Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты әбден ескірген коммуникациялық желілерді жаңартудың бірден-бір жолы екені рас. Бұған дейін Үкіметтен ескерткендей, коммуналдық қызмет ақыларын өсірмей, әбден көнеріп тұрған құбырлар мен жабдықтарды, электр желілерін жаңарту мүмкін емес. Ортақ пайдаланылатын тораптар мен коммуникацияларды қазына қаражатына жаңартып шығу – ойға сыймайтын жайт. Мұның үстіне кейінгі жылдары коммуналдық қызмет саласында, электрмен және жылумен қамту саласында мамандар тапшылығы тұрақты байқалады. Лайықты еңбекақының болмауы, білікті кадрлардың тұрақтамауы да саладағы мәселелердің күрделенуіне алып келген. Ал халықтың күнделікті өмірі үшін аса маңызды коммуналдық қызметтердің кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін стансалар мен ұйымдарда пайдаланылатын қосымша бөлшектер мен жабдықтар бірнеше есеге қымбаттаған. Осының барлығы айналып келгенде бұған дейін қолданыста болған тарифтердің инвестициялық бөлігін нөлге жеткізіп, шығынға батыра бастаған.
Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевтің айтуынша, өңірдегі ең нашар жағдай жылумен қамту саласына тиесілі. Орташа алғанда облыстағы желілердің 76 пайызы ескірсе, бұл көрсеткіш Павлодар қаласында – 82 пайыз, Екібастұз қаласында – 93 пайыз, Ақсуда 64 пайызға жеткен. Электр желілеріндегі тозу көрсеткіші – 55 пайызды, ауызсу құбырлары бойынша 64 пайызды көрсеткен. Жағдайды дұрыстау үшін монополистерден жаңа инвестициялық бағдарламалар қабылдауға жалпы саны 8 өтініш келіп түскен. Олардың жалпы құны 12,8 млрд теңгені құрайды.
– Өңір тұрғындары үшін 1 тамыздан бастап электрмен қамту тарифтері шамамен 27 пайызға қымбаттайды деп күтілуде. Өзгерістер бойынша жуық арада көпшілік тыңдау шаралары өткізіледі. Ал жылумен қамту саласына келер болсақ, әр қаладағы жағдай әртүрлі. Павлодарда ол шамамен тамыз айында 5 пайызға, Ақсуда 11 пайызға өзгеруі мүмкін. Екібастұздағы жағдай күрделірек, жөндеу шаралары аяқталған соң ол жерде тарифті талқылау бойынша жиындар өтеді. Біздің болжамымызша, тарифтің өзгеруі 27-30 пайыз аралығында болуы мүмкін. Ауызсумен қамту саласында облыс орталығында тариф өзгерісі – 20, Ақсу мен Екібастұзда 11 пайызды құрайды. Бұған қоса кәріз жүйесінің қызметі үшін Павлодарда тариф 20 пайызға, өзге қос қалада 9-13 пайыз аралығында қымбаттайды деп күтілуде, – дейді департамент басшысы.
Мекеме басшысы тариф бағаларын ұлғайту жөніндегі ұсыныстар бұған дейін құрамына депутаттар, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың өкілдері енген комиссия отырыстарында қаралғанын атап өтті. Инвестициялық бағдарламалардағы өзгерістерді талқылау бойынша 7 көпшілік тыңдауы ұйымдастырылған.
– Біз «көрпемізге қарай көсілу» қағидатын ұстанамыз. Барлық өзгеріс азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай қабылданады. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы тарифтердің кезең-кезеңімен өзгеруін қарастырады. Бұл тарифтердің бірден күрт өсіп кетуін болдырмайды әрі халыққа ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға жол ашады, – дейді И.Тангиев.
Мамандардың есептеуінше, жаңа тарифтер қабылданса, тұрғындар қазіргі қолданыстағы тарифтен шамамен 1 770 теңгеге көп төлейді екен. Көмірлі шаһарда бұл өзгеріс жылумен қамтамасыз ету саласында 3 мың теңгеге дейін жетуі ғажап емес. Тарифтің өсуі коммуналдық желілерді жаңартуға қосымша инвестициялардың түсуін қамтамасыз етеді деп болжануда. Еліміз бойынша жабдықтары мен желілері әбден тозған энергетика нысандарының «қызыл аймағына» Керекудегі №1 және №2 ЖЭО-лар, «Павлодар жылу желілері», «Павлодар-Водоканал» және еккібастұздық «Горводоканал» мен «Ақсу су арнасы» енген. Аталған мекемелер осы себептен инвестициялық бағдарламалар мен қолданыстағы тарифтерге өзгеріс енгізу жөнінде өз ұсыныстарын берген. Жоғарыда атап өткендей, қосымша шараларға сұралып отырған қаражаттың жалпы сомасы – 13 млн теңгеге жуық. Алдағы үш жылда монополистердің қызметіне бағдарланған өңірлік инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру 39 млрд теңгеден 51,8 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Бағдарлама сәтімен іске асса, жыл сайын желілер мен жабдықтардың тозуын 2 пайызға төмендетуге мүмкіндік бар.
Жыл басынан жылумен қамту саласындағы монополист компаниялар еңбекақы көлемін 40-тан 100 пайызға дейін өсіріп, қызметкерлерінің жалақысын 335 мың теңгеге дейін ұлғайтты. Мысалы, «Павлодар электржелілік тарату компаниясы» АҚ-ында орташа еңбекақы 133 мың, ал «Горэлектросеть» ұйымында ол небәрі 82 мың теңге болған еді.
Павлодар облысы