Бұл ретте Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник медициналық көмекті ұйымдастыру туралы кеңінен мәлімет берді. Оның айтуынша, халыққа 3 мыңнан аса амбулаторлық-емханалық және 800-ден аса аурухана ұйымы медициналық көмек көрсетеді. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша азаматтар емханаларда 300 млн-нан аса рет қаралған. Стационарларда 800 мың адам, оның ішінде шұғыл түрде 490 мың адам емделді. 4,5 мың тұрғын жоғары мамандандырылған медициналық көмек алды, 250 мыңнан аса операция жасалды. Осы кезеңде елде 96 мыңнан аса нәресте дүниеге келді. Ал күндізгі стационарларда 375 мың адам емделді. Жедел медициналық көмек қызметі шамамен 1 млн 900 мың шақыруға қызмет көрсетті. Жалпы, халыққа қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмектің 80 түрі бар.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан аса адам жұмыс істейді, оның ішінде 79 мың дәрігер, 190 мың орташа медицина қызметкері бар. Жедел медициналық көмек көрсету үшін 1,5 мың көшпелі жедел медициналық көмек бригадасы жұмыс істейді. Тәулігіне ЖМК бригадалары 22 мыңнан аса шақыруға қызмет көрсетеді. Медициналық авиациямен 500 пациент тасымалданды, қашықтан 760 мың медициналық қызмет көрсетілді.
«Денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі – балалардың денсаулығын қорғау. Қазір жүкті әйелдердің 82%-ы перинаталдық ультрадыбыстық скринингпен қамтылған. 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар – ЮНИСЕФ балалар қорының ұсыныстарына сәйкес патронаждық бақылауда. Бұл ретте жасына толмаған балалардың 93%-ы патронажбен қамтылған. Министрліктің бастамасымен елімізде 13 перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 240 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 37 үшінші деңгейдегі перинаталдық орталық және 3 акушерлік республикалық орталық бар. Амбулаторлық деңгейде акушерлік-гинекологиялық көмекті 810 әйелдер консультациясы көрсетеді. Жүкті әйелдердің 99%-ы – медицина қызметкерлерінің бақылауында, олардың 90%-ы ерте бақылаумен қамтылған», деді В.Дудник.
Сонымен қатар елімізде жыл сайын ең көп таралған ауруларды ерте анықтау үшін тұрғындарға скрининг жүргізіледі екен. Мәселен, биыл бірінші тоқсанның өзінде 3 млн-нан аса адам скринингтен өтті. Аурудың ерте белгілері бар 94 мың адам анықталды.
«Қатерлі ісік статистикасы тым жоғары. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 37 мыңнан аса адам қатерлі ісік ауруына шалдығады, 14 мыңнан аса адам қайтыс болады. Бүгінгі таңда осындай диагнозбен 200 мың пациент есепте тұр. Бұл ретте науқастардың 55%-ы – еңбекке қабілетті жаста. Онкологиялық аурулардың құрылымында бірінші орында – сүт безі обыры, екінші орында өкпе обыры тұр. Елдегі онкологиялық аурулары бар науқастардың 29%-ы нөлдік және ерте сатысында анықталады, бұл медициналық қызмет сапасының жақсарғанын көрсетеді. Онкологиямен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарты да осы мақсаттарға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді, ол 5 бағыттан тұрады. Бұл бағыттардың қатарына профилактика, ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, сондай-ақ кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту жатады», деді вице-министр.
Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындарын да назардан тыс қалдырмайды. Спикердің айтуынша, бүгінде елімізде профилактикалық диагностика мен медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынатын 150 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Бұл 500-ге жуық елді мекенді қамтиды. Осыған дейін ауыл-аймақтан 748 мың адам тексерілді. Сондай-ақ биыл сәуір айында 112 елді мекенді қамтитын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы іске қосылды.
Медициналық көмекті ұйымдастыру бағытында жастардың репродуктивті денсаулығын қорғаудың да маңызы зор. Бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігі Аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова айтып берді.
«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған «Әрбір әйел – әрбір бала» атты тұжырымдаманың жобасы әзірленді. Бұл жобаны әзірлеуге еліміздің білікті мамандарымен қатар, ЖОО-лардың профессорлары қатысты. Нәтижесінде жобаның әрі қарай орындалуын қамтамасыз ету бағытында іс-жоспарлар кешені жасалды. Осы іс-жоспарлар кешенінде некеге тұрмаған болашақ отбасының денсаулық паспортын енгізу жобасы әзірленді. Бұл жобаның аясында некеге тұрмас бұрын қыздар мен жігіттерді профилактикалық тексеру көзделіп отыр. Бұл болашақта әрбір жастың репродуктивтік, соматикалық, генетикалық саулығын сақтау маңызды екенін, яғни дені сау ұрпақ дені сау ұлттың кепілдігі екенін көрсетеді. Жоба аясында ұсынылатын ұсыныс – міндетті түрде тексерілу емес. Әрбір жас жұп некеге тұрмас бұрын ерікті түрде өздері осындай тексеруден өтіп, өзінің денсаулығы туралы толық ақпаратты ала алады. Бұл ақпараттың нәтижесі бойынша тұжырымдама қыз баланың немесе ер азаматтың өз қолына беріледі. Ол міндетті түрде некені әрі қарай жалғастырмау керек деген тұжырымдама емес, некеге тұруға тыйым салынбайды. Тағы да айта кетейін, мұның басты мақсаты – отбасын құрмай тұрып жастардың өз денсаулығы туралы толық ақпаратты алуы. Егер қандай да бір дерт анықталған жағдайда, толық емделуден өтіп, жоспарлы жүктілікке дайындалуы үшін көзделіп отырған жоба», деді басқарма басшысы.
Жобаның мазмұнымен Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан танысуға болады. Сонымен қатар аталған жоба басқа мемлекеттік органдарға келісу үшін жолданды және қызу талқыланып жатыр.