Сенат • 15 Тамыз, 2023

Халықпен байланыс маңызды

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Билік тармақтары мен оның барлық деңгейінің бірлескен жұмысы тиімді заңдар қабылдаудың кепілі және оларды орындау елдің одан әрі дамуына ықпал етеді. Сенатор Бекболат Орынбеков бұл жөнінде Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты.

Халықпен байланыс маңызды

 

Депутат сапар барысында өңірдегі әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарымен танысты. Соның аясында ол №16 Жуалы колледжінде және «Бауыржан Момышұлы – Береке-Жұрымбай» бағытындағы жолда атқарылып жатқан жұмысқа назар аударды. Сондай-ақ үш қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Сонымен қатар сенатор аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өткен сессиядағы Сенат қызметінің қорытындылары туралы айтып берді, жергілікті жердегі әріптестерін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.

«Сенат депутаттары ел дамуына тікелей әсер ететін аса маңызды заңдарды қабылдау үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ біз қабылданған заңдарға да түзетулер енгізу ісіне баса мән береміз. Бұл ретте халықпен кері байланыстың маңызды екені сөзсіз. Сол үшін де шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесуге үлкен көңіл бөліп отырмыз. Біз бірлескен күш-жігердің арқасында ғана тиімді және әділетті заңдар қабылдаймыз», деді кездесу барысында сенатор Бекболат Орынбеков.

* * *

Сенат депутаты Ғауез Нұрмұхамбетов «Kostanay Invest 2023» инвестициялық форумының жұмысына қатысып, Қостанай облысының инвестициялық әлеуетін арттыру мәселелеріне назар аударды.

Іс-шараға қатысушылар Қостанай облысының инвестициялық әлеуетін кеңейтуге ықпал ететін өндірістік және әлеуметтік саладағы жобалармен танысты.

«Облыс экономикасын одан әрі дамыту үшін белсенді түрде инвестиция тартудың маңызы зор. Осы форумда көпшілікке таныстырылып отырған жобаларды іске асыру өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыратыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына тың серпін береді», деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сонымен қатар сенатор форум барысында айтылған барлық ұсыныс өңдеу өнеркәсібі саласын реттейтін қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру кезінде ескерілетінін жеткізді.

п

* * *

Сенатор Нұртөре Жүсіп Қызылорда облысы Шиелі ауданы №159 орта мектептің ұстаздарымен кездесті.

Кездесуде ол білім беруге, педагогтер мен сала қызмет­керлерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға және балаларды буллингтен қорғауға қатысты Парламент қабылдаған заңдар туралы айтып берді.

Депутат мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, білім ордасындағы кітапхананың қорына назар аударды.

«Кітап – сарқылмас даналықтың қайнар көзі. Біз ақылды және білімді ұрпақты тәрбиелеу үшін кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруымыз керек. Қазіргі таңда мемлекет ел кітапханаларын үздік кітаптармен толтыра отырып, сапалы білім алуға барлық жағдайды жасап келеді. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса береді деп сенемін», деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор кездесу соңында мектеп кітапханасына өзінің жеке жинағынан 150 кітап тарту етті.

р