Қоғам • 03 Тамыз, 2023

Агрокешен: Айлық аз, маман тапшы

417 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына тікелей байланысты. Солай десек те, агроөнеркәсіптік кешендегі орташа жалақы еліміз бойынша ең төменгі деңгейде. Айлығы мардымсыз болғандықтан, фермалар мен егістіктерде жұмыс істейтін адам қалмай барады.

Агрокешен: Айлық аз, маман тапшы

Аграрлық сала қызметкерлері еліміз бойынша ең төмен жалақы алатындар қатарында. Соның салдарынан өнеркәсіп кадрларының табысы көбірек қызметке ауы­суы белең алған. Кейінгі жыл­дар­да­ғы статистикаға қара­сақ, АӨК-те жұмыспен қам­тыл­ғандар саны тоқ­таусыз аза­йып бара жатқа­нын аңғарамыз. Мәселен, 2018 жыл­дың бірінші тоқсанында агрокешенде 1,2 млн адам (биылғы­мен салыстырғанда 16,4%-ға көп), 2015 жылы ‒ 1,4 млн адам (38,4%-ға көп), 2013 жылы ‒ 2,1 млн адам (2 есе көп), 2010 жылы 2,2 млн адам (2,2 есе көп) еңбек етті. Биыл бірінші тоқсанда ауыл, орман және балық шаруашылығында 1 млн-нан аса адам жұмыспен қамтылды. Бірақ бұл бір жыл бұрынғы көр­сет­кіштен 7,4%-ға аз. АӨК-тегі жалдамалы жұмыскерлер саны­ның қысқаруы жалғасып жатыр және бар­лық уақыттағы ең төменгі көр­сет­кіштерге жетті. Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанын­да жұмыс­к­ерлердің тізімдік саны 65,8 мың адамды құрады, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыс­тырғанда 1,9%-ға аз. Сөйтіп, жыл­дар бойы қалыптасқан кадр тап­шылығы өзінің шекті мәніне жет­кендей. Енді қазірде ауыл ша­руа­шылығына 3 мың жұмысшы қажет. Егістікке тракторшы, механизатор, агроном және басқа да мамандар жетіспейді. Осылай ­жал­ға­са берсе, шаруаларды шы­рақ­пен іздей­тін жағдайға түсуіміз мүмкін.

АӨК-те жұмыспен қамтыл­ған­дар­дың көпшілігінің, яғни 549,5 мың адамның (бір жыл бұрынғыдан 4,6%-ға аз) техникалық және кәсіптік білімі бар. Тағы 255,5 мың адам бастауыш, негізгі және жал­пы орта білімге (2,9%-ға азайған), сондай-ақ 231,4 мың адам жоғары және жоғары оқу орны­нан кейінгі білімге ие (бірден 17,4%-ға аз). Жас тұрғысынан алған­да агро­өнер­кәсіптік кешенде жұмыс­пен қам­тылған жастардың аз екені анық байқалады. Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының төр­ағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, ветеринарлық дәрігерлер, мал шаруашылығының қыр-сырын білетін және мал шаруа­шы­лығы кәсіпорнында жұмысты ұйым­дастыра алатын менеджерлер жетіспейді. Ауылшаруашылық білімі бар және заманауи ауыл­шаруа­шылық техникасын жөндей алатын инженер-механиктер жоқ­тың­ қасы.

«Біз ауыл шаруашылығының әр буынында тапшылықты сезі­не­міз. Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорнының білікті басшысын табу да қиын. Ауыл шаруашылығы саласына 3 мың тар және орта буын мамандары қажет. Елімізде ауыл шаруашылығы кадрларын даярлаумен 23 жоғары оқу орны айналысады. Олар жыл сайын
2 мың сертификатталған мамандарды даярлап шығарады. Бірақ солардың тек жартысы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді», дейді Қ.Бисетаев.

Ауыл, орман және балық ша­руа­шылығы саласындағы жала­қы еліміз бойынша ең төмен бо­лып қалып отыр және бірінші тоқсан­да айына орта есеппен 179,4 мың тең­гені құраған. Бұл елімізде ор­­та­ша номиналды жалақы­­ның жарты­сына жуығы. Сонымен қатар­ балық шаруашылығы және аквамәдениет, орман шаруашылығы және ағаш кесу секторы қызметкерлерінің ел бо­йынша орташа айлық жалақысы ең төмен: тиісінше 120,6 мың және 143,8 мың теңге. Бұл сала­ларда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы, аң аулау және қызмет көрсету саласындағы жағдайлар біршама жақсырақ, яғни айына орта есеппен 180,9 мың теңге. Дәл осындай жалақыны мектепке дейінгі білім беру, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар (сыйақы үшін немесе келісімшарт негізінде) және ветеринарлық қызмет мамандары алады.

Айта кету керек, биыл балық өсіру кәсіпорындары қызмет­кер­лерінің жалақысы жоғарылаған болса, бұл тек мемлекеттік кәсіп­орын­дарда жұмыс істейтіндерге ғана қатысты. Экология және таби­ғи ресурстар министрлігі биыл шілдеден бастап сектордағы жала­қы­ның екі есе өскенін хабарлады. Сол секілді ведомст­во­ орман шаруашылығы қызмет­кер­лерінің жалақысын көтерудің маңыздылығын мәлімдеді. Ми­нистр­лік орман шаруашылығы қы­­з­меткерлерінің орташа жалақы­сы атқаратын лауазымына, білімі мен еңбек сіңірген жылдарына байланысты 70 мыңнан 170 мың теңгеге дейін құрайтынын нақтылап отыр. Оның ішінде басшылық құрамның еңбекақысы ‒ 140 мыңнан 170 мың теңгеге дейін, инженерлік құрамдікі – 115 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, орманшылардікі ‒ 80 мыңнан 120 мың теңгеге дейін. Министр­лік жағдайды өзгерту үшін былтыр­ғы қаңтардан бастап азамат­тық қызметшілердің жекелеген са­нат­тарының, оның ішінде орман шаруашылығы қызметкерлері­нің кірістерін 2022-2025 жылдары орта есеппен 25%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталғанын хабарлады. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде орманшылардың табысы екі есе өсуі керек. Әзірге та­быстың төмендігіне, саланың тартымсыздығына байланысты білікті мамандар бұл сегменттен де сырт айналып жатыр.