Қазақ бейнелеу өнерін бір биікке көтеріп, қайта түлеткен біртуар суретші Салихитдин Айтбаевтың «Ана» картинасына көз суарғанда әлгіндей ойға қалдық. Әлгі «Бостандық әйелі» мен Салихитдиннің «Анасын» не байланыстыратынын тап басып айту да қиын. Бірақ қазақ даласындағы жас анаға қарап ұзақ тесілгенде, адамзат баласының қасиетті ана алдындағы парызы мен борышы, ақ сүтінің өтеуі, махаббат пен мейірім туралы ойлар иектемей қоймайды.
Біз бұл туындының екі түрін тамашаладық. Кескіндеме нұсқасын және майлы бояумен салынған картинасын. Ғажап бір тылсым сыр шертетіндей сезіледі. Аса бір жайлылық, бейқам өмірдің жайдары лебі де, адамзат баласының болашағына жанын төсеген тағдырлы өмірдің жанкешті кейпі де анық байқалады. Және бәрінің бастауында тұрған жас ананың кейпі. Атойсыз, кәдімгідей тіл жетпейтін тыныштық бар жүзінде. Адамзат баласының осы күнге дейінгі барлық жетістігі мен игілігі жолында асыл мұратынан таймаған бейбіт ана тағдырының күнгейі мен көлеңкесі... елес беріп, туынды еріксіз табындырады. Анаға табындырады. Пафоссыз, өзі сұлу, өзі сүйкімді һәм өзі қаралы бейне... Бұл суретті түсіндірудің өзі асылық па деймін, негізі. Баққанға тыныштықтың тілінен артық үн мен құдірет жоқ. Тып-тыныш мүлгіп әрі тербеліп сыр шертіп тұрған суреттің кеңістігін сезінсе болғаны. Еріксіз біртуар суретшінің еңбектерін тамашалауға кірісіп кетесіз.
Айтпақшы, әлгі «Бостандық мүсінін» неге айттық? Меніңше суреткер дүниежүзілік сондай құбылыстарды саралап, ой елегінен өткізіп салғаны байқалады. Ел аузында «Бостандық құдайы» атала беретін мүсіннен «мен сендерге азаттық сыйладым» деген өктемдік сыз берсе, Салихитдиннің «Анасы» «менің барым сендерсіңдер, періште жандар!» деп мөлдіреген мейіріммен қарайды. Махаббатқа жетпеген жан азаттықтың да парқына жете алмасы хақ. Сондықтан автордың бұл өнері әлемдік жауһарлардың қатарына кіруге тиіс туынды деген ойдамыз. Баласын алдына алған жас ана, бәлкім жас та болса жарты ғұмыры өтіп кеткен ана... Өкінішсіз, риясыз жап-жас ананың бір қолында болашақ уақыттың күш-қуаты мен ұстынына айналар баласы тұрса, бір қолы көтерулі. Әлгі «Бостандық мүсініндегі» қарттыққа бет алған әйелдікіндей әуеге тік шаншылған емес, өз басынан сәл ғана асыра көтерген аялы алақан – сіз бен бізге деген мейірім мен махаббат. Жалынды сәлем! Және дүниеде қандай қатер төнсе де сендер үшін көріп алдым дегені. «Келдім. Көрдім. Жеңдім!» дегендей астамшылық жоқ. «Алдымдағы бөбегім, балам үшін, осының бәрі сендер үшін!» деп бауырмал сезіммен үн қатардай. Алдына жайғасқан баласы алдынан сырғып кетпес үшін оны сол қолымен ғана демесе, сәл бүгіңкіреп көтерген оң қолдың асты-үстінен қазақ даласы көрінеді. Киіз үйлер жайғасқан адырлы аймақ шоқы-қырат, тауларға ұласады. Бір жерлері ашық, сәулелі, енді бір жерлері түнеріп, қарайып кеткен аспандағы әртүрлі түстер өткен өмір мен уақыттың хабары шығар. Ондағы әр түстің өзінің үні бар. Сол иығынан көз салса, қошақанмен ойнаған жас бала көрініс береді. Одан әріде үйірлі жылқы, қайнаған қазақ даласының тіршілігі. Әйел-ананың оң жақ қолының астынан соңына таман көз жібергенде алдыңғы киіз үй алдында шоқиып ит отыр. Ат пен ит, жылқы, киіз үй алдында ойнаған бала, дала мен тау – қазақ өмірінің бейнесі десек, әр тұсқа төгілген бояулар өткен-кеткен замананың күнгейі мен көлеңкесі – бәрі ананың соңында тұрғаны тегін емес. «Мына дүниедегі тіршілік, махаббат бастауы – ана. Бәрі соның құрсағына, мейірімі мен махаббатына жасырылған. Ол бір қолымен сені аяласа, бір қолымен сырттан келетін пәле-жаладан сені қорғап келеді, адамзат», деп ананың жүрек үні, жан дірілімен тіл қатады сурет. Олай болатын себебі, алдына баласын алған ананың сол жағына қарасаңыз күн сәулесінің ашық түсі суреттелген. Ал көтерген қолының сырты мен иық тұсының бояуы қою қара болып тұтасқан. Баласы жатқан алдыңғы омырауы да алтын түстес сары да, ананың арқа, иық тұстары қараға боялған. Бет-әлпетінің жарымына жуығы да күңгірт, қара-қоңыр тартқан. Есесіне қолының астындағы киіз үйлер мен даласы, қошақанмен ойнаған жеткіншек те сары түске малынған. Ұрпағының бақытты өмірі мен теңдігі жолында жанын сала жүріп, бар ғұмырын сарп еткен ана бейнесін, мәңгі жас ана бейнесін бұдан артық суреттеу мүмкін бе, сірә?
P.S. Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шерісінде» үйге жолбарыс кіріп, баланы ала жөнелгенде, ері сілейіп отырған күйі қалып, жары көсеуді ала сала азулы жыртқышты қуып кететіні бар еді ғой. Ері есін жиып, есік алдына шыққанда, жолбарыс жарын жәукемдеп болып, баласын тістеп алып, ұзап бара жатқан болатын...
«О, аналар, осындайсың бәрің де,
Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.
Сыйынатын болса өмірде құдірет,
Сыйынар ем ана деген тәңірге» (Аманжол Шамкенов) деп ақын тегін айтпаған.