Ізетті келін – ұлт абыройы
Шымқаладағы баламыздың үйіне келгенімізге біраз болған. Жаңа ортаға тосыннан қосылған жанға бәрі де таңсық. Қолымыз бос болған соң бір мезгіл далада қыдырыстап, айналадағы көршілермен шүйіркелесуге пейілміз. Обалы нешік, олар да жатты жатырқамайтын жандар болып шықты. Әсіресе жас ұл-қыздарын айтсайшы. Көрген жерде сәлемдесіп, сызылып тұрғаны. Ондайда тіптен әуесің келіп, бастарынан сипап, бәйек боласың.
Ертелі-кеш бір мезгіл таза ауамен тыныстайтын әдетіміз бар. Сондай күндердің бірі еді. Ілби басып көшенің басына жете бергенімде, алдымызды кесіп өтпей, күтіп тұрған әйелзатын байқадық. Асығыс жан болса, алыста келе жатқан бізді күтпей-ақ өте берсе де болар еді, бірақ ақ орамал тартқан келіншек олай етпеді. Қасына тақап келіп қалған бізге ізетпен иіліп, сәлем салды.
– Көп жаса, қалқам, өркенің өссін! – дедік біз де өз тарапымыздан мына көргенді жанның әрекетіне шын пейілімізден риза болып.
Білмек ниетпен кейіннен сұрастырсақ, сәлем салған ибалы да ізетті келініміздің есімі Нұрай екен. «Ата-анаң есіміңді дұрыс таңдап қойған екен» дедік ішімізден. Тәлімді отбасынан тәрбие алған жас бүгінде бір отбасыны ұршықша үйіріп отырғанына қанықтық. Үлкен енесі Әлия өмірде көргені мен түйгені мол ел анасы, әулеттің ақылшы, тілеуқоры көрінеді. Сексеннің сеңгіріне жақындап қалса да әлі поштада еңбек етеді екен. Үлкен келіні Асмира да баласы Арман екеуі осы шаңырақта тату-тәтті тұрып жатқандарын білдік.
Дәл сондай көргенді келіндердің бірі – Сандуғаш есімді жас. Ата-енесі Мұхтар мен Гүлсара бізбен көрші, ақкөңіл, аңқылдақ жандар.
Ибалы да ізетті келіндер – ұлтымыздың абыройы. Әмсе олардың қатары көбейе бергей деп тілейік.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
ШЫМКЕНТ
Еңбек бағалануымен құнды
Мен ертеден келе жатқан «Іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданы күні бүгінге дейін жоғары бағалаймын және оның қай кезде болса да өз қадір-қасиетін жоғалтпайтынына сенімдімін. Өйткені қай жерде кадр іскер, мықты әрі білімді де жауапты болса, сол жердің ісі қашанда өнімді, берекелі әрі жемісті.
Осындай білімді де білікті кадрдың бірін мен аудан орталығындағы М.Әуезов мектебінен кезіктірген едім. Бұл мұғалімнің бірінші кезекте бойындағы сабырлы да салмақты мінезі ұнады, өзіне тартып ала жөнеледі екен. Нағыз педагогке тән қасиет. Дәл осындай адам сүйсінер мінезге ие кадр, тұтастай алғанда, білімді де парасатты болып келеді.
Біз сөз етіп отырған мұғалім – тарих пәнінен сабақ беретін Үржан Сапарбекова. Аз-маз сөйлесіп, пікір алмасып тұрған сәттің өзінде оған жиі-жиі «апай» деп келіп сұрақ қойып, жауап алып жатқан оқушылардың қатары көп болды. Сондай-ақ әріптестерінің де оған деген жоғары ілтипаты жөн сұрасқандағы бірауыз сөздерінен анық байқалып тұрды. Мұны біз бірінші кезекте сыйластықтың, екіншіден, Үржан сынды ұлағатты ұстазға деген ерекше құрметтің белгісі деп ұқтық.
Әңгіме арасында үлгілі ұстаз өзінің әрбір жылдардағы пән олимпиадаларында үздік шыққан оқушылары ішінен Аружан Орынбекованы, Әбдіхалық Мұхамеджанды, Ыдырыс Назерке мен Сая Ғалымжанқызын ерекше атай келіп, басқа да көптеген оқушының жетістіктерін мақтан тұтатынын айтты. «Әрине, бірнеше шәкіртім түрлі олимпиадаларда өздерінің озық білім деңгейлерімен көзге түсіп, тиісті марапаттарға ие болып жүр. Бұл – мен үшін үлкен жетістік», дейді Үржан Сәкенқызы.
Үржанның өзінің де түрлі тараптан алған «Алғысхаттары» көп болып шықты. Соның ішінде шоқтығы биік деп облыс әкімінің қолынан алған марапатты айтуға болады. Неге десеңіз, облыс әкімі бұл Алғысхатында: «Ұстаздық салада атқарған үздік қызметі үшін!» деп айшықтай көрсетіпті. Бұған қоса қомақты материалдық сыйлығы да бар екен. Ұстаз бақыты деген еңбегінің дәл осылай бағалануынан құралса керек.
Серікбай ТҰРЖАН,
Қазақстанның құрметті журналисі
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы
Ауылдағы көркем демалыс
Жаз басталысымен оқушылардың ата-аналары ауыл балаларының демалысын қалай өткізуді жоспарлайды. Әрине, барлығы бірдей лагерьлерге жібере алмайды, осындайда аула клубтарының жазғы танымдық жұмыстары көп көмегін тигізеді. Балалар тұрғылықты жерінен алыстамай-ақ, жазғы үйірмелерде шығармашылықпен айналысып, жаңа достарымен бірге уақытты қызықты өткізеді.
Бейнеу ауданында өнер мектебі жанынан ашылған 7 аула клубы жұмыс істейді. Аула клубы дегеніміз – балалар мен жасөспірімдерді мектептен тыс уақытта мәдени тәрбие мен қосымша әртүрлі саладағы үйірмелерге баулитын, оларға тәрбие беретін ұйым түрі. Клубта балалар тек белгілі бір салаға машықтанып қана қоймай, рухани да демалады және қоғамдық іс-шараларға өз үлестерін қосады.
Жазғы демалыс кезіндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, аула клубтарының жазғы үйірмелерінде бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балауса бағым, шаттық пен қуаныш ордасы» мерекелік концерті көрермендер көңілінен шықты. Домбыра үйірмесі ұйымдастырған «Құлшар Бақтыбайұлы шығармалары» тақырыбындағы шығармашылық кеш пен 1 шілде – Ұлттық домбыра күніне арналған күй жарысқа, «Өнерді үйрен де жирен» атты күй тартыс іс-шараларына да балалар үлкен белсенділікпен қатысты.
Басқа үйірмелер де өз бағыттары бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, балалардың көңілді демалуына үлес қосты. Мұнымен бірге, балалар аудандық кітапхана, мұражайға саяхаттап, кітап оқып, «Менің отбасым» тақырыбында шығармалар жазды, «Әдептілік – әдемілік» тақырыбында мақал-мәтел сайыстарында білімдерін толықтырды. Ертегілер кейіпкерлерін сомдап, «Ертегілер еліне саяхат» жасады.
Бұл арада оқушылардың бос уақытын дұрыс пайдалануларына бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеген аула клубтары педагогтерінің еңбегін де ерекше атап өткен жөн.
Әсем ШОНТЫБАЕВА,
Құлшар Бақтыбайұлы атындағы Бейнеу
балалар өнер мектебінің директоры
Маңғыстау облысы