Қоқиқазға қорған болған қорық
Былтыр Орталық Азияның Еуразия қоры серіктес «Шеврон» компаниясымен бірге «Байтақ жер» жобасын əзірлеген. Жоба жетекшілері кеңесе келе экотуризм, этнотуризмді дамытуға қолайлы ауылдарды көпшілікке танытуды жоспарлаған. Соның бір бағыты бизнес жобасын іске асыра алмай жүрген ауыл тұрғындарын қолдау арқылы ішкі туризмнің көкжиегін кеңейтуге орайластырылған. Қор мен компанияның өкілдері өлкенің көрсе көз тоймайтын табиғатын одан әрі таныта түсу үшін БАҚ құралдарын Қорғалжын – Зеренді – Сандықтау бағытын қамтитын турға шақырды. Көп ұзамай жоба жетекшілері бастап, журналистер Ақмола облысындағы Қорғалжын қорығына жол тартты.
Сапардың бірінші күнінде әріптестермен ЮНЕСКО-ның қорғауындағы қорықтың визит-орталығына аялдадық. Онда бізді қорық директорының ғылым жөніндегі орынбасары Александр Федулин қарсы алып, қорық туралы мазмұнды мағлұмат берді. Қорықта өсімдіктің 500-ден аса түрі, құрлықта және суда мекен ететін жануарлардың
1 400-ден астамы, сондай-ақ жәндіктердің 700-ден аса түрі анықталған. Негізі табиғатта мекендейтін аң-құстың жайлы ордасына айналған Қорғалжын қорығы 1968 жылы құрылыпты. Қорық аумағын алып жатқан Теңіз, Қорғалжын көлдері бар. Су қорының басым бөлігі Нұра өзенінен келеді. Теңіз суы ащы болса, Қорғалжын суы тұщы. Мұнда құстардың 350-ден аса түрі бар деседі. Оның 14-і «Қызыл кітапқа» енген.
Көпшіліктің көкейінде қорық аумағына құстар жыл сайын мыңдаған шақырымды еңсеріп, неге дәл осы маңға келеді деген орынды сауал тууы мүмкін. Бұл ретте басқасын былай қойып, қорықтың визит-картасына айналған «Қызыл кітаптағы» қызғылт қоқиқаздар жайында айталық. Ерекше құс қорыққа қорек үшін келеді екен. Мұнда тұзды, тұщы 60-тан аса су айдыны болса, біз айтып отырған құс тұзды суда жан бағады. Ал Теңіз өзені тұздылығы жағынан мұхиттардан асып түседі. Бір қарағанда тұзды суда тіршіліктің тіні көрінбегенімен, қоқиқаздар шаян тәріздес омыртқасыздармен қоректенеді. Қызығы, құстың қанатындағы қызғылт реңк те қоректен пайда болады екен. Қоқиқаз қамыстан алыс, қауіпсіз жерде мекендейді. Климатқа төзімді. Олар наурыздың ортасында, солтүстіктің қары ери бастаған мезгілде келеді. Тағы бір ерекшелігі, қоқиқаздар дене температурасын қалыпты сақтап тұру үшін әр кез бір аяғын судан көтеріп тұрады. Үркек құс қауіп келсе, кез келген уақытта ұшып кетуге осылай қамданады. Ұзындығы – 1,5 метр, салмағы 4 кг шамасында. Салмағына қарамастан тұмсығын суға малтып күніне 2-3 кг азық тұтынады. Туристер Қорғалжынға бірінші кезекте осы таңғажайып құсты бақылау үшін барады.
Қорықтың аумағы 2008 жылы екі есе ұлғайып, Қарағанды облысының кейбір территориясы қорыққа қосылған. Бұл да болса табиғат панасына алған жануарлар әлеміне қол сұғушыларды шектеуге бағытталған қадам деп түйдік. Заң бойынша қонақтар қорыққа кіре алмайды. Табиғатты қорықтың төңірегіндегі қорғалған аймақтардан бақылайды. Сондықтан біз де қоқиқазды қызықтау үшін қорықтың оңтүстік-шығысындағы Саумалкөл өзенінің жиегіне бардық. Көлдің ортасындағы құстарды қашықтан дүрбімен бақыладық. Қорық директорының орынбасары айтқандай, қоқиқаздар бірінен соң бірі тұмсығын суға малып қорек іздейді екен. Қанатын кеңге жайғанда қызғылт-қара аралас түсін аңғардық. Бізге қорықтың қызметкерлері Қорғалжынның артықшылығы көп деген еді. Әсіресе табиғатта мекендейтін аң-құстарға шетелден келген ғалымдар, қонақтар қатты қызығатын көрінеді. Олар адам аяғы баспаған демесек те, жануарлар дүниесін қызғыштай қорып отырған қорықтарды сырттай апталап тамашалауды жөн көреді деседі.
Қорықтан қайтар жолда Қорғалжын ауданының Өркендеу ауылындағы XVII ғасырға тән Қаныкей мазарына, кейін Нұра өзенінің сол жағалауында, Қорғалжын ауылынан 2,5 шақырым қашық орналасқан Ботағай кесенесіне аялдадық. Бұл сәулет өнерінің баға жетпес құнды мұраларының тарихы жайында аңыз-әңгіме көп екенін білетін шығарсыздар. Жолай Қорғалжын ауданында «Байтақ жер» жобасына қатысып, қаржылай қолдау көрген Амина Есина есімді кәсіпкермен жүздестік. Ол иппотерапиямен бұрыннан айналысса, қазір жоба аясында туристерге жылқымен экскурсия ұйымдастыруды бастаған.
Зерендіге бардыңыз ба?
Сапардың екінші күніне жоспарланған бағыт – Зеренді ауданы. Сәті түскенде «Байтақ жер» жобасы бойынша қаржылай көмек алған кәсіпкер Марат Алтынбековтің жол бойындағы «Жасмин» демалыс орнына тоқтадық.
– Демалыс орны облыс орталығынан 8 шақырым жерде. Біз «Байтақ жер» жобасы туралы естігенде өтініш тастап, қызмет көрсету сапасын күшейтуді ойладық. Қаралған қаржыға бассейн жылытатын насос сатып алып, орнаттық. Энергияны 4 есе үнемдей бастадық. Бастысы, энергияны біз құрылғылардың көмегімен табиғатқа зияны тимейтін жолмен алып отырмыз. Иә, жоба шеңберінде біз Астанада бірнеше бағытты, соның ішінде экотуризм, этнотуризм бойынша оқудан өттік. 6 млн теңгенің шамасында қаржы алдық. Енді кесте бойынша қыркүйектен бастап қарызды қайтара бастасақ, екі жылдың шеңберінде толық өтейміз, – дейді кәсіпкер.
Ізін ала Зеренді өзенінің іргесіндегі «Зеренді парк» демалыс орнына бардық. Мұнда қонақтар жазда, қыста келсе де әбден болады. Қазір жазғы лагерге келетін бала көп екен. Кәсіпкер жоба бойынша алған 7 млн теңгеге демалыс орнынан биыл бассейн дайындап, келер жылы көктем шыға пайдаланамыз деп отыр. Осы сәтте «Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобалар бойынша кеңесшісі Лейла Айтмұхановадан жоба туралы аз-кем ақпарат сұраған едік.
– «Шеврон» компаниясы мұнай өндірумен, өңдеумен айналысатынын білесіздер. Сонымен қатар біз серіктестермен бірлесіп қолға алған жобалар бар. Жыл сайын білім, денсаулық, экология, кәсіпкерлікті дамыту және басқа да бағыттар бойынша 25-ке жуық жобаны қаржыландырамыз. «Байтақ жер» былтыр қанатқақты жоба ретінде басталды. Біз бұрын кәсіпкерлерге грант бөлсек, осы жолы ақылдаса келе пайызсыз қаржы қарастыруды ұйғардық. Осылайша, Қорғалжын, Зеренді, Сандықтаудан 6 кәсіпкерге қолдау көрсеттік. Біз ұйымдастырған тренингке 20-ға жуық үміткер кәсіпкер қатысты. Әуелі онлайн тренинг өтті. Кейін ақпанда Астанада тағы тренинг ұйымдастырылды. Қаржы кәсіпкерлерге мамырда тиді. Олар енді бөлінген ақшаны қазан айына дейін игеруге тиіс. Жобаны Орталық Азияның Еуразия қорымен кеңесіп үйлестірдік. Қаржы қарастырдық. Енді жоба жемісті іске асып жатса, келер жылы да жалғастыру жоспарда бар, – дейді Л.Айтмұханова.
Көп ұзамай аудан атымен аталған Зеренді ауылындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Смольная» шоқысына жеттік. Негізі Көкшетау қаласынан 60 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан ұлттық парк Зерендімен қатар Шалқар, Имантау, Айыртау аймақтарын қамтиды. Осы мезетте ауыл тұрғыны, экскурсия жетекшісі Алесия Родинамен жолығып, теңіз деңгейінен 450 метр биік шоқыға өрледік. Төбеге дейін қалың қарағай, қайың, теректерді кезіктірдік. Шоқыға көтеріле бере Зеренді ауылын, Зеренді өзенін, ұлттық парктің таңдай қақтырарлық сұлулығын жақыннан көргендей болдық.
Осыдан соң біз 1898 жылы бірде-бір шегесіз, ағаштан салынған Зеренді орман шаруашылығына арналған үйге жетіп, одан ары Тіржан қажының «Тасбұлағына» бардық. Көп кідірмей «Айдаһар үңгірі» тауына беттедік. Мұның да өз алдына бөлек тарихы бар. Таңғажайып табиғатымен ерекшеленген өлкеге жолы түсіп, сапарлауды ойластырған оқырман үшін айтар болсақ, Зеренді Көкшетаудан 45 шақырым, ал Щучье – Бурабай курорттық аймағынан 79 шақырым қашық жатыр. Көкшетау – Зеренді, Бурабай – Зеренді екеуі екі бөлек бағытта. Яғни Зеренді шамамен Көкшетау мен Бурабайдың ортасында орналасқан.
Сандықтаудың сырын ұққыңыз келсе...
Сапарда Сандықтау ауданының «Балкашин» ауылдық округіне де ат ізін салдық. Алдымен ауылдың талай саңлақ спортшысы шыныққан шаңғы базасына тоқтадық. Мұнда жазда шаңғыроллермен айналысып, қыста шаңғы тебуге болады. Енді даңқты спортшылар дайындығын пысықтаған ауылда «Байтақ жер» жобасы бойынша шаңғыдан жарыстар ұйымдастырылмақ. Бұл да болса, спорт туризмін дамытып, ауылды танытуға бағытталған қадам деп түйдік. Әуесқойлар арасында шаңғы спорты қоғамдастығының төрағасы Александр Коринецкийдің айтуынша, туризм мен спорт – бірімен-бірі байланысты сала.
– Шаңғы базасында облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Спорттың осы түрінен ауылда небір шеберлер, байрақты бәсекелерде жүлдеге іліккен спортшылар шыққан. Бізде кәсіби шаңғышылардың арасында спорттан алыстағанда мүлде шаңғыға жуымайтындар кезігіп жатады. Көптің назарынан тыс қалған соң, өзін-өзі тастап жіберетіндер бар. Біз осындай азаматтардың және шаңғыны енді сүйретіп жүрген жастардың да жарысқа қатысуына мүмкіндік жасап келеміз. «Байтақ жер» жобасы аясында шілдеде бір мәрте шаңғыроллерден жарыс өткізіп үлгердік. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен әуесқойлар қатысты. Жарыстың аты жарыс, шаңғыны шебер меңгерген спортшылардың әуесқойлар арасында жүлдеге ілінбей қалатын тұстарын да көрдік. Біз жоба бойынша осы ауылда 5 жарыс ұйымдастыру үшін 5 млн теңге алдық. Екі жарыс жазда, үшеуі қыста өтеді. Оған еліміздің барлық аймағынан әуесқойлар қатыса алады, – деп ол жағымды жаңалығымен бөлісті.
Шаңғышылардың жолына түскен соң, сол маңнан ауыл үстінен қарауға қолайлы төбеге шықтық. Қайтар жолда Сандықтаудағы музейге тоқтап, ауданның тарихы туралы білдік. Негізі біздің санаулы күнде Ақмола облысының бірнеше аумағын тамашалауға «Активные туры Кз» компаниясы ықпалдасты. Ақмоланың көрікті жерлерін туристерге таныстырып жүрген компания өкілдерінің тәжірибелі екенін бағыттан жаңылмайтынына, аудандардың тарихы туралы мол дерек білетініне қарап аңғардық. Сосын экотуризм, этнотуризмді ілгерілетуе бірінші кезекте қонақтарға жайлы қызмет көрсететін орындар, инфрақұрылым, кейін табиғаты көркем, тарихы бай өлке жайында хабары бар танымы терең мамандар қажет екенін түйсіндік.