Қоғам • 11 Тамыз, 2023

«Сәулесі бар ұрпақ» насихаты

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз жиі қолданатын темірқазық жерде де, көкте де бар. Қазақ темірді ұштап, жерге қағып, ат арқандайды. Дүниені атқа тақымын ерте тигізгендер билеген ертеректе... Көктегі темірқазық жұлдызы жарқырап тұрмаса, түнде адасасыз.

«Сәулесі бар ұрпақ» насихаты

Көк пен жердің арасында адамзат баласы ақыл-ойының темірқазығына айналған Абайы бар да ұлттың адасатын не жөні бар? Тамыз туа қазақ даласы Абайдың туған күніне, ақыл-ойды үлгі етуге кірісіп кетеді. Мекеме, ұжым болып Абай рухына жақындауға тырысады. Соның бірі – Астанадағы Журналистер аллеясында Абай Құ­нанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия ұйымдастырған «Алдымда ақын Абай – Темірқазық!» атты әдеби кеш еді.

Абай даңғылы мен «Егемен Қазақ­стан» газеті» көшесінің қиылысындағы ал­леяда әншілер орындауында Абай әндері асқақтады, аталған мектеп оқу­шылары ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Қайталап қаншама рет оқы, осындай іс-шаралардан бір өлеңін бірнеше рет тыңдарсыз, бірақ Абай шығармалары естіген сайын жаңа қырынан танылады. Дәл қазіргі сәтіңнің тура жолы. Бұдан кейінгі замандардың да көш-керуеніндегі жас ұрпақтың үні­мен болашаққа жол тартатын азбас-тозбас дәулет емей не бұл? Хакім ру­хына жақындаған әр ұрпақ өмір мәнін тереңірек сезініп, жанына жарық сәуле табады. Ақынның өзі айтпақшы, «заманға күйлемей, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» қуатымен өмір сүреді. Осы қасиеттердің игілігін өзі ғана көріп қоймай, айналасын нұрландырады. Абай атындағы №87 мектеп-гимназия өткізіп жатқан дүниеден біз соны ұқтық.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, ақын Алмахан Мұхамет­қа­лиқызы абайтанудың кейбір мәсе­лелері төңірегінде ой топтастырды. «1903 жылы Абай үйіне тінту жүргізілді, биыл соған 120 жыл толып отыр және ол тінтудің осы Ақмола өңірімен байланысы бар. Бұл да тарих. Зерттеушілер бұған да бет бұрса, үлкен жұмыс болар еді. Абайды танытуға тек тіл, әдебиет мамандарының ғана емес, тарихшы ғалымдардың да еңбегі қажет. Ақын үйі неге тінтілді, Шәймерден Қосшығұлов деген кім, Астананың іргесіндегі Қосшы қаласы туралы не білеміз? 1903 жылы Абай «Жалын мен оттан жаралған» деген жалғыз-ақ өлең жазыпты. Осы жалғыз-ақ шығармасы оның ғұмырлық азабы мен мехнатынан хабар береді», деді ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Екі оқушының диалог арқылы ақынның бірінші қара сөзін оқығаны сенімді әрі ұғымды шыққандай көрінді. Ойландыратын мұндай сөзге ұста оқушылардың аузынан шыққан насихат хакімнің өзі айтпақшы, «біреуден біреу алып елге тарап, сәулесі бар жігіттер бір ойланарға» саяды.

Абайды бойына сіңірген ұрпақ іске кірісер кез де келген сияқты...