Қоғам • 04 Тамыз, 2023

Тәрбиедегі олқылық салдары

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында 14 жастағы жеткіншекті өз қатар­лас­тарының аяусыз соққыға жығуы жұрттың ашу-ыза­сын тудырып отыр. Жасөспірімді әбден қорлап, адам айтқысыз дене жарақаттарын салғандар мен олардың ата-аналары жазадан құтылып кетпесе екен дейді көпшілік.

Тәрбиедегі олқылық салдары

Шілде айының соңғы он­күн­дігінде болған оқиға әлеу­меттік желіні дүр сілкін­ді­ріп, естіп-білген жұрт­тың жа­ғасын ұстатты. Жас ша­ма­ла­ры 12-17 жастағы бір топ бала өз қатарласын аяусыз ұрып, тепкінің астына алған. Жас­өспірімнің бас сүйегіне, денесіне жарақат салып, ойларына келген жауыздықты жүзеге асырғандар арасында кәмелет жасына жетпеген қыздар да болған деседі оқи­ғаны көргендер. Жабыла саба­ғаны былай тұрсын, зардап шегушіні тыр жалаңаш шешіндіріп, қорлап, онысын ұялы телефон камерасына тү­сіріп алған. Ең соңы бей­бастақ қылық жасағандар баладан 100 мың теңге талап етіп, бопсалаған. Байғұс баланы соңынан достары тауып алып, жедел жәрдем көлігін шақыртқан.

Бұл оқиғаға жергілікті ата-аналар айрықша алаңдаушылық танытып отыр. Әлеуметтік желі­лерде белсенді азаматтар топ құрып, ар-намысы тап­талған ер баланың құқы­ғын қорғау, қылмыстық оқи­­ғаға қатысы барлардың тиіс­­ті жазасын алуы бойынша мәселелерді назарларында ұс­тауда. Өңірлік полиция депар­таментінің мәліметінше, ұрып-соғу әрекетіне қатыс­қанның барлығы анық­та­лып­ты. «Оқиғаның барлық қатысушысы анықталды. Қа­зіргі уақытта Қылмыстық ко­декстің 107-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар то­бының денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiруі» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», деп хабарланды департаменттен.

Облыстық балалар ауру­ха­на­сының нейрохирургі Талғат Қасымбековтің айтуынша, 2009 жылы туған жасөспірім емдеу мекемесіне жеткізілгенде, оған «жабық бас сүйек-ми жарақаты» диагнозы қойылған. Яғни баланың миы шайқалып, маңдай сүйегі сынған, өкпе және бүйрек мүшелері қатты соққы алған. Бет-аузы, шынтақтары мен арқасы, кеудесі сырылған. Зардап шегуші толық сауығып кетуі үшін оған кемінде үш айлық оңалту шаралары және психологтің көмегі қажет дейді маман.

– Соққыға жығылған бала­ның жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Алғашқы күннен-ақ консервативті емдеу шаралары тағайындалып, дәрігер мамандарымыз жасөспірімге өз ақыл-кеңестерін берді. Балаға ешқандай ота жасалған жоқ. Қазіргі уақытта жағдайы жақсы, жуық арада амбулаторлық емдеуге шығарылады. Психо­ло­гиялық жарақат баланың бойында ұзақ уақытқа қалып қоя­тыны ақиқат. Ол енді тұр­ғы­лықты жері бойынша қыз­мет көрсететін невропатолог­тер мен психологтердің құзы­ре­тіндегі жұмыс. Баламен әрі қарай оңалту шараларын жүргізу өте маңызды, – дейді об­лыстық балалар ауру­­ха­­на­сының нейрохирургі Т.Қасымбеков.

Емдеу мекемесінің қызмет­кер­лері бала ауруханаға түс­кеннен бастап ата-анасы мүлде бой көрсетпегенін де жасырмады. Анасы келмек түгілі, әлі күнге баласына қоңырау шалып, халін де сұрамаған. Дәрігерлер жасөспірімнің заңды өкілдері келмейінше, оны ауруханадан шығара алмайтындарын айтып отыр.

Ал Оқу-ағарту министр­лі­гінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасын өз бақы­лауына алғанын, оған ал­дағы уақытта жан-жақты кө­мек көрсетілетінін хабарлады. «Балалар арасындағы қа­ты­гездіктің алдын алу мақ­сатында өңірлерге білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыс­та­рын күшейтіп, балаларды қосымша біліммен 100 па­йыз қамту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды» де­лінген ресми мәлімдемеде.