Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 711,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 607,6 мыңы – ересек адам, ал 104,3 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар.
Биыл қаңтардағы дерекке сүйенсек, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесімен 130 мыңнан аса адам қамтылды. Бұл қатардағы 61 мың адам – мүгедектігі бар азамат, оның ішінде 24 мыңнан астамы – мүгедектігі бар бала.
Елімізде мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді (АӘҚ) 700-ден аса мемлекеттік субъект ұсынады. Атап айтқанда стационарлық үлгідегі 116 медициналық-әлеуметтік мекеме, қарттар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін жалпы үлгідегі – 44, психоневрологиялық аурулары бар мүгедектер үшін – 52, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балалар үшін – 4, психоневрологиялық патологиясы бар мүгедектігі бар балалар үшін 16 қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 80 күндізгі болу орталығы, 32-оңалту орталығы, 503 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі бар. Бүгінгі таңда АӘҚ көрсету бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты еліміздің барлық өңірінде 182 ҮЕҰ жүзеге асырып жатыр.
Енді Әлеуметтік кодексте көзделген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен жеке секторды тарту арқылы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемені кезең-кезеңімен монополиясыздандыру жоспарланып отыр. Осы орайда мүгедектігі бар адамдар тұратын жерлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде де тікелей сыйымдылығы аз үйлер құрыла бастайды.
«Биыл аталған жобаны іске асыру аясында еліміздің 7 өңірінде – Ақмола, БҚО, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында сыйымдылығы аз үйлер ашу жоспарланып отыр. Бүгінде Қарағандыда алғашқы сыйымдылығы аз үй пайдалануға берілді. Мұнда 12 төсектік орынға есептелген күндізгі стационар жағдайында психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнаулы әлеуметтік қызметтерді алады», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары Гаухар Қалмақова.
Қарағандыда ашылған «Өзім» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған даму орталығында 12 бала арнайы қызметтерді стационар жағдайында тегін алады. Жалпы, бұл бастама қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Негізінде Әлеуметтік кодекс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін 2025 жылдан бастап енгізу көзделген.
«Мұндай өзгеріс алғаш рет енгізіліп жатыр. Бірақ біз күтіп отыра бермей, тестілеуді бастауға шешім қабылдадық. Қанатқақты жоба арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған және нейропсихиатриялық бұзылулары бар балаларды қамтимыз. Жобаны іске қосу мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына жұмысқа шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бала отбасында қалады және сонымен бірге арнаулы әлеуметтік қызметтердің толық пакетін алады», деп түсіндірді Г.Қалмақова.
Жоба бастамашыларының идеясы бойынша бизнесмендерді тарту қызметтердің сапасын арттыруға және шалғайдағы ауылдарды қамтуға мүмкіндік береді. Ата-аналар әлеуметтік қызметтер порталында тиісті жеткізушіні таңдай алады. Онда олар қызметтердің сапасы туралы пікір қалдыра алады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Өзім» даму орталығын ерекше қажеттіліктері бар қыз баланың анасы Эльнара Смағұлова ашты.
– Қанатқақты жоба біздің орталыққа жарты жыл ішінде 3 жастан 13 жасқа дейінгі 12 балаға тегін ем алуға мүмкіндік береді. Бұл ата-аналарға үлкен қаржылық қолдау. Біздің сабақтарымыз жеке және шағын топтарда өтеді. Балалармен логопед-дефектологтар, нейропсихолог, арт-терапевт және музыкалық терапевт жұмыс істейді. Тьюторлар бар. Балалар мұнда сегіз сағат тұрады, күніне үш рет тамақтанады, өз көлігіміз балаларды үйден алып, қайта апарады, – дейді Э.Смағұлова.
Бұл «Өзім» орталығына кенже ұлын әкелген Салтанат Истімісованың төрт баласы бар екен, оның екеуінің церебральды сал ауруы бойынша мүгедектігі бар.
«Ұлым – екі жаста, церебральды сал ауруы бар, көз нервінің төмендеме атрофиясы, ПДТ диагноздары қойылған. Мұндағы мұғалімдер керемет, баламды олардың бақылауына сеніп тапсыруға болады. Бұл орталыққа тегін бару біздің отбасымыз үшін үлкен көмек болып отыр», деді С.Истімісова.
2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдардың саны 56,1 мың адамды құрады, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28,9 мың азамат және мүгедектігі бар 4,8 мың бала бар. Өңірде 84 төсектік орынға арналған 1 оңалту орталығы, 10 стационарлық мекеме, 2 күндізгі бөлімше, үйде 57 әлеуметтік көмек бөлімшесі, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған 2 әлеуметтік бейімдеу орталығы, 9 ҮЕҰ жұмыс істейді.