Қазіргі Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы ауыл орналасқан аумақ кезінде «Жосалы» деп аталған. Бұл жер топырағы қызғылт-сарғыш келетініне орай Жосалы деп аталса керек. Аумақта кезінде ағылшындар қазған көмір, алтын, күміс, молибден кеніштері бар. Ағылшындар жергілікті жатақтарды жұмысшы есебінде пайдаланғаны мәлім. Кенішті бойлай қонған қазақ ауылы көп болған. Оның барлығы Қызылтау болысының иелігіндегі елді мекендер саналған. Әлгі кеніштен қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласына дейін рельсті жол салынып, кен сондағы кеме айлағына тасылған.
Баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің айтуынша, сол уақытта пайда болған жұмысшылар кенті «Көмір» деп аталған. Ауылдың жанындағы төбеге ағылшындар кәдімгі тастан өріп, су мұнарасын тұрғызады. Биіктігі 3-4 қабатты үймен тең ғимараттың геометриялық дәлдікпен салынғаны таңғалдырады. Қаншама жыл өтсе де, бір тасы қозғалмаған. «Су мұнарасының салынғанына шамамен бір жарым ғасырдай уақыт өтті деп шамаланады. Кейін кеңес өкіметі жылдары мұнара толыққанды жұмыс істеп, жергілікті ұжымшарды ауыз сумен қамтамасыз еткен. Мұнара төбесіндегі қанатты бетон құймалардың әлі күнге ажырамай, бастапқы қалпын сақтап тұрғанына таңымыз бар. Ғимарат ескілігіне қарамастан күйін бұзбаған. Ал одан әріректе ағылшындар көмірмен жұмыс істейтін электр стансасын да тұрғызған. Оның жарығы жұмысшылар кентіне ғана емес, көмір кеніштеріне жеткізілген. Қазір бұл нысанның қаңқасы ғана сақталып тұр», дейді ол.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Жүсіпбек Аймауытұлы ауылы