Конгрестің ашылу салтанатында Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Парламент депутаттары және ғылыми-зерттеу институттары мен медициналық орталықтардың бірінші басшылары қатысып, нейрохирургия орталығының 15 жылдық белесімен құттықтады. Атаулы іс-шараға ұзын-саны 250-ден астам адам қатысса, оның ішінде елдің түкпір-түкпірінен 150-ден астам нейрохирург келген. Салтанатты жиында Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған құттықтауын оқып берді. Хабарламада Президент орталықтың жемісті бастамаларына аз-кем тоқталып, Серік Ақшолақов бастаған Нейрохирургия ғылыми орталығының ұжымына ғылым мен медицина саласында жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірген.
Осыдан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицинада ауру-сырқаудың алдын алу, яғни науқастардың дертін ерте сатыда анықтау шараларына басымдық берілетінін айтты.
– Конгресте елге алыс-жақын шетелдерден келіп емделіп жатқан пациенттердің барын естідіңіздер. Бұл – Ұлттық нейрохирургия орталығының әлеуеті жоғары екенін білдіреді. Біз, бірінші кезекте жаңа технологияларға көңіл аударудамыз. Қазір аудан орталықтарында, жаңадан қосылған облыстарда нейрохирургияның деңгейін көтеру жайы өзекті. Сонымен қатар реабилитациялық көмекті дамытуға басымдық беріп отырмыз. Кадрларды шетелде оқытуға көңіл бөліп, шетелдің ең үздік деген мамандарын мейлінше елге шақыруға тырысамыз. Осылайша, мамандар біліктілігін арттырады. Салада білімді де, білікті нейрохирургтер баршылық. Қазір ел бойынша 71 инсульттік орталық бар. Осы екі жылда 32 ауданның орталығында инсульт орталығы ашылды. Онда нейрохирургтермен қоса КТ, МРТ аппараттарын білетін мамандар болады. Біздің басты мақсатымыз – ауруларды барынша ерте сатыда анықтап, медициналық көмекті мейлінше жедел көрсету. Сондықтан диагностикаға ең озық аппараттарды аламыз, дейді А. Ғиният.
Конгресте орталықтың басшысы, еліміздің бас нейрохирургі, ҰҒА академигі Серік Ақшолақов Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдағы белесі жайында баяндап, саладағы түйінді мәселелерді айналып өтпеді.
«15 жыл ішінде елде алғаш рет нейрохирургияның жаңа бағыттары енгізілді. Жалпы алғанда 70 инновациялық технологияға жол аштық. Осы жылдар ішінде 40 мыңнан астам операция жүргізілді, оның ішінде III-V күрделілік санаты 90%-ды құрайды. Бұрын Орталық ашылғанға дейін нейрохирургиялық патологиясы бар пациенттерге шамамен 80% елде жоғары технологиялық ем көрсетілмеген. Соңғы 15 жылда өңірлерге 64 технология трансферті жүзеге асырылды. Соның арқасында көптеген облыста жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Бүгінде жоғары технологиялық нейрохирургиялық емдеу барша азаматқа қолжетімді және оның барлығы орталықта сәтті қолданылуда. Бүгінде еліміздің нейрохирургиялық қызметі Ұлттық нейрохирургия орталығы мен 39 облыстық және қалалық ауруханалардың базасында орналасқан 51 нейрохирургиялық бөлімшеден тұрады. Дегенмен әлі де болса, салада өзекті мәселелер бар. Бұл нейрохирургтермен, аймақтардағы нейрохирургиялық төсектермен қамтамасыз етудің біркелкі еместігі және жарақтандыру проблемалары. Балалардың нейрохирургиялық төсектерінің саны аз, кейбір аймақтарда мүлдем жоқ. Осы мәселенің барлығын біз ертеңгі отырыста міндетті түрде талқылаймыз, міндеттерді белгілейміз және ел нейрохирургиясын одан әрі жақсарту және дамыту бойынша перспективалық жоспарлар құрамыз», дейді С.Ақшолақов.
Конгрестің екінші күнінде саланың тәжірибелі мамандары, профессорлар нейрохирургиядағы нейроонкология, жұлын, тамыр, балалар нейрохирургиясы, кіші инвазиялық нейрохирургия және нейрооңалту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.