Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев бастаған қоғам белсенділері, ақын-жазушылар, депутаттар қатысқан тойдың салтанатты ашылуы Ақан ауылында болғанымен, мерекелік іс-шаралар бір күн бұрын аудан орталығы Саумалкөлдің Ақан сері атындағы аудандық мәдениет үйінде республикалық ақындар айтысымен басталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 12 ақын қатысты.
Қостанайлық Айбар Рағатов пен көкшетаулық Нұрислам Әбділ шу дегеннен айтыстың додасын қыздыра түсті. Неше түрлі көркем тіркестер, әсем өрнектер көрермендерді бірден баурап алды. Ұсақ дүниелер емес, көңіл көкжиегін айқара ашқан тіркестер түйдек-түйдегімен ағытылды. Мысалы, Нұрисламның «көңілдің көтерейік заңғар көгін», Айбардың «Бір сәтте бір сөз таппай қалған ақын, Бір ғасырға ақымақ атанады» деген өлең жолдары көрерменнің көңілін аспанға көтеріп, күнделікті күйбеңнен алыстатып, жүрекке шат сезім құйды. Ақмолалық Ерлан Дәулет пен қызылжарлық Жұмабек Рахимовтың сөз сайыстары да сұлу, тапқыр ойларымен тең түсіп жатты. Қыз бен жігіт болып айтысқан алматылық Ақбота Манарбекова мен айыртаулық Дәулет Құрмаштың жарасты айтысы да көрерменді тәнті етті. «Көк тракторды дырылдатып жүрген едім Қара домбыраны дүңгірлетіп келіп қалдым...» деген жас ақын Дәулет «домбыраға шорқақ едім», дей отырып қыздың сұрауымен аспабын әсем күмбірлетіп, Ақанның «Балқадишасының» трагедиялық әнімен залды күңірентіп, өз өлеңін шырқап берді...
Жас ақындар Диас Аяған мен Нұрбек Бәкірдің айтысы да көрерменді тәнті етіп, күлкіге қарқ қылды. Әскерге барудан қашып, той өткізумен жүретін құрдасы Нұрбекті «Шоң билердің ұрпағы бүгінгі күн, Той жүргізетін шоумен болып кеткен бе» деген Диасқа Нұрбек те өзінің шымшымасын аямады... Айтыстың кульминациясы қарағандылық Мақсат Ақанов пен астаналық Әсем Ережеқызының сөз додасы болды. Бір-бірімен айтыста үнемі жұптасып қалатын екеуінің жарасты әзілдері көрерменнің көңілінен шығып жатты.
Ақындардың өткір тілі әлеуметтік мәселелерді де қалыс қалдырмады. Мәдениет үйінің аты әлі күнге Ақан серінің атына ресми түрде берілмегені де айтылып өтті. Кейбіреулердің Ақан серінің ұстазы Сегіз серіні жоққа шығарып жүргені де сын тезіне ілікті. Сонымен бірге осындай аламанға залдың көрерменге лықылдай толмағанын қағытып өткен ақындар да болды. Шынында, айтысқа негізінен осы аудан мен Көкшетау қаласынан ғана көрермендер келген екен. Оның бір себебі ауылдар жолдарының әлі толық жөнделмей жатқандығы болса, екінші себеп облыс орталығының жыр сүйер қауымын автобуспен әкелуді ұйымдастырмаған басшылар ісінің шалалығы екені даусыз.
Атақты ақын Дәулеткерей Кәпұлы бастаған әділқазылар алқасы көп салғыласып, ұзақ уақыт ойласып ақыры бас жүлдені қызылжарлық Жұмабек Рахимовқа беруді дұрыс деп шешті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей бұл жолы бақ Жұмабекті тапқандығы да әділетті болды ғой деп ойлаймыз. Он жасынан айтысқа қатысып жүрген ол бұған дейін аламанды жарып, бас бәйге алмаған екен. Бұл жолы 600 мың теңгелік бас бәйгені қанжығасына байлады. Жыр додасын жақсы ұйымдастырған Жарқын Жұпарханға да көрермен алғысын аямады.
Екінші күні Ақан серінің асы «Қонысы Абылайдың бір күндегі / Қазақтың әсем жері Арқасында» деп Ілияс ақын «Құлагер» поэмасында жырлаған Сарыарқаның төсіндегі, сері ауылының маңындағы кең жазықта жалғасқанын жоғарыда айттық. Мұнда алқа қонған ауылдай болып, қазақтың 10 киіз үйі тігіліпті. Солардың төріндегі кең сахнада тойдың салтанатты ашылуы болып, арты осы өңір өнерпаздарының концертіне жалғасты.
Спорттық алаңдарда қазақ күресі болды. Қазақ күресінде салмақ категориялары бойынша қызылжарлық Намық Нәбиев, Жамбыл ауданынан келген Мұхамед Халелов, айыртаулық Нұржан Қылмидинов, қызылжарлық Батырхан Қайырбек чемпион атанды. «Түйе балуан» атағын айыртаулық Әсет Жүнісов жеңіп алды. Қазақтың тойы бәйгесіз өткен бе? Алқалаған халықтың қанын қыздырған ат дүбірінің бәйгесі төрт түрлі қашықтықта болды. Құнан бәйгеде ақмолалық Айсұлтан Сағынбек, жорға жарыста алматылық Ділнұр Нұрмұқан, орта қашықтықта ақмолалық Айбол Бектенов, ал аламанда алматылық Еділ Таймерденовтің аты бірінші келіп, бәйге алды.
Сөйтіп, кең даланың төсін дүбірлетіп Ақан серінің асы берілді.
Солтүстік Қазақстан облысы