«Жыр жауһары» деп аталған поэтикалық дуэльге өңірдің әр қиырынан келген 16 жас ақын қатысты. Жеребе арқылы анықталған сегіз жұптан екінші кезеңге сегіз ақын іріктеліп шықты. Олардың ішінде жаңа есімдер де жоқ емес.
Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың саясында орналасқан «Ғибрат» мейрамханасында өткен іс-шарада жас ақындар еркін көсілді. Тіпті кейбірінің өлеңдерінен болашақ суреткер ақынға тән қолтаңба да аңғарылып тұрды.
Топқа түскен он алтының ішінде осалы жоқ. Содан да болса керек, іс-шараны ұйымдастырған жастар саясаты мәселелері басқармасы «бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы көрініп тұрар болса» деп жырлаған Төлеген Айбергеновтің өлеңін негізге алып, жеңілген ақындарды да құралақан қайтарған жоқ.
Поэтикалық дуэль қорытындысында
«О,қоңыр күз, өзіңе сыр ақтардым,
Үнсіздікті жалғанда ұнатқан кім?
Саған өлең оқып ем тыңдамадың,
Аспанға өлең оқып ем, жылап қалды»,
деп жырлаған құландық Әлімжан Шөңгербай жеңімпаз атанса, тараздық Ғайникен Маралтайқызы екінші, Жұматай Көксубай мен Сымбат Сұлтан үшінші орынға лайық деп танылды. Тағы бірнеше ақын арнайы аталым иегері атанды. Жүлдегер атанған ақындардың барлығына қомақты қаржылай сыйлық табысталды.
Жамбыл облысы