Оқиға • 19 Шілде, 2023

Өртенген малды кім өтейді?

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлкей Марғұлан ауылының халқы кімнен көмек сұрарын білмей дал. Тосыннан келген дала өртінен жеке азаматтарға тиесілі 73 бас ұсақ мал тірідей жанып кеткен. Тағы жүзден астам қой-ешкіні күйік шалып, шала-жансар жатқан жануар­лар күн сайын бестен-оннан өліп жатыр дейді ауыл адамдары. Мәселеге облыс басшылығы араласып жатқанымен, малға күні қараған жұртшылық айтылған сөз, берілген уәдеге сенімсіздік танытып отыр.

Өртенген малды кім өтейді?

Бұған дейін басылым бетінде жазылғандай, өткен аптадағы алапат өрттің бірі Екібастұздың ауылдық аймағында орын алып, көптеген елді мекеннің ша­бындықтары мен жайылымдары отқа оранды. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің ресми хабарламасында көрсетілгендей, тілсіз жау ауыл малы жайылып жүрген өрісті жайпап, 70-тен аса ұсақ мал өртеніп кеткен. Әл­кей Марғұлан ауылының әкімі Бауыр­жан Бозтаев атап көрсеткендей, елді мекенде 503 адам тұрады. Төтенше жағдайдан жалпы саны 13 отбасы зардап шегіп, әр үйден шамамен орташа алғанда жеті-сегіз қой-ешкі шығын болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, күйік шалған тағы жүзден астам түлік шала-жансар күйде жатыр. Олардың арасынан шығын болып жатқандары да аз емес. Алайда құрамында ветеринарлар, ауылшаруашылық бөлімі мен жергілікті әкімдіктің өкілдері бар арнайы комиссия 73 малды ғана қырылды деп есепке енгізген. Ауыл халқы комиссияның бұл шешімімен келіспейтіндерін ай­тады. Тосыннан келген апаттан шығын болған малдың орнын тол­тыруда мемлекет көмек­теспесе, жағдайымыз қиын болады деп отыр.

– Ауыл адамдарына өрт келе жатыр деп алдын ала хабарланған жоқ. Төтенше жағдайлар мекемесі мұндай жұмыстармен мүлде айналыспайтыны таңғалдырады. Малымызды уақытында аман алып қалмауымыздың тағы бір себебі – өріс Марғұлан ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан. Жазда сол жердегі «Қуаныш» шаруа қожалығына қосып, ай сайы­н әр мал басына 600 теңгеден төлейміз. Білуімізше, түлігіміз өртенген күні қойдың басында бақташының өзі болмаған. Өрт жүріп өткен соң барып жайсыз хабарды естідік. Арнайы комиссия мүшелерімен бірге жүріп өртенген жануарларды жинап алдық. Сөйтсек, алғашқы күні өлген 73 бас қой-ешкіні ғана комиссия шығын ретінде тіркеп, жерге көмдірді. Олар кеткен соң күйік шалған өзге 139-ның алды қырыла бастады. Оларды комиссия есепке алмай отыр. Міне, бүгінге дейін тағы 30-ға жуық ұсақ малдың күйіктен өлгеніне өзім куәмін. Отарға қосқан ма­лымның 60-ын күйік шалса, 8-і де өліп кетті. Қалғанының күйі келмей тұр, мал болмайды деген ойдамыз. Отбасымда шиеттей 6 балам бар, анам мүгедек жан. Күнкөрісіміздің көзі осы түлік еді, енді жағдайымыздың не болатынын білмеймін. Комиссия мүшелері ауылдағы барлық өлген малдың жалпы құны 17 млн теңгеден асса ғана өтемақы төлейміз деп кетті. Алайда шығын сомасы ол межеге жетпейді, деп қынжылып отыр ауыл тұрғыны Тілеубек Шәкей.

Жалпы, өрт болған күні өрісте 557 қой-ешкі жайылып жүрген. Соның жартысына жуығын күйік шалыпты. Мұның үстіне Марғұлан ауылы маңайындағы 10 мың гектардай жердің түгі қалмай жанып, мал баққан ағайын жайылым мен шабындық жерлерден таршылық көре бастағаны байқалады. Биыл аумақта шөп бағасы да аспандап кетеді деп болжап отыр ауылдағылар.

Ал өңірлік ветеринария бас­қармасының басшысы Айдар Уә­лиевтің дерегінше сол күні өрісте болған малдың саны – 527 бас. 50 ешкі, 23 қой шығын болған. «Оқиға 14 шілде күні орын алған. Ветеринарлар өлген 73 ұсақ малды талапқа сай жойды. Барлық мал базада тір­келген екен, соған сай иелері де анық­талып отыр. Ендігі жерде облыс басшылығы мал иелеріне өтем­ақы төлеу туралы шешім қабыл­даса, ол малдың жасына, ұрғашы немесе еркек болуына қатысты тағайындалады. Ал әлгі күйік шалып, аман қалған жануарларды жақсылап күтсе, аяққа тұрып кетеді. Қосымша өліп жатқан түліктер туралы сіз­ден біліп отырмын, оларды есеп­ке алу туралы жергілікті вете­ринарлық қызметке тапсырма бе­ремін», деді басқарма басшысы.

Аталған мәселені облыс басшысы Асайын Байханов та назарда ұстап отырғанға ұқсайды. «Ертіс орманы» резерватындағы орман өртін бақылап жүрген облыс басшысы дүйсенбі күні тікұшақпен Марғұлан ауылына ұшып барып, шығын шеккен отбасылармен кездесу өткізген. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Дала өрттері орын алған Баян­ауыл, Май аудандарына және Екібастұздың ауылдық аймақтарына бардым. Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп талқыладық. Шаруалардың мәселелерін өзім­нің жеке бақылауыма алып, төрт бағыт бойынша көмек ұйымдастырамыз деп шештік. Біріншіден, шабындық үшін бөлінетін арзан дизель отынының көлемін 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін арттырамыз. Екін­шіден, жемшөп дайындау үшін субсидиялау көлемін бір бас қара мал үшін 7 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін ұлғайтамыз. Үшіншіден, мұқтаж фермерлерге қор санатына енетін жерлерде, мемлекеттік орман қоры және жайылма учаскелерінде шөп дайындауға мүмкіндік береміз. Төртіншіден, дәнді дақылдарды жинау кезінде сабан дайындауды қарастырамыз. Сабан ұсақталмаған күйде егістіктерде қалып, оны кейін жинап алуға мүм­кіндік бар. Соңғысы, Әлкей Марғұлан ауылының тұрғын­дарына келтірілген шығын­ды өтеу үшін өңірдің ірі кәсіп­орындарымен материалдық қол­дау көрсетіледі. Жазғы үйі мен малға арналған қоршауы зардап шеккен екі шаруашылыққа да дәл осындай көмек жасалады», деп мәлімдеді А.Байханов.

Әкім уәде еткен істер оңымен атқарылып, ауыл адамдарының шығыны өтеліп жатса, бұдан артық қуаныш болмас. Өңірдің ветеринарлық қызметі мен өзге де жауапты органдар шаруалардың жа­н­айқайына құлақ түріп, кем­шіліктерді уақытында жояды деп сенеміз.