«Ертіс орман жолағының» бөлігі – Шалдай орман шаруашылығы табиғаты ерекше жаратылған жер. Реликті орман жамылғылары сонау көне замандарда, бұрынғы мұхиттың орнында шөгіп қалған балдырлардың негізінде өсіп шыққан дейді оқымыстылар. Жалқарағайдың тамыры 70 метр тереңдікке кетіп, ежелгі мұхит суынан қорек алады. Былай қарасаң, мұндағы орманды жерлердің барлығы кәдімгі сусылдаған құмға өскен. Аумақтағы ең кәрі қарағайлардың жасы 600 жылға жетеді деп болжанады.
Шалдайдағы жалқарағайлардың ішіндегі ең алыбы – жасы шамамен 350 жылдан асады деп шамаланатын қарағай. Оған жергілікті жұрт «Орман батыры» деп ат қойған. Резерваттағы бірегей ботаникалық өсімдіктің діні жуан, төрт адам айнала тұра қалғанда құшақтары әрең жетер еді. Діңнің диаметрі – 1,20 метр, ал биіктігі шамамен 27 метрдей.
Кәрі қарағай «Келдіқыз» жайлауындағы Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесінен 300 метрдей жерде қалың орман арасында өсіп тұр. Кесене шырақшысы Ермек Рахметовтің айтуынша, келушілер бұл ағашты «Тілектер ағашы», «Емші ағаш» деп те атайды екен. Жергілікті жұрт ерекше ағаштың дінінен ұстап, тілек тілесе, Жаратқан қабыл етеді деп санайды. Енді біреулер мұнда дертіне шипа іздеп келеді. Туристер саялы ағаш маңында суретке түсіп, қызықтағанды жақсы көреді. Бір жылдары ормандағы қалың өрттен алып қарағайдың діңін от шалыпты. Қазіргі күні жоғарыдағы бұтақтары жапырақсыз, сидиып тұр. Жергілікті орманшылар ағаш әлі де өсуін тоқтатпағанын, жалаңаш қалғаны биылғы қуаңшылықтың салдары екенін айтады. Аумақта діңнің жуандығы 80 сантиметрге дейін жететін алып ағаштар да ұшырасады.