Елорда • 13 Шілде, 2023

Қаптаған құрылыс, қордаланған мәселе Астананың ажарына көлеңке түсіреді

266 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астана елорда болғалы құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Құрылыс күшейген сайын қаланың құлашы кеңге жайылып, құлпыра түсті. Алайда алып шаһарға айналып келе жатқан, қалыптасу үдерісіндегі осынау құрылымда бас жоспармен үйлеспейтін жүйесіз, ретсіз, қисық қаланған «кірпіштер» де баршылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мұндай олқылықтардың барлығын жіпке тізгендей алға тартып, қаладағы жүйесіздікті қатаң сынға алды.

Қаптаған құрылыс, қордаланған мәселе Астананың ажарына көлеңке түсіреді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Астананың дамуындағы күрмеуі қиын мәселелердің дені құрылыс саласына тиесілі екені түсінікті. Бақылаусыз, бей-берекет салынып жатқан қаптаған құрылыс нысаны қаланың сиқын қашырып, тынысын тарылта түсіп, жылу мен судың жеткіліксіздігі, көлік кептелісі, саябақтардың жоқтығы сияқты көптеген мәселені одан сайын ушық­тырып жіберді.

Бұл олқылықтардың барлығы бұ­ған дейінгі жұ­мыстың дұрыс үйлестіріл­меуі­нен, жан-­жақты ойластырылмауы­нан болып отыр. Әрине, мұндай жағдайда әдет­те таяқтың ұшы қала басшылығына тие­ді. Солай болды да. Мемлекет басшысы жағдайдың соншалықты мүш­кіл болуына кезіндегі жауапты басшылар­дың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойла­ғандығы себеп болғанын, қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң орынсыз құрылыс көбейіп кеткенін, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынғанын айтып, қа­таң ескерту жасады.

сми

«Оң жағалауды – қаланың ескі бө­лігін сақтап, дамытуға тиісті деңгей­де көңіл бөлу қажет. Оның өз харизмасы бар. Біз Астананы тең дəре­же­де дамытуымыз керек. Инвестор­лар апатты жағдайдағы ғимараттар­мен айна­лысуы қажет. Тұрғындарды басқа жақ­қа көшірсін. Босаған жерге жаңа ны­сандар салсын. Ал əкімдік оларға қа­жетті жағдайды жасасын. Инженер­лік инфрақұрылымды дамытсын. Жол­дар, əлеуметтік нысандар салып бер­сін. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана ескі жəне апатты жағдайдағы тұр­ғын үй мəселесі шешімін табады. Соны­мен қатар қаланың орталығы мен шет аймақ­тар арасындағы теңсіздікті жоя­ды. Қа­ла­ның ескі бөлігінің сыртқы келбеті жақ­сарады. Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек. Адамдардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін құрылыс саласындағы озық шешім­дер бас қаланың барлық аймағында қолданылуға тиіс. Аспанмен талас­қан биік үйлер, ауқатты орамдар мен кедей аудандар, жартылай қираған ғимараттар – бұл біздің жол емес. Жағ­дайды «теңестіру» керек. Əділетті қо­ғам құру осындай ұстанымнан бастала­ды», деді Қ.Тоқаев.

Бас қаланың тіршілігіндегі мұндай бейберекет басқа өңірлердің дамуына оң жағынан әсер етпейтіні анық. Сондық­тан елдің айнасы саналатын қаламызды ­дамытуда сапа мен үйлесімге барын­ша мән берген жөн. Президент өткізген аталған кеңестен кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов да осындай ойға бекіп, Мемлекет бас­шысы­ның жаса­ған ескертпелері елордаға ғана емес, еліміздің басқа өңір­леріне де қатысты екенін айтты.

чми

«Елорданың дамуында өзіне тән «жа­ралары» бар. Мысалы, арнайы эко­номикалық аймақтың аумағын игеру арқылы мүмкіндігінше көп ақша табу мақсатында жүргізіліп жатқан былығы көп құрылысты айтуға болады. Бұл аймақтан тыс жерлерде құрылыс салушылар жеңілдіктерден айырыла­ды. Сондықтан кез келген учаскелер­де, тіпті жаңа үйлер ескі тұрғын үй ке­шен­дерінің немесе жеке сектордың тұр­­ғындарының жайлылығын бұз­са да, құрылыс жүріп жатты. Дәл осы фактор сыбайлас жемқорлықты тудырды. Ал инфрақұрылымға келе­тін болсақ, жылу-электр және сумен жаб­дықтау – бүкіл ел үшін өзекті мәселе. Екібастұз қа­зірдің өзінде қа­ла­лық проблемалардың архетипіне айналды. Бірақ мұндай жағдай Аста­нада да орын алуы мүмкін және ол оқиға барлық саяси элита ор­на­лас­қан елорда болғандықтан ға­на бол­ған жоқ. Сонымен қатар қазір­гі инфрақұрылымдық «аштық» эко­но­микалық өсуді де шектейді, яғни қа­лаға жаңа тұрғын үйлерді ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпті де сыйдыру қиын. Ол үшін қажетті ресурстар жетіспейді. Тіпті қолданыстағы жобалар өндірісті шектеуге мәжбүр», деді Н.Шаталов.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты да ­ел­орда аудандарының біркелкі дамы­мауын сынға алып, Астана барлық аумағы бірдей дамитын әділ қала болуы керек екенін алға тартты.

чсм

«Инфрақұрылымға, жарықтан­ды­­ру­ға және басқа да игіліктерге тек Есіл тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Нұра, Алматы, Байқоңыр тұр­ғын­­­дары да теңдей қол жеткізе алуы ке­рек. Бұл – елорда әкімдігі үшін тапшы ре­сурстарды сауатты бөлуді талап ете­тін үлкен міндет. Енді қазіргі қа­ла әкіміне өзінен бұрынғылардан «мұ­раға қалған» көптеген проблеманы – эклек­тикалық сәулеттік келбет, қа­жет­ті инфрақұрылымның (базалық және әлеу­меттік) жоқтығы және көгалдан­ды­­рудағы сыбайлас жемқорлық сияқты қор­­даланған мәселелерді жүйелі түр­де шешуге тура келеді. Қазіргі жағдайда елорда әкімі батыл қадамдар жасауға мәж­бүр. Алдыңғылардың бюрократиялық «мұрасын» жойып, кадрлық тазалау жүргізуі керек және қаланы дамыту бо­йынша нақты стратегияны тұжырымдау маңызды. Қан­дай да күйреудің алдын алу үшін инфрақұрылымдық нысандарды кез келген тәсілмен жылдам енгізу қажет­тігі туып тұр», деді Н.Шаталов.

Расында, елордада үсті-үстіне қап­тап салынып жатқан көптеген тұр­ғын үй талай даулы мәселенің көзі болып отыр. Бүгінде Астанада 10 млн шар­шы метрге жуық тұрғын үй са­лы­нып жатыр екен. Ал жоғары қар­қын­мен жантала­сып салынып жат­қан бұл құрылыстар­дың сапасына се­­німнен гөрі секем көп. Оның үстіне құ­рылысы тұралап, үйіне қол жеткізе алмай жүрген үлескерлер қаншама? Мемлекет басшысы қатаң сынаған бұл мәселеге Қазақстан Құры­лысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев пікір білдірді.

«Қаладағы тұрғын үйлер құрылысы проблемасының туындауының негізгі себебі жүйесіздіктен, жалпы жұмыстың дұрыс жоспарланбауынан болып отыр. Жауапты мекемелер дер кезінде жан-жақты талдау, сараптама жасамайды. Содан келіп осындай бейберекет жағ­дай орын алады. Айталық, республика бойынша әкімдікте жалпы 623 мың адам баспанаға мұқтаждар есебін­де тұр. Мұның сыртында тіркелмеген­де­рі қаншама? Яғни қай қалада нақ­ты қан­ша адамның баспанаға мұқ­таж еке­нін біле бермейміз. Соның ішінде Астана­да баспанаға мұқтаждар саны үнемі ұлғайып келеді. Өйткені жан-жақтан ағылып көшіп келіп жат­қан жұрт көп. Бұған бір жағынан түсіністікпен де қарау керек. Себебі көшіп келіп жатқандар­дың бәрі жайлы жерде, барлық жағдайы жасал­ған, инфрақұрылымы жетік қала­да тұрғысы келеді. Бұл олардың бастап­қы тұрғылықты жерінде халықтың жақ­сы өмір сүруіне жеткілікті деңгейде жағдай жасалмағанын да көрсетеді. Бұдан келіп бұл мәселенің өте ауқым­ды, жүйелі, барлық өңірге ортақ проблема екенін байқаймыз. Ал енді Астанаға оралсақ, тұрғын үйлердің рет­сіз салынуы баспана қажеттілігі бар тұрғындар санының және урба­низация қарқынының жете еске­ріл­меуінен туындап отыр. Ал халық кө­бейген сайын, яғни сұраныс артқан сайын тұрғын үйлер де көптеп салына береді. Оның ішінде жоспарланба­ған құрылыстар да көптеп кездеседі. Ал бұндай келеңсіздіктер жауапты мекемелер тарапынан жұмыстың нақты жос­парланбауынан, жан-жақты ойластырылмауынан пайда болады. Бұл үшін ең алдымен «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды ретке келтіру керек. Аталған заңда өзгеріс енгізетін, жетілдіретін тұстар өте көп. Қазіргі кез­де осы заң аясында жалпы құрылыс салу­шы­лар­дың 7%-ы ғана жұмыс істеп жатыр. Қалғанының барлығы үдеден шыға бермейді. Ал заңға сай рұқсат алған кейбір құ­рылыс салушылар талапқа сәйкес құрылыс жүргізе алмайды. Сон­дықтан заң бойынша жаңа компаниялар алдымен шағын құрылысты салып бастайтындай норма енгізу керек. Өйткені енді бастаған құрылыс компаниялары үлкен көлемдегі нысандарды мойнына алып, ақыры бітіре алмай қалады немесе сапасыз етіп тұрғызады. Ал егер осы жұмыстардың бәрін заң шеңберінде реттеп қойсақ, көптеген мәселе шешімін табар еді», деді Т.Ерғалиев.

Аталған кеңесте ортақ стильден жұр­­дай біркелкі əрі сүреңсіз «қорап-ғи­ма­раттар» қаптап кеткені сөз болды. Мы­салы, Мыңжылдық аллеясы əуел­­де ойлағандай елорданың көр­нек­­ті жерлерінің бірі болуға тиіс еді. Нəти­жесінде, үйлерінің қасбеттері тал­ғамсыз, алабажақ екі жұпыны көше пайда болды. Айналасы лас, егілген ағаштар шыбық күйінде қурап қал­ған, инженерлік ин­фрақұрылымының ­проблемасы шаш-е­тектен. Бұған қоса осы аллеядағы жал­ғыз шағын саябақ­­­ты үй салу үшін жеке­меншік компани­я­­ға беріп жіберген. Мұндай мәселе­лер­дің біразын осы уақытқа дейін жа­ны күйген, қынжылған тұрғындар да кө­­теріп келеді. Солардың бірі, қала тұр­­ғыны Нұрлан Елеуов Мем­ле­кет бас­шысы ерекше мән берген көп­тің көкейіндегі мәселелердің оң ше­ші­луінен үмітті екенін жеткізді.

«Президент атап өткен Мың­жыл­дық аллеясы біз тұратын ауданда орналасқан. Шыны керек, бүгінде біздің ауданның дамуы ерекше, көптеген тұрғын үй са­лынды, соған сәйкес тұрғындар да кө­бейді. Әрі айналамызда жаңа те­мір­жол вокзалы, Қазақ театрының ғи­ма­раты салынып, қозғалыс одан са­йын жандана түсті. Бірақ құрылыс ны­сандары­ның, әсіресе тұрғын үйлердің ты­ғыз ­орналасуы қатты байқалады. Бұл тынысымызды тарылтып, белгілі бір дең­гейде инфрақұрылымдық мәсе­­ле­лердің де туындауына себеп болып жатыр. «Пирамида» және оның ма­ңайындағы саябақ бізден алшақтау ­ор­на­ласқандықтан, үй жағымызға жа­қын сая­бақ пен гүлбақтардың болға­нын да құп көреміз. Президент сөзінен аңғар­ғанымыздай, бас жос­парға сәйкес бұл маңайда саябақ бо­луға тиіс екен. Ал оның орнына тұрғын үй салынып кет­кен. Енді осы ретсіздік қалпына кел­тіріліп, тұрғындарға барынша қолайлы жағ­дай жасалғанын қалаймыз», деді елор­далық Н.Елеуов.

Қалай дегенмен, елорданы дамы­­ту­дағы аталған кемшіліктер бұ­рынғы қала бас­шылығының салғырттығы мен қа­телігі­нен орын алып отырғаны белгілі. Бұл ретте өткен кемшіліктер­ден сабақ алып, тиісті қорытынды шыға­ру ма­ңызды. Сондықтан Президент Астананың қазір­гі әкіміне қаланың ахуалын жақсы жағы­на қарай өз­гер­ту­ге бір жыл уақыт беріп, жұмысы өзі­­нің бақылауында болаты­нын айтты. Ендеше, елордамыздың еңсесі одан са­йын биіктей беруін тілеуден танбаймыз.