Аймақтар • 22 Маусым, 2023

Әлеуметтік-экономикалық дамуға басымдық беріледі

192 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өндірісі өркендеген Сол­түстік Қазақстан облы­сы­ның әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму қарқыны жыл­дан-жылға ілгерілеп ке­­леді. Осы оң өзгеріс тұр­­­­ғын­­дардың әлеуметтік жағ­­дайына әсер ететіні анық. Өңірде үйлесімді іс­­­ке асып жатқан осы жә­не өзге де межелі мін­дет­­тер жөнінде облыс әкі­­мі Ай­дар­бек Сапаров Ор­та­лық коммуникация­лар қызметі алаңында баян­дады.

Әлеуметтік-экономикалық дамуға басымдық беріледі

Аграрлық салада алға басу бар

Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы өзекті мәселелер жыл басынан айқындалып, соның ішін­де кезек күттірмейтін жә­не кезең-кезеңімен іске асатын жұ­мыстардың жоспары қабыл­дан­ған. Көп ұзамай әр ауданның даму жоспары әзірленген. Об­лыс әкімдігі алға қойған межелі міндеттерді жыл соңына дейін орындауға бекініп отыр. Солтүс­тік Қазақстан облысы әуелден аграрлық өңір саналады. Онда­ғы шаруалар республика бойын­­ша дәнді-дақылдардың төрт­­тен бір бөлігін өсіреді. Әри­не, ауыл шаруашылығы саласын шалқытып отырған өңірлер­дің басты міндеті – импортқа тәуел­ділікті азайтып, өңірді өзінің азық-түліктерімен қамтамасыз ету еке­ні белгілі. Солтүстікте ауыл ша­руа­шылығы өнімінің жал­пы шыға­рылымы бес айда ша­мамен 101 млрд теңгені құра­ған. Нақты көлем индексі – 103,6%. Ол аз десеңіз, мал басы­мен қатар өнімді қай­та өңдеу ісі ілге­рілеген. Биыл облыста ауыл ша­руашылығы да­қыл­дары егіс­ті­гінің аумағы 4,5 млн гектарды құраған. Яғни көлем 90 мың гектарға ұлғайған. Оның ішінде майлы дақылдар жоба­­мен 1 млн гектар аумақты алып жатыр. Айталық, бұл кө­лем – ел бойынша ең жоғары көр­сет­кіш саналады. Биыл ішкі на­­рық­ты әлеуметтік маңызы бар өнім­­дермен қамтамасыз ету үшін қа­ра­құмықтың егіс алқа­бы 3 есе, картоп, сәбіз және қырық­қа­бат өнімдерінің аумағы 2 есе ұлғайыпты.

 

Жайылым мен егістік кеңейеді

Облыс әкімдігі өңірдегі бар­­лық ауыл шаруашылығы жер­лерін түгендеуден қол үзбе­ген. Мысалы, жергілікті билік жыл соңына дейін 330 мың гектарға жуық жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр екен.

– Бұл жерлер болашақта егіс алқаптары мен жайылымды кеңейту үшін тұрғындарға пай­далануға беріледі. Сонымен қа­тар облыстағы 223,4 мың гектар жер қор жерлеріне жатады. Біз ол жерлерді халыққа малын жаю үшін және конкурс арқылы ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысуды көздеген еңбеккерлерге беруді жоспарлап отырмыз. Біз ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударамыз. Облыста жыл сайын мал басы өсіп келеді. Нәтижесінде, кейінгі бес айда ет өндірісі 7,1%-ға (37,3 мың тонна) өсті. Сүт 4,4% өсім­мен өндірілді. Бұл меже 30 заманауи жоғары өнімді сүт фермаларын ашу арқылы орындалды.  Биыл 13 мың бас малға шақталған 17 фер­маның құрылысы басталды. Оның 9-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Фермалар ауылдық елді мекен­дерде салынуда. Бір ке­шен кем дегенде 50 адамды жұ­мыс­пен қамтуға мүмкіндік бере­ді. Фер­ма­лар­дың құрылысы Әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорация­сымен қанатқақты жобаны іске асы­рудың арқасында мүмкін бол­ға­нын атап өтемін. Жоба бойынша пайыздық мөлшерлеме 2,5% құрайды. Биылдан бастап біз­дің облыстың тәжірибесі елі­міз­д­ің басқа өңірлеріне таралған­ын атап өткен жөн, – дейді А.Са­паров.

 

Өнеркәсіпке – кең өріс

Солтүстік Қазақстан облысында Индустриялық саланы дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бес айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 234,6 млрд теңгені құра­ған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 120%-ға өскенін аңғартады. Оның ішін­де өңдеу өнеркәсібінің үлесі 192 млрд-тан астам теңгеге жеткен. Өсім машина жасау саласы, Петропавл қаласында ашыл­ған әлемге танымал «CLAAS» компаниясының техникасын құрастыру кәсіпорны, «Урал» мотоциклдері, трансформатор өндірісі, жолаушы вагондары және тамақ өнімдері есебінен шығып отыр. Облыс әкімі Ай­дар­бек Сапаровтың айтуынша, жылдың соңына дейін өнеркә­сіп өндірісінің көлемі 595 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Яғ­ни мұнда жұмыс істеп тұр­ған кә­сі­порындармен қоса жаңа кәсіп­орындарға да сенім артылмақ. 

Кейінгі жылдары жергілікті атқарушы органдар инвестиция тартуға көбірек көңіл бөлетін болған. Осы ретте инвестиция игілігінен Солтүстік Қазақстан облысы да құр қалған жоқ. Ашып айтар болсақ, жыл басынан облыс экономикасына 109 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Жергілікті әкімдік жыл соңына дейін инвестиция көлемін 496,5 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.

 

Тұрғын үй мәселесі тұраламауға тиіс

Әрине, облыс әкімдігі ең бі­рінші кезекте тұрғындардың жай­­лы өмір сүруіне қолайлы жағ­­­дай жасауды алға қойып отыр. Мұның ішінде халықты тұр­ғын үймен, жұмыспен қамтуға ық­пал­дасып, инфрақұрылымды дамыту, білім деңгейін арттырып, ме­ди­ци­на­лық қызмет көрсету сапа­сын ілгері­лету сынды бірнеше  бағыт бар.

– Өкінішке қарай, былтыр өңірде жоспарланған тұрғын үйлер толық берілмеді. Біз кем­ші­ліктерді ескердік және мәсе­ле­ні шешу үшін мүмкін болатын шараларды қабылдадық. Құрылысты аяқтап, бюджеттік үйлердің инженерлік желілерін жүргізу үшін қосымша қаржы бөлінді. Бүгінде 36 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Оның 16-сы – коммерциялық. Құрылыс сапасына нұқсан келтірмей, тұр­ғын үйді мерзімінде тапсыруды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Жыл соңына дейін пәтерлер кілті 3 мың отбасыға табысталады. Оның ішінде 702 пәтерді халық­тың әлеуметтік осал топтары ара­­сын­­да бөлеміз. 140-ын же­тім ба­лалар алады.

Бірақ бұл да жеткіліксіз. Се­бебі облыс бойынша тұрғын үй алуға кезекте 20 мыңнан ас­там адам тұр. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғас­тырамыз, – деді А.Сапаров.

Осыдан соң, БАҚ өкілдері облыс әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қатысты сұрақтар қойды. Орайы келгенде біз Айдарбек Сапаровтан Петропавлдағы апатты жағдай­дағы 2 көпірдің қашан жөндеуден өтіп, қай жылы пайдалануға бері­ле­тінін сұраған едік.

– Петропавлда екі апатты жағдайдағы көпір бар. Бірі, темір жолдың үстінен, екіншісі, Есіл өзенінен өтеді. Темір жолдан өтетін көпірдің жобасы дайын. Конкурс жариялап, жұмысты бас­тап кеттік. Осы мәселе жөнінде Премьер-министрге кірдім. Өзіміз жұмысты бастауға жергілікті бюд­жеттен 500 млн теңге бөлдік. Ен­ді келер жылы республикадан қосымша қаржы қаралады. Сондықтан жұмыс биыл басталса, осы көпірдің мәселесі шешілді деуге болады. Ал енді екінші көпірдің жайына тоқталайын. Бұған дейін бірнеше рет конкурс өткен. Бірақ уақытында орын­далмады. Сондықтан ол көпір­дің сметалық құжаттарына өзгеріс­тер енгізу керек. Оның жобасы 30 млрд-қа шығады. Келер жы­лы осыны реттесек, құрылыс баста­луы керек. Ол көпірдің ұзынды­ғы – 345 метр. Сондықтан келер жы­лы құрылысты ірі компанияны жүргізген күннің өзінде, кемі екі жылда салып бітіреді.

Ізінше, Петропавлдағы тозы­ғы жеткен қоғамдық көліктер қашан жаңартылатынын сұрадық.

– Қалада 180 автобус жүреді. Оның 100-ін жаңарттық. Биыл 20-сын жаңартуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін автопарк­терді 100% жаңартуға бел буып отырмыз. Автопарк басшыларымен кездесіп, оларға қажетінше қолдау көрсетіп, субсидия төлеп отырмыз. Сонымен қатар автобус­тарды лизинг арқылы алып беру мәселесін бақылауға алдық, – деп жауап берді әкім.