Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ертіс-Баян өңір онкология сырқаты бойынша республикада үшінші орында тұр. Қоғам белсенділері мен медицина саласының өкілдері мұны аймақтағы нашар экологиялық жағдаймен байланыстырады. Өндірістегі алып кәсіпорындар, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығаратын еңбек ұйымдары мол шоғырланған. Оның үстіне кезінде аймақтың біраз бөлігі Семей полигоны аумағында болғандықтан, қауіпті дерттің азаймай тұруына кезіндегі атом бомбасы сынақтарының зардабы да қырсығын тигізуде деп болжанады. Мұндай себеп-дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Дей тұрғанмен, ақ желеңділер кейінгі жылдары онкологиялық аруларға қарсы күресте белгілі бір деңгейде жетістікке қол жеткізіп отырғанын айтып өткен абзал. Жаңа медициналық жабдықтарды қолдану, ерте диагностиканы кеңейту есебінен онкологиялық науқастардың бесжылдық өмір сүру көрсеткіші 51 пайыздан 57 пайызға дейін өскен. Бұл – отандық медицина саласы үшін жаман көрсеткіш емес.
Дәрігерлер қауіпті ісік аурулары бойынша ахуалды бұдан да жақсартуға болатынын, тек бұл жерде азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру керек екенін айтады. Бүгінде Денсаулық сақтау кодексінің талаптарына сәйкес азаматтар өмір жасының әр кезеңінде әртүрлі дертті ерте анықтау мақсатында скринингке шақырылады. Бұл тексеру – ауруды алдын ала анықтап, оңтайлы емдеу әдісін таңдауға, уақтылы ем-дом қабылдауға көмек. Өңірде енгізілген «жасыл дәліз» қағидаты қатерлі ісікті дер уақытында айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, осындай медициналық тексерулердің нәтижесінде жыл басынан өңірдегі 56 тұрғыннан онкологиялық дерт түрлері анықталған.
Облыстық онкологиялық диспансерде жылдың алғашқы жартысында 3,8 мың адам емделген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 800 емделушіге көп.
– Онкологиялық аурулардың құрылымы бойынша алып қарасақ, коллоректальды қатерлі ісікке шалдыққандар көш бастап тұр. Одан соң сүт безі обыры, өкпе, асқазан, жатыр мойнының қатерлі ісіктері де көбейіп келеді. Ал өкпе ісігіне шалдыққандар арасында өлім көп. Мұндай диагноз қойылғандардың 17 пайызы дүние салған. Ал коллоректальды қатерлі ісікке шалдыққандар арасындағы өлім жағдайлары – 13,3 пайыз. Асқазан және сүт безі обыры мен ұйқы безінің қатерлігі ісігі бойынша да емделушілер арасында қайтыс болып кеткендер аз емес. Мұндай сұрықсыз статистика тұрғындардың диагностика шараларына кеш келіп, ауруды өткізіп алуынан туындап отыр, – дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Жоғарыда атап өткендей, сүт безі, жатыр мойны және коллоректальды қатерлі ісіктерін ерте анықтау үшін медициналық скринингтер жүргізіледі. Биыл жеті айда сүт безі обыры бойынша 23 мыңнан аса әйел тексеруден өткен. Өкінішке қарай, 34 әйелден қатерлі дерт тіркелді. Скринингтің мұндай түрі 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер арасында жүргізіліп, тұрғындар төрт жылда бір рет міндетті түрде тексеріліп тұруы шарт. Ал жатыр мойыны қатерлі ісігі жөнінен 21 мыңдай әйелге диагностикалық тексеру жасалып, 11 адамда онкологиялық ауру анықталған. Ерлер мен әйелдер арасындағы коллоректальды ісікті анықтау бойынша тексерулермен 33 мыңнан аса азамат қамтылған. Бұл бойынша тағы 11 адамның ауыр дертке шалдыққаны тіркелді.
Жалпы, өңірде онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау тексерулердің 30 пайызында мәлім болады екен. Республика бойынша ерте диагностикалау көрсеткіштерінің нәтижесі 30,3 пайыз болса, бізде ол 30,7 пайызды құрап отыр. Дәрігерлер еңбегінің арқасында ағзасында дерт енді тарала бастаған азаматтар бақылауға алынып, сапалы ем-домның нәтижесінде ауруынан құтылып жатқандардың саны аз емес көрінеді.
Өңірлік онкологиялық диспенсердегі ұйымдастыру-әдістемелік бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Асқарова қазіргі күні емдеу ұйымында 13 025 адам арнайы медициналық тіркеуде тұрғанын жеткізді. Кейінгі 6 айда диспансерге жаңадан 1 254 адам тіркеуге алынған (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 1 155 адам тұрған). «Коллоректальды және жатыр мойыны қатерлі ісіктеріне шалдыққандар жиі анықталып жатыр. Әйелдерде сүт безі обыры мен жатыр мойыны ісіктері, ал ер адамдарда асқазан және коллоректальды қатерлі ісіктері көп кездеседі. Жылдың алғашқы жартысында 1 273 адамда жаңадан қатерлі ісік анықталды. Тіркелген жайттардың басым бөлігі Павлодар қаласына қатысты, шаһар бойынша 708 адамның ауырғаны белгілі болды», дейді ол.
Атап өтерлігі, облыста былтырдан бері «жасыл дәліз» қағидаты жүзеге асып жатыр. Науқас адам мамандардан кеңес алып және амбулаториялық жағдайда қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдікке ілінсе, ол түрлі тексерулерге кезектен тыс бағытталады. Барлық диагностикалық анықтау шаралар жиыны екі-үш апта көлемінде жүргізіледі екен. Бұл жаңашылдық қатерлі ісік диагнозын қою кезінде емделушілердің диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Онкологиялық диспансерде «Ахуалдық орталық» жұмыс істейді. Орталықтың күш-қимылы онкологиялық дертті бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде анықтап, науқастың мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізілуіне, одан әрі сапалы ем алуына бағытталған.
Павлодар облысы