Әдебиет • 27 Маусым, 2023

Елгезек болмыс

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бабаларымыздың дүниені керуенге теңегені неткен әсерлі, неткен тұшымды. Бұғаздай жұмбақ, таудай биік қаламгер ағалар сапы сиреген сайын ой басады. Көнерместей көрінетін сол ағалардан кейінгіге қалған атпал аманаттың бірі – әдебиетке адалдық.

Елгезек болмыс

Әдебиетке адалдық туралы сөз еткенде Аманхан Әлімұлы болмысы санаға оралады. Үнемі асығыс, әр кез ізденіс қой­науында жүрер елгезек болмыс еді ол.

«Кеткенің бе деп хабарсыз,

– Ұрысты әжем

Жиырма жыл жүрген жанарсыз.

Безесің бе деп үйден сен

– Ұрысты ағам,

Төрт-бес жыл бұрын үйленген.

Қарындасым да айтты өкпесін,

Ұрысты анам

Хабарсыз ұлы кеткесін.

Сәлден соң сөнді шырағдан.

Жаттым мен жылап,

Ұрыспағаны үшін бір-ақ жан!

О, әке!»

Осы бір әсерлі шумақтардан ақының нәзік, жылы, рахымды жүрегі білінеді. Шынында, өмірде де сәмбі талдай төгіліп, кісіге елжіреп тұратын-ды. Жақсы өлең көрсе жаны қалмай қуанып, ақынды тек жырына қарап бағалайтын. Дүниенің шуылы, қара бақыр сыңғырын елемейтін аңғал көңілі иесі болатын.

Жазғы Алматы аспаны қызғылт тартып, ауасы тымырсықтана түсетін. Ал күндізі аздап салқын жел соғар демесеңіз, «қара қарғаның миы қайнайтын» ыстық. Өзімізді өлеңнен бір сәтке де босатпайтын біздер, сондай ыстықта кітапханаға енер едік. Іші салқын, дәлізі кең кітапхана бұрышында алдына іркес-тіркес кітаптар мен журналдар жайылған Аманхан Әлімұлы отыратын. Шұрқырай амандасып, қауқылдаса кетсек, ақын мәз болып, балаша қуанатын. Кейде көсіп-көсіп құнды пікірлер шоғырын желдірте жөнелер еді-ау. Сондайда: «Біз мақтап-марапаттауды «визитка» сияқты үлестіріп, шала-шарпы, Алла берді талант емес, ет пен терінің арасындағы қабілет-қарымы бар жас ақын атанып жүрген­дерді бұзып жүрміз. Қазір, олар өздерін «Аузына Алла түкіріп, Жаратқан жарата салған» ақын санайды. Сынасаң жақпайсың, беті­не тік қарасаң жылап қоя беретін сәби сияқты», дейтін. Міне, туралықты тұмар еткен ақын сөзі. Кейде адамдық, ар жайлы толғамды сөз сөйлейтін. «Бір адамды жақтырмау, ең арысы жек көру пендеге тән – заңдылық, ал оған өшпенділікпен қарап, кектену – адами қылмыс. Осы бір қадыр-қасиеттердің соңғысы ақын-жазушыда болса, ондай қаламгерлердің қандай болмасын жазып, айтқанына да күдікпен қараймын», дер еді. Әрине, кек тұрған кеуде тат басады емес пе? Күйелеш кеудеден нұрлы сөз қайдан шықсын?

«Қас пен көздің, бауырым, арасында,

Асқақ кеуде соңына қарасын ба?

Басым кетіп барады білегінде,

Санам кетіп барады санасында.

Жаулап алған жанымды

талма кеште,

Керемет күн кешегі қалмады есте.

Ернім кетіп барады ерінінде,

Шайқалады шаттығым алма төсте.

Кеш ұғынған қадірін тірегім бе,

Сол қыз қазір мұратым, тілегім де.

Көзім кетіп барады бұрымында,

Өзім кетіп барамын жүрегінде».

Осы бір шумақтарды жақсы көрмей­тін, әрісі жатқа білмейтін жас кем шығар. Ақын жаны аймен егіздей көрінеді. «Ай нұры алақанымда», «борсық ай», «шелек басты ай» сынды табиғат жұмбағымен астасқан теңеулерді жырынан көптеп кезік­тіруге болады. Гете айтқандай, мұны табиғатпен тұтасу десек болар. Жыр жайлы ақтарылғанда «өлең деген аспандағы сағым, ғарыштағы сиқыр емес, өлең – мынау» деп алдында тұрған ағашты нұсқайтын...

Ғалам – Жаратқанның ғажайып жұм­бағы. Оны шешуге талпынған қаламгер мұрасы, шайыр болмысы да кейінгіге жұм­бақ күйінде қалмақ.

Соңғы жаңалықтар