Медицина • 02 Тамыз, 2023

Ісікті емдеудің бірегей әдісі

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда скутерімен бірге көлік қағып кетіп, он күн бойы ес-түссіз жатқан жасөспірімді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері екінші рет өмірге әкеліп, аяғынан тұрғызды. Сол сияқты қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген жатырында ісігі бар, жүктіліктің 13-14 апталығындағы науқасты көпбейінді дәрігерлер командасы құтқарып қалды. Тізе берсең, мұндай оқиғалар легі жеткілікті. Дегенмен осылардың ішінде Қазақстанда алғаш рет Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалардағы бауыр обырын емдеудің химиоэмболизация әдісі енгізіліп, алғашқы операция жүзеге асқанын ілкімді оқиғалар қатарына жатқызуға болады.

Ісікті емдеудің бірегей әдісі

Аталған операция бір жарым жастағы қыз балаға жасалды. Екі сағатқа созылған операция сәтті өтті. Операцияны көпжылдық тә­жіри­бесі бар Ұлттық ғылыми медициналық орталығының онкорадиологы Нияз Малаев, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері – рентгенхирург, балалар интервенциялық кардиологы Азиз Оңласынов және балалар онкохирургы, рентгенхирург Бегайдар Елібаев жасады.

Осы уақытқа дейін бұл әдіс елімізде тек ересек адамдарға ғана қолданылып келген. Ал дамыған Еуропа елдерінде балаларға 2005 жылдан жасалып келеді. Бауыр артериясының химиоэмболизация әдісі (БАХЭ) – ағзаға тиетін зақымы барынша аз, инвазивті әдіс. Бұл арнайы құралдармен микросфераларға жүктелген химиотерапевтік препарат қан тамырлары жүйесі арқылы микрокатетерлердің көмегімен бауырдағы ісікке тікелей жеткізіліп, химиотерапиялық және ишемиялық әсер етумен ісікті тікелей жоюға мүмкіндік береді.

«Педиатриялық тәжірибеге халықаралық стандарттарға сәйкес енгізілген бұл әдіс­тің артықшылығы – басқа органдарды за­­қымдамай, ісікті тікелей жоя алады және ауыр асқынулардың алдын алып, қайғылы оқиғалардың көрсеткішін төмен­детеді. Химиялық препарат бауырда шоғырланған ісікке тікелей енгізілетіндіктен, химиотерапиялық әсері жүйелі әдіске қарағанда бірнеше есе тиімді. Науқастың өзіне өзі келетін кезеңі бар болғаны 2-3 күнді алады және пациент процедурадан кейін 3-күні шығарылады. Бұл әдісті қолдану арқылы хирургиялық операция жасауға келмейтін бауыр ісіктерінің көлемін тұрақтандыруға немесе азайтуға болады», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының рентгенхирургы, балалар интервенциялық кардиологы Азиз Оңласынов.

Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен балаларда қатерлі ісіктердің 600-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Гепатобластома балалардағы барлық ісіктің шамамен 0,5-2% және бауырдың біріншілік ісіктерінің 2/3 бөлігін құрайды. 2013 жылдан бері Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында гепатобластомаға шалдыққан 69 бала емделген. Оның 40-ы – ремиссияда.

«Бауыр артериясының химиоэмболизация әдісі операция жасауға келмейтін қатерлі ісіктерді емдеудің таңдау әдісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бауыр ісіктерін емдеуде химиоэмболизацияны қолданудың тиімділігі мен мүмкіндігінің кепілі – тәуекел тобындағы науқастарда осы қатерлі дертті мүм­кін­ді­гін­ше ерте диагностикалауға, сондай-ақ интервенциялық онкологиялық әдістерді қолдану арқылы дер кезінде ем-дом жүргізуге жол ашады», дейді балалар онкохирургы, рентгенхирург Бегайдар Елібаев.