Аймақтар • 28 Шілде, 2023

Керекуде көлік отыны тапшы

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы күндері керекулік көлік иелері бензин тапшылығын сезініп отыр. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларымен қатар бірне­ше аудандағы жанармай құю бекеттерінде көлік отыны жетіс­пей, кейбірі талонға көшкен. Мәселен, Баянауыл ауданын­да соңғы бір аптада бензин қасқалдақтың қанындай қат болып тұр.

Керекуде көлік отыны тапшы

Баянауыл туристік өлке болғандықтан, қазіргі уақыт­та өңірде көлік нөпірі қалың. Бұл жаққа жол жүріп келгендер­дің барлығы көлік отынының жетіспейтіндігіне шағымданады. Аудан орталығында небәрі үш жанармай құю стансасы бар болса, «Blue star» мен «Омаров» ЖК-ге қарасты бекеттерде бензин мүлде жоқ. Тек «Қызылтау» бекетінде ғана АИ-92 маркалы бензин белгілі бір мөлшермен сатылып жатыр. Яғни көлік басына күніне 15 литрден құйылады.

«Қызылтау» ЖШС өкілдерінің сөзіне сүйенсек, АИ-95 маркалы бензиннің көзден бұлбұл ұшқанына бір айдан астам уақыт өткен. Павлодар мұнай-химия зауыты өткен айда жөндеуге тоқтағалы АИ-92 маркалы бензинді жеткізуде іркілістер пайда болып, оның соңы тапшылыққа ұласқан. Қазір бекет басшылығы көлік отынын амалсыздан Шымкенттегі зауыттан сатып алып отыр.

«Мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылуға дайындала бастағанда 1,5 айға жететіндей қор жинап алған едік. Алайда қазіргі күні Баянауылға демалушылар көп келетіндіктен, бекетте түк қалмай бара жатыр. Күн сайын жүздеген, мыңдаған көлік кезекте тұрады. Оның үстіне соңғы апталарда біздің бекет қана бензин құйып жатыр, өзге екеуі тоқтап тұр. Амалсыздан лимит енгіздік. Күніне жалпы алғанда шамамен 10-15 текше метр отын ғана сатамыз. Көлік басы 15 литр бензин ғана құя алады. Бұл отын жақын жердегі Майқайың кентіне немесе Екібастұз қаласына дейін жетуге мүмкіндік береді. Лимит болмаса, қорымыз әлдеқашан тау­сылып қалар еді. Шымкенттегі зауыттан тасып жатқан көлік отыны жол шығынымен есептегенде біздің серіктестігіміз үшін аса қымбатқа түсуде, ешқандай маржа жоқ. Ең бастысы – тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру. Осы бір-екі күнде мұнайды өңдеуге беруші компаниялардың бірі ірі көлемдегі партия жеткізіп береміз деп уәде еткен. Егер ол орындалса, лимитті алып тастаймыз», дейді серіктестіктің аты-жөнін атағысы келмеген өкілі.

Ал өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нүркімбаев қазіргі күні аймақта АИ-92 маркалы бензин бойынша тапшылық жоқ деп отыр.

«Павлодар мұнай-химия зауы­ты» жөндеуден соңғы өндірісін жос­парланған мерзімнен 4 күнге ерте қо­сып, штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. 1-26 шілде аралығында 14,3 мың тонна бензин, 28,3 мың тонна дизельді отын өндірген. Осы аралықта кәсіпорыннан сыртқа 48,8 мың тонна дизельді отын, АИ-92 маркалы 17 мың тонна бензин жөнелтілген. Қазірдің өзінде жөнелтуге тиіс бензин қалдығының көлемі 2 мың тоннаны құрайды. Зауыт шикі мұнайды өңдеуді тәулігіне 15 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Павлодар облысындағы мұнай базаларында сақталып тұрған АИ-92-нің қоры – 10 күнге, АИ-95  – 8 күнге, дизель отыны 13 күнге жетеді. Павлодар қаласында АИ-92 бойынша 377 тонна бар. Қазіргі бензин жетіспеушілігі мұнайды өңдеуге беруші компаниялар мен жеткізуші фирмалар арасындағы кейбір келіспеушіліктердің салдары болуы мүмкін. Себебі мұндай шағымдар біздің басқармаға жиі болмаса да түсіп  тұрады. Екіншіден, жанармай құю бекеттері өздерінде қалған ескі бензинді талон арқылы сатып жіберуге талпынуда.  Алдағы екі-үш күнде тапшылық мәселесі шешіледі деп ойлаймыз», дейді ол.

Облыста АИ-95 маркалы бензин­нің соңғы бір ай көлемінде өте азайып кеткені де байқалып отыр. Жауапты басқарма өкілдері бұл маркадағы отын әлеуметтік мәнге ие болмағандықтан, мұнайды өңдеуге берушілер оның көлемін көбейтуге ықыласты емес дейді. Сондықтан сұраныс артатын болса, алдағы уақытта оның өндірісі де ұлғаюы керек деп болжайды. 

Анығы, павлодарлық зауыттың жоспарлы жөндеуге бір ай шамасына кідіруі өңірдегі жетіспеушілікке себеп болуда. Кәсіпорын тоқтамас бұрын жанармай базаларына жет­кі­лік­ті қор жинап бере алмаған сынды. Өткен маусым айында жұмыс са­па­рымен Пав­ло­дарға келген шенді-шекпенділер жанармай қоры­мыз жеткілікті деп ант-су ішкен. Алайда іс жүзінде жағдай басқаша өрбіп отыр.

 

Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше