Қазақстан • 28 Шілде, 2023

Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық және даму» баяндамасының әлеуметтік маңызы

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіндегі барлық жұмыстарын бір ұстанымда атқаруда, ол «Әділетті» және «Жаңа» сөздерімен тікелей байланысты мақсаттар жүйесін баяндайды. Биылғы жылы Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясын және екінші Ұлттық құрылтай кезінде де осы «Әділетті Қазақстан» бастамасын көтерген болатын.

Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық және даму» баяндамасының әлеуметтік маңызы

Менің ойымша, Қазақстан соңғы 2-3 немесе 10 жыл бұрынғы Қазақстаннан айырмашылықтары мен өзгерістері, жетістіктері мен құндылықтық бағдары басқа бағытқа өзгерген сияқты. Байқауымдағы өзгеріс, ол адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы мен әрекеттерінде, қызметкерлердің өздерінің істеріне жауапкершілікпен қарауында, сондай-ақ елімізде ұлттық бірегейлік пен ортақ ұлттық рухтың қалыптасуы көрінуінде.

Мемлекетіміздің саясаты мен өміріндегі жасалған маңызды қадамдардың бірі, ол 1995 жылдың наурыз айының 1-ші жұлдызында Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылуы. Менің ойымша, бұндай саяси институтты құру қажеттілігі сол кездегі саяси тұрғыдан, яғни жаңадан құрылған, тәуелсіздігін енді алған, құрамында көптепген этностары мен конфессиялары бар мемлекеттің тұрақты дамуы мақсатында жасалған. ҚХА құру бастамасы ол мемлекетте тұратын этностар мен конфессиялар мүшелерін, яғни қауымдастықтар арасындағы мәдениет аралық диалогтың қалыптасуы мен бекітуге, қарым-қатынасты ынтымақ пен берекеге, ізгілік пен бейбітшілікке бағыттау мен баулуға бағытталған әлемдік тәжірибедегі тың бағыт пен үрдіс болды. Отыз жылға жуық тарихында Қазақстан Халқы Ассамблеясы қарқынды дамыды, елеулі өзгерістерді басынан өткеріп, қазіргі кезде жұмысы мен өмірлік тынысын жаңа бағытқа бұрды. Осы жерде ҚХА-ның біздің қоғамда атқарып жатқан әлеуметтік бастамаларын, еріктілік жұмыстарының халыққа үлкен пайда тигізіп жатқандығын да айтып өту маңызды.

Барлығына қазақ халқының қонақжайлығы туралы белгілі, бұл сонау тарихи оқиғалар мен саясаттың салдарынан қазақ жеріне көптеген ұлттардың көшірілуі мен көшуі кезінде көрінген қаситеттердің бірі. Қиын қыстау заманда, қиындыққа тап болғандар біздің жеріміз бен елімізден тыныштық тапты, қазаққа қиын қыстау заман түскен кезде сол халықтар бізге көмектесті. Осындай көшу, қоныстану кезінде қазақ жеріне келген көптеген ұлттар мен әртүрлі дінді ұстанушылар да біздің жерімізде, елімізде өздерінің жерұйығын тапты. Ал қазіргі кезде, уақыттың, бір мақсат пен мүдденің болуына байланысты Қазақстанда тұратын барлық этностардың ауызбіршілігі мол және өзіндік қазақстандық рухани құндылықтары қалыптасып, қазақи дәстүрлерді сіңіріп, ортақ идеалогия толқыны қалыптасқандығы айқын көрінуде.

Күн сайын әлемде көптеген мәселелер мен конфликтілер туындайды, қазіргі кезде олардың туындау себептері де әртүрлі болып келеді. Қазіргі Қазақстанда этникааралық жанжалдарды туындататын бір фактор бар, ол араңдатушылар мен жалған ақпарат таратушылардың әрекеттері мен сөздері. Не себепті басқа факторлар жоқ? Себебі, қазіргі кезде Қазақстан қоғамында этникалық топтар мен жергілікті халық, саны басым халық арасында «салыстырмалы айыру/ бөлу» жоқ. Қазақстанда тұратын барлық халық, қандай жағдай болмаса да бір нанды жеп, ортақ суды ішу арқылы, осыған дейінгі қалыптасқан құндылықтарымызды дәріптеу мен қастерлеу арқылы өмір сүруде. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік саясаты, халқына жолдауы мен басқа да баяндамаларында елімізде тұрып жатқан барлық адамдарды бір ортақ Қазақстандықтар деп айтуы ерекшелігінде. Яғни, біздің мемлекеттік саясатта, күнделікті өмірімізде ортақтық, ұлттық бірегейлік қалыптасқандығы айқын көрінеді.

Қазақстандық ұлттық бірегейліктің белгілері, елімізде тұратын халықтардың мейрамдары мен дәстүрлерін ұстанатындығымыздан, діни мерекелерді ұстайтындарға толеранттылықтан, мемлекеттігіміздің белгілерін құрметтеуден көрінеді. Ал қазақстандық қоғам – ортақ идеялары мен құндылықтары бар, ортақ мақсатта біріккен еркін, жауапкершілігі мен адами қасиеттері кемелденген азаматтардан тұратын одақ. Бұл біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің көрінісі. Бұл ашық, әділетті, ауызбіршілігі мен ынтымағы бар қазақстандық халықтың істеген ісі мен қарым-қатынасынан көрінген, жақсы нәтиже деп білемін. Дегенімен, осы жерде Президент Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық және даму» баяндамасында ұлттық бірегейлігімізді арттыратын шараларды әлі жасау керектігін, қазақстандықтардың мызғымас бірлігін арттыру бойынша кешенді жұмыстарды жасау керектігін де айтуда. Соның бірі, мемлекеттік тіл мәселесінің әлі де болуында.

Полиэтностық, поликонфессиялық мемлекет болғандықтан әрине тіл мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді. Қазақстанда әлі де болса қазақ тілінің жағдайын, қазақ тілінде жазылған мұраның қалуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар жасалынуы керек. Қазіргі кезде біз қазақ мәдениеті мен тілінің, дәстүрінің басқа ұлттардың мақтан етіп, ұстанатындығы мен қадірлейтіндігі қуантады. Тілді үйрену, сияқты мәдениетті қабылдау үшін де бізге әлі де уақыт пен күш-жігер керек. Бұл туралы Президентте, мемлекеттік тілді білмейтіндерге қысым жасаудың адамилыққа жатпайтындығын, керісінше тілді білемін және мәдениетті зерттеймін дегендерге қолдау көрсету керектігін әрдайым айтуда.

Соңғы 3-4 жылда елімізде этникалық тиесілдігіне байланысты ұлтаралық қақтығыстар мен жанжалдар болмады деуге болады. Дегенімен, кейбір тілшілер екі ұлт арасында тұрмыстық себептен болған ұрысты «ұлтаралық қақтығыс» деп шығаратындар да болды. 3-4 жылда елімізде төтенше жағдайлар болды, бірақ оның ішінде ұлтаралық жанжалдар болмады. Осы өзгерістер ішінде COVID-19 коронавирус пандемиясы кезінде ұлттың бірегейлігі, қазақстандық екендігіміз айқын көрінді. Осы қиын-қыстау кезеңде, халық бірге болды, бір мақсат қойып, аталған залалдан да құтылдық. Түрлі төтенше жағдайлар кезінде, өрт немесе құрғақшылық, егінсіз қалған кезде де біз қазақстандықтар бірге болдық, бірге мәселенің шешімін тауып, бірге дамыдық. Қаңтар оқиғасы кезінде де, халықарасында ұлттық бірегейлікті бұзатын әрекеттер болмады, осы қатаң кезеңде де біз, қазақстандықтар, қиындықты бірге өткердік. Қараңыздар осының барлығында да, қазақстандық бірегейлігін жоғалтпай, халқымыз аман, жұртымыш тыныш, бірлікте болдық. Бұның болуына да, мемлекетті басқарушы, яғни Президент Тоқаевтың да салған үлесінің бар екендігі шынымен анық.

Президент «Дәстүрлердің біте қайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, әдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мәдени және адамгершілік қасиеттері ретінде саналады» деп айтқан болатын. Әділетті Қазақстандағы бірлік – халықтың мемлекетте болған жағдайларды шешуге бірге кірісуі, мемлекеттің тұғыры биік болашағын бірге құруы, елімізді дүниежүзіне жақсы жағынан танытуы, қоғамдағы одақтастықтар арасында өзара құрметпен, адамдар арасында ізгілікті сақтауды білдіреді. Әділетті Қазақстандағы тұрақтылық және даму – бірлік пен тұрақтылықтың болған жағдайында, саяси-экономикалық реформалардың жүзеге асуы мен дамуын білдіреді. Дегенімен, тек қана бірлік мемлекеттің мақсатына жетелейтін жол емес, осы жолда мемлекеттің ішіндегі халықтың күш-қуаты мен құндылығының тұрақтылығы, жарқын болашақ құрудағы дамуға ынтасы да қажет болады. Бұл туралы Президент «Ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады» деген болатын. Ал осы жолда барлық қазақстандықтар бірігіп, елдің бірлігін нығайтып, отанымыз алдындағы борышымызды өтеуіміз біздің парызымыз болып табылады.

 

Айнұр БАҚЫТЖАНОВА,

ҚазҰҚПУ Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институтының жобалар менеджері