Із кесу
1868 жылғы патшалық билік жүргізген әкімшілік-территориялық реформаның нәтижесінде Торғай облысы Орта және Шығыс Орда деп аталған өлкелердің территориясынан жасақталып, оны Елек (кейін Ақтөбе), Ырғыз, Торғай, Николаевск (кейін Қостанай) деп аталған төрт уезге бөледі. Солардың ішінде үшеуінің – Елек, Ырғыз, Торғай уездерінің жалпы атауы және оны басқаратын орталықтары да сол өңірдегі өзен-суға қатысты аталып, тек қана Николаевск (бұрынғы Шығыс Орда) уезі Айат өзенінің Тобылға құяр сағасынан жоғарғы ағысына қарай 65 верст қашықтықта орналасқан орыс-казактардың Николаевск станициясының атымен аталып, орталығы сонда орналасады. Бірақ ол пошта жолынан 100 верст шамасында қашықтықта және өңір территориясының бір қиырында орналасқандықтан, әкімшілік жұмыстарды жүргізу қиынға соғып, уезд орталығы жыл толмай Троицк қаласына көшіріледі. Дегенмен де, әскери генерал-губернатор Н.Крыжановский басқарған облыс әкімшілігі Николаевск уезінің орталығын қазақ даласына орналастыру мақсатында 1869 жылы Тобыл өзенінің орта ағысындағы «Ордабай» деген жерді болашақ қала орны етіп белгілейді.
1879 жылы, яғни болған оқиғадан 10 жыл өткен соң Торғай облысының әскери генерал-губернаторы А.П.Константинович Николаевск уезінің орталығы болады деп белгіленген «Ордабайды» жаратпай, жаңа жер іздеп, Тобылдың төменгі жағындағы 8 верст жерден қазіргі Қостанай қаласының орнын белгілейді. Осы кезеңнен бастап Қостанай топонимі туралы алғашқы жазба деректер пайда бола бастайды.
1879 жылдың 17 қарашасында облыс басшысы болашақтағы қаланың орнын былайша айқындайды: «Площадь, ограниченная с севера оврагом против брода Кустанай-Уткуль, с юга лощиною Абиль-сай, с востока р.Тоболом ... будет совершенно достачноя для собственного городского поселения». Аталған жазба деректе зерттеушілердің зейінінен мүлдем тыс қалып келген маңызды мағлұмат бар. Ол мағлұмат – «Кустанай-Уткуль» атты топоним. Орысша дыбысталған атаудың қазақшасы – «Қостанай өткелі». Жалпақ ұғыммен айтқанда, Тобыл өзенінен Қостанайға өтетін өткел. 1898 жылы ішкі істер министрлігінің арнайы тапсырмасымен Қостанай уезіне экспедиция жасаған Ф.Щербина қаланың өткел жанында пайда болғанын тілге тиек етеді: «В неизвестном до того месте, просто у брода р.Тобол, возник и, чисто с американскою быстротою, вырос город Кустанай 12-ти тысячным населением».
Өкінішке қарай, жазба деректерде (әрине, орыс тіліндегі) аталған атаудағы «өткел» сыңары ұмытылып, «Қостанай» атауы жеке-дара қалады. Осылайша, Қостанай атауын лингвистикалық тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік беретін жіңішке жіптің ұшы үзіліп, із жоғалып, әртүрлі әпсаналық мазмұндар орын ала бастайды. Сөйтіп, 1904 жылғы жазба деректе, яғни қала іргесінің қаланғанына 25 жыл уақыт өткенде «өткел» деген ұғым мүлдем халық жадынан ұмытылып, ол «Қостанай есімді қазақ кемпірінің жалғыз моласына» айналады. Кеңес дәуірінің 60-80-жылдары «жалғыз моланы» Тана (Танай) есімді қос қыздың бейіті туралы әпсана ығыстырады. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қостанай топонимі алдымен батыр есімі, одан соң ру-тайпа атауларынан пайда болды деген мазмұн-пайымдар қосылады.
Қос өзен
«Қостанай» атауын зерттеудегі басты олқылық – оны лингвистикалық тұрғыдан зерттеудің жоқтығы. Біздің пайымдауымызша, Қостанай – үш түбір сөзден біріккен атау. Олар: Қос+тан+ай. Біріккен сөздердегі екі түбір – «қос» пен «ай»-дың мағынасы әбден айқын. «Қос» әу бастан түсінікті ұғым: екі деген мағына береді. Ал «ай», кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, жұрнақ емес, көне түркі тілінде «өзен» деген мағына беретін түбір сөз.
«Ай» түбірімен келетін өзен атаулары Қазақ елі мен Украинаның далалық өлкелеріндегі өзен-көлдер атауларында тұрақты кездеседі, тіпті Шығыс Еуропаға дейін барады. Алдымен алысқа ұзамай, әңгіме арқауы болып отырған Қостанай маңына көз салайық: көршілес Башқұртстанда Үбә (Үбе) (Қараңыз: «Арқада бір өзенді дер Обаған». «Egemen Qazaqstan» газеті, 07.06.2023 ж.) өзеніне құятын, ұзындығы 550 шақырымдық «Ай» деген өзен бар. Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Орынбор аймағында «Айдарлы» өзені кездеседі. Ал Тобыл өзенінің бір саласы болып саналатын «Айат» (қазақтың «суат» деген сөзімен салыстырыңыз) атты өзен көпшілікке белгілі. Қостанай мен Ақтөбе облыстарының шекарасында «Айке» көлі орын тепкен. Қостанай – Аманқарағай тасжолында «Айсары» атты көл кездеседі.
Қазақ даласының өзге өңірлерінен де «ай» түбірімен кездесетін өзендер қатары өте көп. Айталық, шығыстан «Айагөз», «Айғыз», «Айлы», «Айранды», оңтүстіктен «Айпара», «Айқыш», «Айкөл», «Айнакөл» өзендерін атап өтуге болады. Ал қазақ даласынан Еуропалық батысқа ауыссақ, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер ақын Ж. Сайынның жырына арқау болған Украинадағы «Айдар» өзенін мысалға келтіруге болады.
«Ай» түбірінің су ұғымына қатысы басқа да лексикалық бірліктерде сақталған. Айталық, қазіргі қазақ тіліндегі «айдын» сөзі су конгнитивіне қатысты. Сондай-ақ қазақ пен қырғыз жұрты су және сұйық заттарды құятын ыдысты ай+ақ деп атайды. Сүттен жасалған ақ түсті сусынның атауы – ай+ран. Аталған мысалдар «ай» түбірінің сөз басындағы позициясына қатысты. Ал сөз соңындағы позицияға келетін болсақ, оған мысалдар өте көп және ол бізді кәрі құрлық Еуропаға дейін апарады. Демек үш түбірден құралған Қостанай атауының екі түбірінің (қос+ай) мағынасында «қос өзен» ден ұғым бар.
Қостанай: Дөң (Дон) – Донгуз – Дунай
Қостанай топонимінде үшінші түбірдің, яғни «тан»-ның мағынасы түсініксіз. Бұл түбір, біздіңше, «дөң» сөзінің сыртқы дыбыстық қауызының өзгерген түрі. Оны өзгертіп тұрған – қос бүйірінен қатаң «қ, с» дыбыстарымен қоршалған «қос» деген түбір сөз құраған жуан дауысты буын. Сол буынның түркі тілдеріндегі сингормонизм (дыбыстық, буындық үндестік) заңына бағынған тегеурінді «тепкісінен» екінші түбірдегі жіңішке буын «дөң» түбірі өзгеріп, жуан «тан»-ға айналған. Жіңішке түбір жуанға айналғада, үндестік заңына сәйкес дыбыстық әуезін өзгертіп, жасырынып, бүркемеленіп қалған.
Егер үндестік заңына сүйене отырып, сол біріккен үш түбір сөзді өз мағынасымен бастапқы қалпына келтіретін болсақ, қазіргі «Қостанай» атауы жіңішке буында «Куш+дөң+әй» болып шығады. Жіңішке буынды «куш» түбірі – жуан буынмен кездесетін «қос» пен «құш»-тың сыңары. Аталған түбірді сақтап қалған атақты гидронимнің бірі – Куш+мурун (жуан буында Құш+мұрұн). Бұл «Қостүбек» деген мағына береді (Қараңыз: «Қазыналы Құсмұрын құпиясы». «Egemen Qazaqstan» газеті,
08.10.2020 ж.).
Айтпақшы, Қостанай алғаш құрылған кезеңде қалаға переселендер ісімен сапарлап келген В.Дедлов деген жазушы қаланы «Кустонай» деп атаған. Мұны жіңішке буындағы «Кушдөңәй»-дың дыбысталуына жақын үлгі екенін байқауға болады. Қостанай атауының орыс тілінде о бастан «кус» деп басталып дыбысталуына да жіңішке түбір әсер еткен деп болжаймыз.
Сөздер біріккенде жуан буын «тан»-ға өзгеріп кеткен «дөң» түбірі – тіліміздегі «қыр, биік, бел» деген сөздердің синонимі. Қырдан ойға қарай аққан кейбір өзендер түркі тілдерінде «дөң» деп аталады. Бұған мысалды Қазақстанның оңтүстік-шығысынан бастап сонау Еуропаға дейін санамалап, сатылап көрсетуге болады. Айталық, Жетісу облысында «Дөңбұлақ», Ақтөбе облысындағы Хромтау жанында «Дөң», Қобда ауданында «Дөңгірлік» (Дунгурлук) атты шағын өзендер бар. Ақтөбеден батысқа қарай сәл аттасақ, қазіргі Орынбор өлкесінде «Дөңгүз» (Донгуз) өзеніне жолығамыз. Одан әрі жөнелсек, Азов теңізіне құятын «Дөңге» (Донға) кезігеміз. «Дөңнен» Шығыс Еуропаға жол тартсақ, «Дөң+әй» (Дунай) өзеніне ат басын тірейміз. Міне, осы арада «қырдағы өзен» деген мағынаны біріккен түбірде сақтап қалған сөз шығады. Ол осы – Дөңәй, яғни қазіргі Дунай.
Жоғарыда біз өзен мағынасындағы «ай» түбірінің сөздің соңғы буынындағы позициясына кездесетін көріністеріне мысалдар келтіреміз деп уәде берген едік. Ой желісі Хунгариядағы Дунай өзеніне келген тұста қазақ даласындағы өзен-көл атауларынан «ай» түбірінің сөздің соңғы буынында кездесетініне бірнеше мысал келтірейік. Айталық, Торғ+ай, Тоқан+ай (Торғай өңірі), Мағын+ай, Қоқа+ай, Қожа+ай, Сун+ай, Сырт+ай (бұрынғы Қостанай уезі), Шоқ+ай (Қарағанды обл.), Толағай, Топай (Шығыс Қазақстан обл.), Ақ+ай (Ақтөбе, Қызылорда обл.) т.б.
Әлқисса, Ұлы даланың «Дөңәй» гидронимі кәрі құрлыққа ғұндар арқылы барған деп бағамдаймыз. Әрине, Дунай өзенінің атауы бүгінгі мажарларға мүлдем басқа мағына беретініне күмән жоқ. Себебі Еуропаға тастай батып, судай сіңген ғұндардың даңқы бір мемлекеттің атауына орнығып, уақыт өте келе оның құр қаңтарылған қаңқасы қалып, зәу-заты мүлдем өзгеріп кетті. Ғұндарды Ұлы даламен байланыстырып тұрған жалғыз белгі – венгр тіліндігі аз-маз түркі сөздері. Енді солардың қатарына енді «Дунай» гидронимін жатқызуға болады деп санаймыз. Басқаша айтсақ, Еуропадағы атақты өзен атауының сырын тануға Қазақстандағы «Қостанай» топонимі жол бастап тұр. Бұл – қай нәрсенің болсын түп бастауы біржолата жоғалып кетпейтініне нақты мысал.
Талдаған мысалдар мен одан туындаған зейін-зердеге сүйене келе, біз, кем дегенде, ғұндар дәуірінен сақталып жеткен «Қостанай» топонимі «қырдағы қос өзен» деген ұғымды білдіреді деп есептейміз. Қос өзеніміз – Айат пен Ой (Үй). Бұлар қырдан – Орал тауының сілемдерінен бастау алып, еңістегі Тобыл өзеніне бірі батыстан, екіншісі солтүстіктен құяды. Сол аралықтағы көшпелі мал шаруашылығына қолайлы өңір, біздіңше, Қос+дөң+ай (Қостанай) деп аталған.
Өңірге өтер өткел
«Қырдағы қос өзен» өңіріне Тобыл өзенінен өтер табиғи көпір – «Қостанай өткелі». Мұндағы басты тірек сөз – Қостанай, өткел – оның меншігі, тілдік терминмен айтқанда, матаса байланысқан сөз тіркесі. Қаланың іргетасы қаланған уақытта «Қостанай» атты кең өлкеге өтетін өткелдің атауын орыс тілді облыс әкімшілігі дыбысталуы қиын қосалқы «өткел» сыңарын қолданыстан тысқары қалдырады. Осылайша, облыс территориясы жасақталғанда «Николаевск» деп аталып келген уездің атауын әкімшілік 1895 жылдан бастап қазаққа ертеден танымал әрі жергілікті тұрғындарының қолданысындағы «Қостанай» топониміне өзгертеді. Бұл Торғай өңірінің орталығы – Торғай, Ырғыздың орталығы – Ырғыз, Електің орталығы Елек қаласы болып бекітілген мысалдарға тән көрініс.
Солтүстіктегі Мауренахр
Қазақ даласындағы Дөң, Айғыз, Айат, Орынбор өлкесіндегі Донгуз, Ай, Айдарлы, Украинадағы Дон, Айдар, Еуропадағы Дунай атауларымен түбірлес, тамырлас болып келетін Қостанай топонимі – түркілік кеңістіктегі тарихи атау. Әлемдегі өркениеттердің өрлеуіне Тигр мен Ефрат (Месопотамия), Әмудария мен Сырдария (Мауренахр) сынды қос өзендер өркениеті елеулі әсерін тигізгенін ескерсек, қыр жақтан Орал тауларының сілемдері, ой жақтан Тобыл өзенінің арнасымен қоршалған Айат пен Үй өзендерінің аралығы – көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан түркі тайпалары үшін аса маңызды өлке болғаны сөзсіз. Қазақ даласының оңтүстігіндегі Сырдария мен Әмудария арасын орта ғасырлық түріктер парсының «Мауренахр» деген сөзін «Қос өзен арасы» деген мағына сыйдырады. Бұл мағына солтүстіктегі «Қостанай» топонимінде орын алған.
Түйіндей келгенде, біздің тарапымыздан зерде-зейін безбеніне салған аталған мысалдар адамзат баласының санасында ертеден қалыптасқан кейбір ұғымның ұзақ сақталатынын, бірақ олар тілдік құбылыс әсерінен ізін жасырып, көмескіленетінін байқатады. Ғылымның мәні соны аша білуде деп санаймыз.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты