1973 жылы негізі қаланған Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры биыл өзінің мерейтойлық 50-маусымын аяқтады. Осынау уақыт ішінде ұжым алыс-жақын шетелдің 200-ден астам қаласында болып, өз жанкүйерлерін тапты. Ал бұл жолғы сапар – олардың «Астана Опера» сахнасындағы үшінші гастролі.
– Жазда бізге гастрольмен келу Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрына дәстүрге айналды деуге болады. Әлбетте, біз бұған тек қуанамыз, себебі мұндай әріптестік біздің ұжымдарымыз арасындағы мәдени байланыстарды одан сайын нығайта түседі. Биыл мамырда театрымыздың опера труппасы мен хоры Қарағандыда жарқын гала-бағдарлама мен С.Рахманиновтің «Алеко» операсының концерттік нұсқасын ұсынғанын да атап өткім келеді. Енді әріптестерімізді біз қарсы алғалы жатырмыз. Жазғы демалыста балаларға уақыттарын тиімді өткізуге жақсы мүмкіндік туып отыр, өйткені труппа оларға репертуарындағы ең қызықты ертегілерді көрсетпекші. Қарағандылық әріптестерімізге жемісті гастроль тілей отыра, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене беріңіздер дегім келеді, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Елордадағы өнер көрсетуге асқан жауапкершілікпен қарайтын қарағандылық труппа бұл жолы да әдеттегідей театр репертуарындағы ең қызықты әрі сан алуан қойылымдарды іріктеп алуға тырысыпты. Атап айтсақ, олар – біртуар И.Кальманның «Марица» опереттасы, бұдан кем түспейтін тағы бір тамаша оперетта – И.Штраустың музыкасына қойылған «Жарқанат» және Г.Гладковтың «Шөп қорыған ит» музыкалық комедиясы. Сонымен қатар ұйымшыл ұжым өзінің кішкентай көрермендерін де ұмытқан жоқ, оларға «Аладдин» және «Бремен музыканттары» секілді екі музыкалық ертегіні, сондай-ақ «Қар патшайымы» мюзиклін көрсетеді.
– Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры еліміздегі оперетта мен мюзикл жанрында қойылым қоятын бірден-бір театр болғандықтан, труппамызды барлық өңір асыға күтеді десем артық айтқандығым емес. Алғаш рет біздің ұжым «Астана Операның» керемет сахнасында 2019 жылы өнер көрсеткен еді. Араға үш жыл салып, театрдың 50-ші мерейтойлық маусымын да осында гастрольмен бастадық. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Өткен жылғы сапарымызда да барлық спектакльдер зор табыспен өткенін, елордалық көпшілік бізді өте жылы қарсы алғанын айта кетуім қажет. Мұндай жетістікке труппаның талпынысы мен шабытынан бөлек, «Астана Опера» сахнасының техникалық мүмкіндіктері көп ықпалын тигізді. Театр сахнасы музыкалық театрларға қойылатын барлық әлемдік талаптарға сай. Бұл сахнада біз өз спектакльдерімізді мүлде жаңа қырынан көрдік. Әртістеріміз де осындай керемет сахнада өнер көрсетуге және елордалық жанкүйерлерімен қайта кездесуге әрдайым асық. Олар талғампаз көрермендерін бұл жолы да қуантып, ұмытылмас әсер сыйлау үшін бар күшін салады, – деп сөзін қорытындылады Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ыбраев.
Еске сала кетейік, гастрольдік сапар бағдарламасына енген қойылымдар «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында 11-13 тамыз аралығында үш күн қатарынан қойылады.