Ғылым • 17 Шілде, 2023

Жас техниктер робототехника чемпионатында жүлделі болды

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аустралияда робототехникадан алғаш рет Asia Pacific Open Championship ашық жарысы өтті. Чемпионатқа Алматы мен Астана қалаларынан қатысқан оқушылар жобаларын ұсынып, күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне  сілтеме жасап. 

Жас техниктер робототехника чемпионатында жүлделі болды

Жарысқа АҚШ, Канада, Үндістан және Қытай сияқты әлемнің 10 мемлекетінен 300-ден астам қатысушы жиналды. FIRST Tech Challenge аға санатында Қазақстанның намысын Алматы қаласындағы РФММ мен Астанадағы Нұрорда мектебінің командалары қорғап, алматылық Bolt.M3 командасы чемпионаттың күміс жүлдесі мен ең жоғарғы екі марапатқа ие болды. 

USTEM Robotics қорының басшысы Асылбек Мырзахметовтың айтуынша, ұлттық құраманың қоржынына түскен күміс пен екі беделді марапат чемпионат қатысушылары арасында рекордтық көрсеткішке ие. Бұл команданың жоғары кәсібилігін және Қазақстан мен Орталық Азиядағы STEM дамуына қосқан үлесі жоғары екенін көрсетеді. 

«Бізге Connect Award сыйлығы берілген кезде қатты қуандық, одан кейін Think Award және чемпионаттың күміс жүлдесін берген сәтті сөзбен айтып жіткізу мүмкін емес. Мұндай жарыстар біз үшін үлкен тәжірибе, сондай-ақ кәсіби байланыс орнатудың, өз еліміздің бұл салада жақсы дамығанын өзгелерге көрсетудің мол мүмкіндігі. Жарыстың үш күні бойы матчтар арасындағы үзілістерде біз басқа елдердің қатысушыларымен ұлттық ойындарымызды ойнап, оларға қазақ тағамдарын ұсына отырып, еліміздің мәдениетімен таныстыруға тырыстық», деді команда капитаны Таир Каренеев. 

Қоржынға түскен күміс пен екі беделді марапат чемпионат қатысушылары арасында рекордтық көрсеткішке ие болды.