердің (Мұқаддис – халықтық әдебиетті нәшіне келтіріп оқитын, әсерлі әңгімелей білетін кісі. Біз аударған роман мұқаддистердің оқиғаны жұрт ал­дын­да, ауызекі тілмен баяндауы мәне­рінде дүниеге келген. Аудармада да сол сөз саптауы сақталған) ғасырлар бо­йы жалғастырып, жетілдіріп, жанынан қо­сып келген, бүкіл араб әлеміне аңызға айнал­ған ауызша шығарманың арқасын­да мұрат тұтарлық мінсіз тұлғаға айнал­ған Бейбарыстың арманды бейнесін іздеген адам халық романын оқиды. Екеуі бір-бірін толықтырып тұратын дүниелер. Екеуін қатар оқып, салыстыра қарап жа­та­тындардың қатары қалыңдаса тіп­ті жақ­сы. Адамды ардақтаудың шығар шыңы – аңызға айналдыру. Ең ұзақ ғұмыр – эпостанған ерлердің ғұмыры. Бейба­рыс – сондай ер.

Қаламгер болашақ әйгілі әмірші, құді­ретті қолбасшының 1223 жылы туып, бала кезінде сатылып алынып, Айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің жеке ұланына қабылданғанын, Сирияда әскери оқуда болып, мәмлүк әскерінде көзге түскенін, Мансұр соғысында ер­лік көрсетіп, сұлтан атағын иеленгенін, Тұран-шахқа қарсы бүлікті басқарысып, өзінің бәсекелесі мәмлүк сұлтаны Құтыз­дың түбіне жеткенін баяндайды. Өзің өлтірмесең, өзіңді өлтіретін ол заманда Бейбарыстың бұл ісі – ақтап аларлық іс.

Кекілбаевтың тарихи очеркі Бейба­рыс тұлғасын әділ тұжырымдауға сеп­те­сетіндігімен де құнды. Морис Симаш­коның «Жусан» повесі бойынша Болат Мансұров 1989 жылы түсірген көркем фильмді біздің қаламдас ағайындардың біразы «Жат жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық мақалын тия­нақтау үшін ғана жасалғандай етіп па­йым­дап жіберді. Оған повесте де, фильмде де шығарманың соңында Бейбарыстың сұлтан тағын тастап, өзінің туған жеріне қайтып оралуы негіз болды. Бірақ осыған қарап Бейбарыс өмір бойы жат жерде туған елін аңсаумен құсалықпен өткендей қарауға, оны сұлтандықтан ұлтандықты артық көріп, азап шеккен жандай санауға бола ма? Тіпті де болмайды.

Фильм бастан-аяқ дерлік бас кейіп­кердің туған жерді аңсаған сағынышы­на, алыста қалған жусанды даласын ойла­ған қиналысына құрылған. Біздіңше, Бей­ба­рыс сұлтанның өмірін тек сарғай­ған сағынышқа, қиналысқа құруда да сәл біржақтылық бар екенін айтпаудың жөні жоқ. Әділетіне көшсек, Бейбарыс – бақытты тұлға. Құлдыққа түсіп барған жерінің ханы болудың, Мы­сыр мен Сирияны қосып, тұтастай 17 жыл бойы билеу дегеннің қандайлық бақыт, басқа қонған нендей бақ екенін Бейбарыс бабамыз жақсы білген. Сол замандағы қасиет саналған құндылықтар тұрғысынан қарағанда Бейбарыс өз дәуірінде жетуге болатын биіктің бәріне жеткен, алуға болатын абыройдың бәрін алған адам. Жұмыр басты бір пенде көре алатын құрметті Бейбарыс толықтай көрді, сол заманда бір пенде сезіне алатын бақытты Бейбарыс толықтай сезінді. Демек оны қолдан қайғы-мұңға батыртып, жат жерде басы қалған аянышты адамдай етіп көрсетудің қисыны шамалы. Осыдан шығарып, мынандай ойды да ортаға сала кетпекпіз. Түбінде біз Бейбарыс тақырыбына кинода да қайта оралып, кең тынысты, кең құлашты блокбастер немесе байопик сериалын түсіруді осы бас­тан ойластыра бергеніміз жөн болатын шығар. Алға тұтар тұлғаларымызды әлем жұртшылығына танытудың ең сенімді жолы осы. «Ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек» (Қасым-Жомарт Тоқаев).

Әбіш Кекілбаев Лаврентий жылнама­сында Бейбарыстың «бурчевич» делін­генін, әл-Айни оны да, Қалауынды да «берж» дегенін, Мұхамеджан Тыныш­баевтың беріштердің осы жаққа моңғол шапқыншылығынан көп бұрын ауып кел­генін дәлелдегенін, Әлкей Марғұлан хазарлардың ішінде «беріштек» деген қауым болғанын айтқанын, Әнес Са­райдың Жайық өзені Х ғасырдың басында Гейх деп аталғанынан шығарып, Жайық беріштері бұл қонысқа ІХ ғасырға дейін келіп болған деп есептейтінін алға тарта отырып: «Кейін Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтан атанған Махмұд деген бала Бурсаға Хорезм жағынан келсін мейлі, Дербент жағынан келсін мейлі, тіпті Қаратеңіз бен Азау маңында не Атырау бойында тусын мейлі – оның ата-бабаларының қыпшақтардың беріш тайпасынан тарауы қай жағынан да қисынға келеді. Егер оны өлтірген Қалауынның да «берж оғлы» екендігі рас болса, Мысырда 1250 жылы билік алған қыпшақ мамлюктерінің сұлтанының соңғы төресі – Бейбарыс, Сейіт, Ахмет Саламыш, Қалауын, Халел, Мұхамед ән-Нәсір беріш қыпшақтар болып шығады», деп жазды.

Бейбарыс туралы араб елінде 29 се­рия­дан тұратын фильм түсірілгені, Бей­барыс жайындағы аңыз әңгімелердің басы 5 томға жинақталып жарық көргені – оның шын мәнінде әлемге әйгілі әмірші екендігінің бір дәлелі.

Арғы-бергідегі қандастарымыздың қатарынан дүние дидарына танымалдығы жағынан алдына «Екінші ұстаз» Әл-Фарабиді ғана түсіретіні даусыз ұлы қол­басшы Бейбарыс туралы толғанғанда қуат­ты қаламгердің тарихи очеркі бізді «Бейбарыс осы бізге не үшін керек?» деген сұраққа жауап іздеттіреді.

Бұған не дей аламыз?

Бейбарыс бізге еліміздің тарихында әлемге әйгілі осындай перзенттер бол­ғанын білу, басқаларға білгізу арқылы халқымыздың бойында ұлттық мақтаныш сезімін орнықтыра түсу үшін керек.

Бейбарыс бізге бүгінгі қазақ жұртын батыр бабалардың аруағын ардақтау, сол ұлы тұлғалардан үлгі ала білуге үндеу үшін керек.

Бейбарыс бізге бері қойғанда түркі дүниесінің, әріден тартсақ мұсылман әлемінің сонау бір айбыны тасып, абыройы асып тұрған дәуірлерінде де сол орасан оқиғалардың бел ортасында қыпшақ ұланы жүргенін айту арқылы қазақ атты халықтың да адамзат тарихында өзіндік ізін қалдырғанын дәлелдеу үшін керек.

Ол қандай із?

Бейбарыс сұлтан – крест жорықтарын тоқтатқан адам.

Бейбарыс сұлтан – моңғол шапқын­шылығын тоқтатқан адам.

Бейбарыс сұлтан – мұсылман дініне төнген қатердің бетін қайтарған адам.

Осы үш ұлы еңбегінің өзі оның есі­мін адамзат тарихында алтын әріппен жазуға жетіп жатыр. Соны дәлелдей алсақ болғаны.

 Бейбарыстың еңбегіне баға берген адамдардың ішінде араб жазушысы Әл-Айниден асырып айтқан ешкім жоқ сияқты. Әл-Айни былай дейді:

«Мұхаммед пайғамбар дүниеден кет­келі мұсылмандардың басына ешқашан мұндай қасірет пен ауыртпалық түспеген еді. Пайғамбарымызға Алла Тағала ислам дінін адамдарға жеткізуді жүктесе, сұлтан әз-Зәкір Бейбарыстың иығына сол дінді сыртқы жаудан қорғап қалуды жүктепті».

Алланың аманатын ақтаудан артық баянды бақыт болмайды. Бейбарыстың бақыты – бақилық бақыт.

Әбіш Кекілбаевтың «Тұла бойы тұн­ған жұмбақ тұлға» атты тарихи очеркі – ке­зінде қазақ қоғамына Бейбарыс Сұл­танды таныстыруға ерекше ықпал жа­саған, оны ұлықтауға нақты қозғау салған, яғни Бейбарыстануды бастап берген құнды дүние. Осы шағын да шымыр шығармасы арқылы ол тарихтың тамаша білгірі екенін тағы бір рет танытты.

Сөзімізді абыз Әбіштің мына ойымен түйіндейік:

«Біз аспаннан түскен жоқпыз, ауадан жаратылған жоқпыз, арттағы ұрпақтың игілігі үшін атамекенді қаны мен терін аямай төгіп, азап пен арпалыста алыса жүріп, аман алып қала алған ата-баба­лардың ұрпағымыз. Олардың бастан кешірген абыройлы сәттері біздің ру­хы­мызды асқақтатып, жеңілістері мен жәбірленген сәттері бізді де қателіктер мен адасушылықтардан сақтандыра­ды. Ұлттық тарихқа ұмсынуымыз тек өткен­ге құмартушылықтан емес, болашақ­қа деген мақсаттарымыздың қаншалық­­ты негізділігін пайымдау қажеттілігінен ­туындап отыр. Уақыт талабына тек өт­кенді біліп, тарихқа қанығып барып, дұ­рыс жауап таба аламыз».

Түркістандағы алқалы жиын, ондағы Президент сөзі тарихтан тағылым алу­ға шақыруымен де құнды, қастерлі дей­тініміз сондықтан.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

филология ғылымдарының докторы