Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан өңірлерге іссапары аясында Атырау облысына барды. Облыс орталығындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшыларымен кездесіп, жұмысымен танысты.
Орталық барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігі мен зағиптығы, бас миының органикалық зақымданғаннан кейінгі бөгде адамның тұрақты күтімін қажет ететін психоневрологиялық патологиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тұруына арналған. Қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған, жасы мен денсаулығын, жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму, әлеуметтену және ортаға бейімделу деңгейін арттыруға бағытталған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Сондай-ақ депутат мұндағы қызметкерлер өз істерінің мамандары екенін әрі жұмыстарын сүйіспеншілікпен орындайтынын атап өтті. Орталық басшылығы тәрбиеленуші балаларға берілетін арбалар сапасының төмендігі және кей ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдану қиындық туғызатыны жөнінде шағымдарын айтты.
***
Астанада Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай «Amanat» партиясының қалалық филиалы мен қалалық құрылыс басқармасының өкілдерімен бірге елордадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда болды.
Спорт ғимараты бірнеше жыл бұрын апатты жағдайға байланысты жабылған болатын. Депутатқа сапар барысында футбол орталығының жаңа құрылысының жобасы таныстырылды. Бұдан бұрын осы стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жасау көзделген болатын. Мамандар мәселені зерделей келіп, оны жаңадан салған тиімді екені анықталды. Қазіргі кезде әлемдік стандарттар бойынша футбол біріншіліктерін өткізу мүмкіндігі бар 4 500 орындық толыққанды стадион салу туралы шешім қабылданғаны айтылды. Жоба бойынша тек футбол ғана емес, сонымен қатар стадион аумағында балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдану мүмкіндігі қарастырылған.
Депутат Бибігүл Жексенбай өз кезегінде балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, оның ішінде өнерді зерттеу және спортпен шұғылдану мемлекеттің басымдығы болып саналатынын жеткізді. Білімді, тәрбиелі және дені сау ұрпақ ұлттың ең қымбат игілігі екенін жеткізді. Кездесу барысында сенаторға Астанада салынуы жоспарланған басқа да нысандар бойынша ақпарат айтылды.
***
Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Аманкелді елді мекеніне барып, жалпы орта білім беретін мектептің құрылыс жұмысымен танысты.
Онда 150 орынға арналған қосымша мектептің құрылысын жүргізіп жатқан мердігермен және тапсырыс берушімен нысандарды салу үдерісінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылады. Аталған нысан 2022 жылдың мамыр айында басталған, қаржының жетіспеушілігіне байланысты құрылыс тоқтап, биылғы жылдың наурыз айында қаржысы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сапар барысында депутат құрылысы жүріп жатқан Сарапхана ауылдық округі, Майлыошақ елді мекенінен 200 орындық А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебіне барды. Білім ошағының құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Құрылыс 2021 жылы басталған. Биыл желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Мәжіліс депутаты қос нысанды аралау барысында құрылыстың бірқатар атқарылуы тиіс жұмыстарына назар аударды.
***
Сенатор Қайрат Тастекеев Абай облысындағы Ақсуат және Көкпекті аудандарының тұрғындарымен және мәслихат депутаттарымен кездесті.
Сенатор кездесу барысында тұрғындармен сөйлесіп, аймақтың жағдайымен танысты. Депутат сондай-ақ VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы аясында атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарды хабардар етті.
«Сенат осы уақыт ішінде Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту жөніндегі реформаларын заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде ауқымды жұмыс атқарды. Парламент үш айда 25 заң қабылдады. Оның ішінде 10 заң депутаттық корпустың бастамасымен әзірленді», деді сенатор.
Кездесу соңында тұрғындарды толғандыратын мәселелер талқыланды және Парламент қабылдаған заңдар бойынша жан-жақты пікір алмасу өрістеді.
***
Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов Шахтинск қаласында болып, «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС-ға тиесілі жергілікті жылу электр орталығына барды.
Сапар барысында халық қалаулысы жылу электр орталығындағы бірқатар мәселені анықтады. Оны уақтылы шешпеген жағдайда, қала тұрғындары қыста жылусыз қалады. Биыл мамырда 1, 3, 4-қазандықтарды жөндеу жұмысы басталды. Бұл жұмыс 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Депутат ЖЭО-ны жаңғырту мәселесін өз бақылауына алатынын мәлімдеді.
Жалпы, Қарағанды облысында жалпы 247,3 шақырым жылумен жабдықтау желілерін күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңғырту, 320 шақырым электрмен жабдықтау желілерін күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңғырту, 110,8 шақырым су бұру желілерін және тағы басқаларды күрделі жөндеуден өткізу және реконструкциялау жоспарлануда.
***
Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиевтің Түркістан облысындапғы сапары Қазығұрт ауданында жалғасты.
Өнер мектебінде жергілікті тұрғындармен болған кездесуге ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен шаруалар, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сенаторлар кездесу барысында қабылданған ұлттық және халықаралық заңнаманың баптары мен оған толықтырулар туралы жиналғандарға жан-жақты түсіндіріп, өңірдегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Әңгіме барысында мемлекеттік шекараның тозған бағанасын, жолдарды, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарды ретке келтіру, сондай-ақ ауданда туризм саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және шаруаларға төмен пайызбен несие беру сияқты мәселелер қозғалды. Сенаторлар өз кезегінде көтерілген барлық мәселелер Парламенттің алдағы сессиясы барысында олардың назарында болатынын атап өтті.
Парламентшілер сонымен қатар Шарбұлақ ауылдық округінің Ақбастау елді мекеніндегі 150 орындық мектепке барып, сондай-ақ қосымша салынып жатқан ауыз су қоймасы құрылысының барысымен танысты.